Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ шыңын бағындырған егіздер

ҰБТ шыңын бағындырған егіздер

Мектеп бітіріп, әртүрлі мамандықтың тізгінін ұстайтын, кәсіп иесі атануға асығатын жастардың 11 жылдық білімін сарапқа салып, үлкен өмірге жасалатын қадамның алдында көңілге тоқығанын бір пысықтайтын жауапты кезең Ұлттық бірыңғай тестілеу.
Сыр өңірінде білім саласына жасалған қолдау мен жүйелі жүргізіліп келе жатқан жұмыстың нәтижесі бүгінде нақты жетістіктермен көрініс табуда. Осының айқын дәлелі – 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтетін ҰБТ-ның алғашқы кезеңінде Шиелі ауданы, №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушылары, егіз түлектер Кәусар мен Гауһар Алтынсарының өздерін биік межеден көрсете білуі.

Таңдау пәндері – ағылшын тілі, дүниежүзі тарихы ­комбинациясы бойынша қос түлек IELTS халықаралық емтиханынан 7.5 балл алып, ҰБТ-ның көрсеткіші бойынша Кәусар Алтынсары мүмкін болған 140 балдың 140-ын иеленсе, Гауһар Алтынсары 139 балл жинады. Бұл – олардың білімге деген құштарлығы мен табанды еңбегінің жемісі.
Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөз бар. Кәусар мен Гауһардың осындай жетістікке жетуінің тағы бір себебі – ұстаздың берген білімі, ата-ананың сенімі. Әкелері Қанат Әмзе Шиелі ауданы бойынша білім бөліміне қарасты №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінің директоры, құқық пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарса, аналары ­Индира Тоқсанбаева «Айналайын» бөбекжай-бақшасының әдіскері. Мінекей, осындай қасиетті шаңырақтың перзенттері бүгінде ата-ана үмітін ақтап, аудан абыройын асқақтатты.
Алтын ұясынан өз білімдерін дәлелдеп, қанаттанған әрбір түлектің өмір жолы жарқын бастамаларға толы болып, ел абыройын асқақтата берсін дейміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
27 мамыр 2026 ж. 69 0