ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТЕСТІЛЕУІ БАСТАЛДЫ

Өткен жылы облыста барлығы 8 240 оқушы 11-сыныпты аяқтаса, оның ішінде Шиелі ауданы бойынша 38 орта мектептегі 868 түлек алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қанат қақты. Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, былтырғы оқу жылында ҰБТ-ның І кезең қорытындысымен ауданның орташа балы 76 болса, ІІ кезең қорытындысымен орташа балл 77-ге жеткен. Ал 100-ден жоғары балл жинаған түлек саны 107, сондай-ақ 53 түлек шекті баллдан төмен жинаған. Былтыр мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 620 аудан түлегінің 498-і мемлекеттік грант иегері атанған. Бұл конкурсқа қатысушылардың 80 пайызы грант иегері деген сөз. Мемлеткеттік оқу грантын жеңіп алған түлектердің басым көпшілігі педагогикалық мамандықтарды таңдаған. Оқушылардың грант иелену үлесінің көрсеткіші бойынша №149,40,142,153,243,228 мектептерінде 100 пайызға орындалған. Бұл деректерге не үшін тоқталдық? Себебі, биылғы оқу жылындағы түлектер үшін маңызды сәт таяп, 11 жыл алған білімін сынақтан өткізер кезең де келіп жетті. Қаңтар айында бастау алған Ұлттық біріңғай тестілеудің алғашқы кезеңі 10 ақпанға дейін жалғасады. Дайындыққа қызу кіріскен оқушылар осы уақыт аралығында белгіленген аймаққа барып тесттен өтеді. – 2024-2025 оқу жылында аудандағы 34 орта мектептің 11-ші сыныбында 1122 оқушы білім алуда. 2025 жылдың 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығындағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 1002 бітіруші түлек өтініш берген. Бұл биылғы мектеп бітірушілердің 90 пайызын құрайды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда биыл қатысу көрсеткіші жоғарылады. Ендігі кезекте оқушылардың жан-жақты дайындалу, тыңғылықты іздену, сапалы білім алуын көрсететін сәтте жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыстар жүргізудеміз. Қазіргі уақытта үнемі бақылауда ұстап, оқушылардың сапалы білім алуы үшін тиісінше барлық жағдайларды жасаудамыз, – дейді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетов. Иә, расымен де бұл бей-жай қарайтын мәселе емес. Тестілеуде оқушының білімімен қатар, оның артында тұтас бір ауданның мектептегі білім деңгейінің көрсеткіші тұрғаны анық. Сондықтан оқушылардың сын сағаттан сүренбей өтіп, жинаған білімін еркін іске асырып, жоғары балл жинауын тілейміз.
М.ИБРАГИМ