ҰБТ – қорқыныш па, мүмкіндік пе?
Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектер үшін ең маңызды кезеңдердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу, яғни ҰБТ. Бұл сынақ әр оқушының болашағына әсер етеді. Сондықтан көптеген оқушылар ҰБТ жақындаған сайын уайымдап, қорқыныш сезіміне беріледі. Кейбіреулер оны өмірдегі ең қиын сынақ деп қабылдаса, енді біреулер болашаққа бастар мүмкіндік ретінде көреді. Сонда ҰБТ шынымен қорқыныш па, әлде мүмкіндік пе?Менің ойымша, ҰБТ – ең алдымен мүмкіндік. Себебі бұл тест арқылы оқушы өз білімін дәлелдеп, жоғары оқу орнына түсуге жол ашады. Әсіресе грант иегері атану – барлық түлектің арманы. ҰБТ оқушыны жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және уақытты бағалауға үйретеді. Тестілеуге дайындалу барысында адам өз мақсаты үшін еңбек етудің маңызын түсінеді.
Дегенмен, қазіргі кезде көптеген түлектер ҰБТ-дан қатты қорқады. Оның басты себептерінің бірі – қоғамның қысымы. Кейде ата-аналар мен мұғалімдер жоғары балл алуды талап етеді. Соның әсерінен оқушылар өздерін басқалармен салыстырып, қатты күйзеліске түседі. Әлеуметтік желілерде жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларды көріп, кейбір жастар өз мүмкіндіктеріне күмәндана бастайды. Алайда бір ғана тест адамның болашағын толық шешіп тастамайды. Өмірде ҰБТ-дан бөлек те көптеген мүмкіндік бар.
ҰБТ-ның қорқыныш болып көрінуі көбіне дайындыққа байланысты. Егер оқушы уақытын дұрыс жоспарлап, жүйелі түрде дайындалса, сенімділігі де артады. Ал дайындықсыз келген адам үшін кез келген емтихан қиын болады. Сондықтан ең бастысы – өзіңе сену және еңбектену. Әр адамның қабілеті әртүрлі екенін ұмытпау керек.
Сонымен қатар, ҰБТ оқушыларға өз мамандығын таңдауға да көмектеседі. Түлек қай пәнге бейімі бар екенін байқап, болашақ мамандығына жақындай түседі. Бұл – адамның өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан ҰБТ-ны тек сынақ емес, жаңа өмірге бастайтын баспалдақ ретінде қарастыру қажет.
Қорытындылай келе, ҰБТ – қорқыныш емес, мүмкіндік. Қорқыныш адамның өз ойынан туындайды. Ал білім мен еңбек әрқашан жақсы нәтиже береді. Әр оқушы өзіне сеніп, мақсатына қарай қадам жасаса, міндетті түрде жетістікке жете алады. Ең бастысы – сабыр сақтап, талмай еңбектену. Сонда ҰБТ болашаққа ашылған үлкен мүмкіндікке айналады деген ойдамын.
Жансая МырзакерІм,
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы







