Мейіргер еңбегі – жауапкершілік пен тәжірибе мектебі
Адам жанына араша болып, ақ халатты абыроймен арқалау – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін мамандық. Әсіресе, мейіргерлік қызмет – мейірім мен кәсібилікті қатар ұштастыратын ерекше сала. Денсаулық сақтау жүйесінің үздіксіз жұмысында мейіргерлердің орны қашанда айрықша. Науқасқа алғашқы қамқорлық көрсетіп, ем-домның нәтижелі болуына ықпал ететін де – осы сала мамандары.Аудандық денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, кәсіби тәжірибесімен дараланған ардагер мейіргерлердің еңбегі әрдайым құрметке ие. Солардың қатарында аудандық ауруханада әр жылдары түрлі бөлімшеде аға мейіргер қызметін атқарған Күлжан Мейірманова, Күлжарқын Ешмұратова және Қалыш Палманованы ерекше атауға болады. Олардың еңбек жолы – тек жеке кәсіби қалыптасудың үлгісі ғана емес, сонымен қатар ұжымдық тәжірибенің, сабақтастық пен тәртіптің берік қалыптасуына ықпал еткен тағылымды кезеңдердің көрінісі.
Бұл мамандар еңбек еткен жылдары аудандық медицина саласында бірқатар өзгеріс пен жаңашылдық жүзеге асырылды. Осындай жауапты кезеңдерде олар өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, бөлімшелердің жұмысын үйлестіруде, ішкі тәртіптің сақталуында және санитарлық талаптардың орындалуында табандылық танытты. Әсіресе, «Тазалық – денсаулық кепілі» қағидасын күнделікті қызметінің басты ұстанымына айналдырып, емдеу мекемелеріндегі тәртіп пен тазалық мәдениетінің нығаюына үлес қосты.
Мейіргерлік қызметтің басты міндеттерінің бірі – пациентке қауіпсіз әрі сапалы медициналық көмек көрсету. Осы бағытта ардагер мейіргерлер бөлімше жұмысын ұйымдастыруда, мейіргерлік күтім талаптарын сақтауда және медициналық құжаттамаларды жүргізуде мол тәжірибелерін тиімді пайдалана білді. Заманауи технологиялар мен жаңа әдістерді енгізу барысында да белсенділік танытып, жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлді.
Жас буынға бағыт-бағдар беру – олардың еңбек жолындағы маңызды міндеттердің бірі болды. Еңбекке енді араласқан жас мейіргерлерге тәжірибелік көмек көрсетіп, кәсіби тәрбие беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде бөлімшелерде тұрақты әрі білікті кадрлық орта қалыптасып, кәсіби сабақтастық жалғасын тапты.
Ардагер мейіргерлердің еңбегі белгілі бір уақытпен ғана шектелмейді. Олардың қызметі – аудандық денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қосылған сүбелі үлес. Ұйымдастырушылық қабілеті, еңбекке адалдығы мен кәсіби ұстанымы бүгінгі буын үшін де өнеге боларлық.
Жыл сайын 12 мамырда аталып өтетін Халықаралық мейіргерлер күні – ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы орны мен еңбегін айшықтайтын ерекше мереке. Бұл күн мейіргер мамандығының маңызын дәріптеп қана қоймай, сала ардагерлерінің елеулі еңбегін ұлықтауға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, Күлжан Мейірманова, Күлжарқын Ешмұратова және Қалыш Палманованың көпжылдық қажырлы еңбегі – аудандық медицинаның қалыптасуы мен өркендеуіне қосылған маңызды үлес. Олардың кәсіби тәжірибесі мен қалыптастырған жұмыс мектебі әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Бұл – адал еңбек пен мамандыққа деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
М.Кеңесұлы










