Тәлім алып, көзбен көрген тағдырлар
Кейбір әңгімелер кітап бетінен емес, өмірдің өзінен жазылады. Ондай оқиғалар жүрекке жақын, жанға жылы тиіп, санада ұзақ сақталады. Өйткені олар – шынайы, боямасыз тағдырлар.Жақында бір отырыста осындай әсерлі әңгіменің куәсі болдым. Жиналған жұрттың жүзінен сыйластық пен жылылық аңғарылады. Әңгіме арасында жасы үлкен, сөзі орнықты бір кісімен танысу бұйырды. Сөз басы жеңіл басталып, біртіндеп тереңге тартып, ел тарихына, Жеңіс күнінің мәніне, ардагерлер тағдырына ойысты.
Ол кісі өзін Тәңірберген Сәрсенбайұлы деп таныстырды. Алмалы ауылына қарасты 21-бекетте тұратынын, бар ғұмырын теміржол саласына арнағанын айтты. Әңгіме үстінде оның бойынан қарапайым еңбек адамына тән сабыр, салмақ және өмірге деген шынайы құрмет айқын сезілді.
Тәңірберген аға тек теміржолшы ғана емес, ел ісіне де бейжай қарамайтын жан екен. Қазір ол Шиелі теміржол тораптық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Оның айтуынша, Шиелі станциясында онға жуық мекеме бар, ал ардагерлер саны екі жүзге жуықтайды. Солардың әрқайсысы – бір-бір тағдыр, бір-бір тарих.
Әңгіме арнасы тереңдеген сайын, ол бес жыл бұрын 21-бекетке Жеңіс күніне орай қойылған ескерткіш жайлы да сыр шертті. Ол – жай ғана тас белгі емес, үнсіз сөйлейтін тарихтың өзі. Өткенге тағзым, соғыс даласында қалған боздақтарға, елге оралса да жаралы ғұмыр кешкен жандарға арналған мәңгілік құрмет белгісі.
Бұл өңірден майданға аттанған 23 ардагер шыққан. Тәңірберген аға солардың көзін көріп, сөзін тыңдап, тәлімін алғанын ерекше ілтипатпен еске алды. Сол ардагерлердің бірі – өз әкесі.
Әкесі соғыстан ауыр жарақатпен, екі таяққа сүйеніп оралған. Сол сәтті ол кісі жүрек толқыта әңгімеледі.
«Отбасымыздың тірегі болды, бірақ денсаулығы соғыстың салдарынан қатты әлсіреді», – деген сөздері жанға батпай қоймайды.
Алайда өмір өз арнасымен жалғаса берді. Қиындықтар жаңа еңбек жолының басталуына себеп болды. Әкесі 7 баланы өсіріп, барлығын еңбекке баулыды. Қандай жағдай болса да, маңдай термен күн көруді үйретті.
Оның тіршілігі де өзгеше еді. Егін егіп, қауын-қарбыз, сәбіз өсірді. Кейде ауылдастардың аяқ киімін жөндеп, қол ұшын созудан тартынбады. Сол еңбектің арқасында ел ішінде «Сәрсенбайдың сары сәбізі» деген атау кең тарады. Алыс-жақыннан арнайы келіп, сол өнімді іздейтіндер көбейді.
Жай егіншілік емес, нағыз еңбектің жемісі еді. Маңдай термен қалыптасқан абырой мен сенімнің айқын көрінісі болатын.
1978 жылы әкесіне соғыс ардагері ретінде арнайы көлік берілгені – сол буынның ерен еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі еді.
Тәңірберген ағаның әңгімесі мақтан үшін айтылғандай емес. Әр сөзі өткенді ұмытпауға шақырып тұрғандай әсер қалдырды. Оның сөздерінен «еңбек», «сабыр», «төзім» ұғымдары анық аңғарылады.
Сөз соңында ол: «Әкеден ұл туса игі, әкенің жолын қуса игі», – деп түйіндеді.
Осындай тағдырларды тыңдағанда бір нәрсе айқындалады: тарих тек оқулық бетінде жазылмайды. Ол қарапайым адамдардың өмірінде, олардың күнделікті еңбегінде, төзімі мен табандылығында сақталады. Ал сол өмірлер – нағыз сабақ, шынайы тәрбие.
М.Кеңесұлы,
сурет Ақпановтар әулетінің отбасылық мұрағатынан алынған
сурет Ақпановтар әулетінің отбасылық мұрағатынан алынған







