Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сазының сырлы мекені

Сазының сырлы мекені

Шиелі десе, көпшілік ең алдымен еңбек адамын, Сырдың дарқан даласын елестетеді. Бірақ бұл өлкенің тағы бір қазынасы бар. Ол – жыр мен әнге айналған рухы. Осы рухтың үнін өшірмей, келер ұрпаққа жеткізіп отырған киелі орындардың бірі – Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейі.
Бұл музейдің табалдырығын аттаған сәттен-ақ өнердің әлеміне кіргендей күй кешесің. Іштегі тыныштықтың өзі домбыра үні сезілетіндей әсер береді. Музей Сыр сүлейі, ақын әрі композитор, жырау әрі әнші Нартай Бекежановтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Замандастары оны «заман бұлбұлы» деп бекер атамады. Себебі Нартайдың дауысы елдің мұңы мен қуанышын арқалаған үн еді.
Музей 1993 жылдың 25 қазанында Қызылорда облыстық атқару комитетінің қаулысы негізінде ашылды. Ғимараттың өзі алыстан көз тартады. Екі қабатты, қос күмбезді, шығыс үлгісінде салынған музей сырт келбетімен-ақ өнер мен руханияттың ордасына ұқсайды.
Залдардың бірінде ақынның сарғайған суреттері тұр. Бірінде ел аралап жүрген сәттері бейнеленген. Сонымен қатар мұнда ақынның құжаттары, жеке заттары, шығармашылығына қатысты мұралар жинақталған. Ал оның өнердегі ізбасарларына арналған бөлім Сыр өнерінің үзілмеген жібін көрсетеді. Нартайдан басталған ән мен жыр дәстүрінің кейінгі буынға қалай жалғасқаны анық сезіледі.
Музейдегі киіз үй іші де ерекше әсер қалдырады. Ондағы тұрмыстық бұйымдар мен этнографиялық жәдігерлер бір дәуірдің тынысын сақтап қалған. Ағаш кебеже, зерлі текемет, ескі самаурын, сандықтар… Бұлардың бәрі кезінде күнделікті өмірдің қарапайым бөлшегі болғанымен, бүгінде тұтас халықтың болмысын танытатын құндылық.
Музей қорында бүгінде 16 мыңнан астам экспонат сақтаулы. Әр жәдігердің өз тарихы бар. Кейбірінің артында бүтін бір тағдыр тұруы мүмкін. Сол себепті музей қызметкерлерінің жұмысы сырт көзге байқалмайтын үлкен жауапкершілікпен өлшенеді.
Сондай-ақ ғылыми қызметкерлер түрлі зерттеу жұмысын жүргізіп, мақалалар мен жобалар әзірлейді. Конференциялар, кездесулер, мәдени кештер ұйымдастырылады. Яғни музей үнемі қозғалыстағы рухани орта деуге болады.
Музей меңгерушісі Ғабитбек Көшекбаев 2011 жылдан бері қара шаңырақтың жұмысын жүргізіп келеді. Мұндагі онға жуық қызметкер тұтас бір өнер дәуірін көздерінің қарашығындай сақтап, деріптеуде.
Музейден шыққан адам тек мәлімет алып қайтпайды. Ішінде әлдебір сағыныш оянып, қазақы өнердің қадірін тереңірек сезініп шығады. Себебі мұнда экспонат емес, тірі өнер бар.

Гүлхан ЯХИЯ
19 мамыр 2026 ж. 1 0