ҚАЗАҚ ҰРПАҒЫН ҮШ-АҚ АУЫЗ СӨЗБЕН ТӘРБИЕЛЕГЕН
Қай халықтың да рухани құндылығы оның тарихымен бiте қайнасып, астасып жататыны белгiлi. Ұлттың рухани жаңғыруы оның тамыры терең тарихын зерделеуден, ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлт құндылықтарын жiтi зерттеуден басталады. ҚР бiлiм беру саласының үздiгi, тоқсан жастағы ұстаз, Шиелі ауданының құрметті азаматы Сейітхан Тұрысбеков ақсақалды әңгiмеге тартып, ұлттық құндылықтар төңiрегiнде бiрнеше сауал қойдық.– 40 жыл ғұмырыңызды шәкiрт тәрбиесi мен бiлiмiне арнадыңыз. Оның iшiнде ұзақ жыл орта мектеп директоры болдыңыз. Ұрпақ мәселесi қай кезде де маңызды. Әсiресе, соңғы уақытта жиi қозғалып, қоғамдық талқылауға өзек болып отыр. Заманауи ұрпақ қалыптастыру үшiн не қажет? Тәжiрибелi педагог ретiнде пiкiрiңiздi ашып айтыңызшы.
– Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшiлдiк сана орнықпасы белгiлi. Ал тарихи сананың негiзi ұлттық болмыста жатыр. Әлемдiк өркениет көшiне ұлттық сипатымызды сақтай отырып iлесу Жаңа Қазақстанның негiзгi өзегi. Осындай игi бастамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлi мiндет. Өз басым жаңалыққа қарсы емеспiн. Көптiлдiлiкке де көзқарасым дұрыс.
– Сапалы бiлiм, саналы тәрбие деген сөз тiркесi бұрындары жиi айтылатын едi. Қазiр соның бiлiмi қалды да, тәрбиесi мүлде айтылмайтын болды. Бұл жөнiнде не дер едiңiз?
– Тәрбиеге өте үлкен мән беру керек. Бiздiң уақытта апта сайын тәрбие сабағы өтетiн… Данышпан бабамыз Әл-Фараби «Адамға ең бiрiншi бiлiм емес, тәрбие берiлуi керек, тәрбиесiз берiлген бiлiм адамзаттың қас жауы» десе, В.Белинский «Бала тәрбиесiне ерекше мән берiлуi керек, тәрбиенiң арқасында болашақ адамзат тағдырының негiзгi мәселесi шешiледi» деп өте орынды, көңiлге қонымды айтқан. Бала тәрбиесi – өте күрделi процесс. Оның күрделiлiгi бесiктен бастау алып, үнемi уақытпен бiрге алға жылжып отыратындығында. Балабақшада да, мектепте де, колледжде де, сондай-ақ жоғары оқу орнында да желiсi үзiлмей жүрiп отыруы тиiс. Тәрбиенiң тiзгiнi тегеурiндi болу керек. Сәл босаңсыса, бүкiл жүйе әлсiрейдi, еңбек еш болады.
– Балалар бақшасы туралы айтып қалдыңыз, ол жердегi тәрбие туралы пiкiрiңiз қандай?
– Баланы балабақшаға бередi. Берсiн. Онда ұлттық тәрбие жоқ. Ол жасырын емес. Бұрын бала бес жасқа келгенше ештеңе демеңдер дейтiн. Ендi соны айту керек деп жатыр. Ендi түсiнiптi. Тыйым жоқ жерде тәрбие болмайды, тәрбие жоқ жерде иман болмайды. Қазақ ұрпағын: «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Бұрынғы ата-әже жоқ қазiр... Зейнеткерлердiң бәрi бiрдей немерелерiн бағып-қағуға құлшынып отыр дей алмаймын.
Соңғы кезде қалта телефоны деген шықты. Бiр үйде отырып бiр-бiрiмiзбен сөйлесе алмаймыз. Әркiм өз телефонын шұқылап, өзiмен-өзi болып жатады. Бiр жасар баланың да қолында смартфоны бар. Балаларды сол тәрбиелеп жатыр. Бұл жақсылыққа алып бармайды...
– Үстіміздегі жыл ерекше жыл болып тұр. 15 наурызда болған референдумда Жаңа Конституция қабылдадық. Ол 1-шілдеден күшіне енеді. Өмiрiмiз бен өңiрiмiзде бiрқатар өзгерiс орын алуда. Серпiндi iстер де жоқ емес. Сiздiң көңiлiңiзге қона ма?
– Жаңадан қабылданған еліміздің негізгі Заңы туралы әркiм әр түрлi айтып жатыр. Кездесуде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сары уайымға салынудың еш қажетi жоқ екенiн жеткiздi. Инфляция 5-6 пайызды құрайды, керiсiнше, өндiрiсте 4-5 пайыз алға жылжу бар. Алтын қорымыздың жартысы жұмсалып кетiп, жартысы қалғанының өзiнде де бiздi ұстап тұруға қауқары жетедi екен.
Қазiр қытай ет, сүт, жұмыртқа, тағы да басқа азық-түлiктi бiзден алуға құштар. Өйткенi, бiздiкi сапалы әрi табиғи. Бiрақ бұл өнiмдердi шикiлей берсек, бiз ұтыламыз. Шұжық, қазы, консервi етiп сатсақ, пайда табамыз.
– Сыртқа қол жая бермей еңбектенейiк, шикiзатты өзiмiзде өндiрейiк, өндiрiстi қайта ашайық, кеңейтейiк дейсiз ғой?
– Иә, солай.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Тоқсан жасыңыз тұғырлы болсын! Алланың берген жасын жасай беріңіз!
Төмендегі жыр жолдарын сізге арналады, қабыл алыңыз.
НҰР ТАЙМАҒАН ЖҮЗІНЕН
90 жастың тұғырына шығыпсың,
Баптап өрдің алтын тінін үміттің.
Жүріс-тұрыс, өң-жүзіңде бір мін жоқ,
Шашасына шаң жұқпаған күліксің.
Астың солай, тоғыз өмір белесін,
Бұрдың оңға тағдырыңның кемесін.
Тәрбие мен білім үшін күш салып,
«Мыңмен жалғыз» арпалысып келесің.
90 жаста талай қартың құлықсыз,
Келбетінен әрі тайған сұрықсыз.
Бірге өскен замандасың жанында
Шүкір, әлі иілмеген «жігітсіз!»
Тірлігіңнен түн ығысып, босқан мұң,
Нұр жүзіңнен лебі еседі жақсы әннің.
Кез келгеннің қолы жете бермейтін
Тұғырына тұрақтадың тоқсанның.
90 деген – ғасыр-ғұмыр қақпасы,
Игіліктің, жақсылықтың жақтасы.
Аялайды жеткен жанды өзіне,
Аман-есен 100-ге апару мақсаты.
Ой-тілегім бір өлеңге сия ма?
Ізгі лебіз артық болмас, сірә да.
100 жасыңа жеткізетін жетелеп,
Бұл 90 жас Алла берген сый, аға!
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
халықаралық «Михаил Шолохов» медалінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы
халықаралық «Михаил Шолохов» медалінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы








