СЫНАҚ. СӘТ. СЕНІМ
«Қоштасар сәттің алтын ұяммен,
Байқамай қалдым келіп жеткенін»...
Иә, кезекті оқу жылы аяқталып, он бір жыл бойы мектеп табалдырығында білім алған түлектердің үлкен өмірге қанат қағуына да саусақпен санарлық күндер қалды. Жауапкершілікті қажет ететін кезең алдында алтын ұя, аяулы мекенге айналған білім ордасымен қоштасу кез келген шәкірттің жүрегіне қимастық сезім ұялатары анық. Ертеңгі күнге елеңдеп жүрген жасөспірімге осы тұста қоғамның қолдауы аса қажет. Себебі алдағы уақытта оларды «сындарлы сәт» күтуде.
Байқамай қалдым келіп жеткенін»...
Иә, кезекті оқу жылы аяқталып, он бір жыл бойы мектеп табалдырығында білім алған түлектердің үлкен өмірге қанат қағуына да саусақпен санарлық күндер қалды. Жауапкершілікті қажет ететін кезең алдында алтын ұя, аяулы мекенге айналған білім ордасымен қоштасу кез келген шәкірттің жүрегіне қимастық сезім ұялатары анық. Ертеңгі күнге елеңдеп жүрген жасөспірімге осы тұста қоғамның қолдауы аса қажет. Себебі алдағы уақытта оларды «сындарлы сәт» күтуде.
Биыл облыста барлығы 8 240 оқушы 11-сыныпты аяқтаса, аудан бойынша негізгі 38 орта мектепте 870 түлек алтын ұясымен қоштаспақ. Бәрінің көкейінде үлкен үміт, әрқайсысы әртүрлі мамандық иесі атануға асығып-ақ тұр. Мектеп қабырғасында жүріп, дағдылы дәріс алып үйренген шәкірттер ендігі кезекте он бір жыл алған білімінің нәтижесін көрсету үшін сынақ тестін тапсырады. Бұл Ұлттық бірыңғай тестілеу – білімді бағалаудың жүйелі тәсілі. Десе де, осындай сәтте ерекше қобалжудың болары анық. Сенімсіздік пен қорқыныш сезімдері тағы бар. Әрине, бұл адам өміріндегі маңызды сынақтардың бірі болғанымен, оның көрсеткіші болашаққа кедергі болмайтынын ұққан дұрыс. Бұл пікір қазірде үйреншікті нәрсеге айналған шығар. Алайда сіздің де, біздің де осы сынақтан өткеніміз рас. Бітіруші түлектердің қазіргі сезімдерін бағамдай жүріп, олардың басым бөлігі үрей мен үміттің жетегінде жүргенін байқадық. Қалаулары – жақсы нәтиже, жоғары көрсеткіш көрсету.
– Мектепте он бір жыл бойы білім алғаннан кейін, ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткім келеді. Бір жағынан, ата-анамның үмітін ақтасам деймін. Қажет балл жинап, грантқа түсер болсам, бұл мен үшін үлкен қуаныш болар еді. Себебі жанымыз қалаған мамандықта тегін оқу – көбінің үлкен арманы, – деді олардың бірі.
Қосылмасқа болмайды. Оқушы үшін 11 жыл аз уақыт емес. Ал тестілеуден жоғары нәтиже көрсету – оның алда әлі де бағындыратын белестерінің алғашқысы болар еді. Бір жағынан, қазіргі таңда сынақты жылына бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі талапкерлерге үміт сыйлап, үрейден арылуға сеп болуда.
Мәселеге үлкен буын тарапынан да қарап көрелік. Бұрындары сынақ алаңы алдында ата-ана үмітінің аса маңызды болғанын байқайтынбыз. Бұның соңы «Ел-жұрттан ұят болмасын!», «Шығынды ақтайтындай нәтиже көрсетуге тырыс!» немесе мұғалімдердің «Мектеп абыройына кір келтірме!» деген сияқты пікірлеріне әкеп соғады. Мұндай сөздер өзі терең ой үстінде жүрген жанды екі есе күйзеліске түсіруі мүмкін.
Көпке топырақ шашпаймыз. Ата-аналар тарапынан: «ҰБТ-дан соң өмір аяқталып қалмайды. Бұл – уақытша сынақ. Балама үнемі тілекшімін. Жақсы балл жинап, грантқа түссе, ол үшін қуаныштымыз. Ал егер жолы болмаса, ештеңе етпейді. Бұл оның қалаған оқу орнында білім алып, жаны сүйген мамандық иесі атануына кедергі емес» деушілер де болды.
Болашақ талапкерге қойылатын жауапкершілік үдесінен шығу үшін қайтпек керек? Немесе тестілеу алдында еріксіз күйзеліске тап болу қалыпты нәрсе ме? Осы ретте психолог маманының да кеңесіне құлақ түруді жөн көрдік. Аудандық көпбейінді орталық ауруханасының психологы Зульфия Жағыпбарова ҰБТ алдында бітіруші түлектердің әдетте қобалжу, қорқыныш, ұйқысыздық, сенімсіздік секілді сезімдерді жиі сезінетінін айтады. Әрі осы уақытта балаға үлкендер тарапынан қолдау білдірудің маңызды екенін атап өтті.
– Ең алдымен, ҰБТ – өткінші сынақ екенін есте ұстаған жөн. Ал оның нәтижесі әртүрлі болуы мүмкін. Өмір тек бұл сынақтан тұрмайды, осы сәттегі кішігірім сәтсіздіктер уақытша ғана болмақ. Ата-ананың, мұғалімдердің қолдауы бұл кезеңде аса маңызды. Балаңызға оған сенім білдіретініңізді, кез келген сәтте онымен бірге екеніңізді, әр шешімін құрметтейтініңізді жиі айтыңыз, – деді Зульфия Тұрмағанбетқызы.
Сонымен қатар психолог маман тестілеуге дайындық үшін атқарылатын кеңестермен де бөлісті.
Әуелі, жұрттың айтуына сенбеңіз. ҰБТ-ны әлі тапсырып көрмегендіктен, сынақтан өткен адамдардан ақыл-кеңес сұрауды жөн көреміз. Дегенмен, олардың айтуына еріп, әртүрлі әрекетке барғаннан гөрі өзіңізге сенгеніңіз абзал.
Қосымша кітаптар оқыңыз. Иә, шалыс естіген жоқсыз. Бұл дайындық барысында сіздің стресске, шаршаңқылыққа, жалығуға түспеуіңізге көмек береді. Бір жағынан, жеңіл әрі қызық әдебиеттер оқу арқылы сіздің кітап оқуға деген шабытыңыз әрі қарай ашыла түседі.
Ұйқыңыз қалыпты болсын. Ұйқы – біздің өміріміздегі басты процесс. Ол бұзылса, иммунитет әлсірейді, бүйрек, бауыр, көзге ауыр күш түседі. Егер сынақтан жақсы балл алғыңыз келсе, керісінше, таңертең ерте тұруға кеңес беремін.
Күніңіз жоспарлаумен басталсын. Сонда кешке жатар алдын өзіңіздің не істеп, не қойғаныңызды біліп, күніңіздің босқа өтпегеніне сенімді боласыз.
Иә, еркелік кезеңі тәмамдалып, ақыл мен білім сыналар шақ таяу. Биыл еліміздегі білім ошақтарынан ҰБТ-ға мектеп бітіруші түлектердің 89,7 пайызы немесе 7 391-і қатысады деп жоспарлануда. Сын сағатта талапкерлермен табандылық қатар жүрсе игі. Бастысы, қателесуден қорықпаған жөн.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ