Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ЕСІМ

ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ЕСІМ

Қазақ даласының әрбір төбесі мен әрбір жотасы – тарих. Сол тарихтың қатпар-қатпар беттерінде ел үшін еңбек еткен, ұрпаққа өнеге болған тұлғалардың тағдыры сайрап жатыр. Солардың бірі – Алғабас өңірінің ардақты азаматы, ұлағатты ұстаз, сөз өнерінің шебері Шыныбек Сейділдаев.
Адам өмірі – өзен секілді. Бірде тасып, бірде тартылып, кейде бұрылыстарға толы болады. Шыныбек көкеміздің ғұмыры да дәл сондай – ағысы қатты, арнасы терең тағдырлардың бірі еді. Ол 1906 жылы Сыр бойындағы Шиелі ауданына қарасты Бестам ауылында дүниеге келген. Бұл – қазақ даласының ең бір аумалы-төкпелі кезеңі. Ел еңсесін басқан ашаршылық, әділетсіздік, қуғын-сүргін, босқындық – бәрі-бәрі жас жүректің көз алдында өтті.
Балалық шағы балғын күйінде қалмай, ерте есейді. Көргені көп, түйгені мол болды. Бірақ қиындық оның жігерін жасыта алмады. Керісінше, қайрады. Жастайынан білімге құштар болды. Көргенін көңіліне тоқып, естігенін елге жеткізуді мақсат етті. Ауыл ақсақалдарының әңгімесін тыңдап, жыр-дастандарды жаттап өсті. Кеудесінде бір ұшқын бар еді – ол ұшқын сөз өнеріне деген махаббат болатын.
Шыныбек көкеміз тек тыңдаушы емес, айтушы да болды. Жанынан өлең шығарып, айтысқа түсіп, ел ішінде танылды. Оның айтыскерлік өнері – сол заманның рухани айнасы іспетті еді. Бірде ауылда өткен айтыста көрші колхоздың ақыны Қыстаубаймен сөз сайысына түседі. Домбыраның қос ішегі күмбірлеп, сөз маржандары төгіледі. Бұл жайында алғашқы шәкірттерінің бірі Қуанышбай Сыздықұлы былай дейді:
– Айтыс біздің ауылда өтті. Шыныбек ағамыз көрші Авангард колхозының ақыны Қыстаубаймен айтысты. Айтыстың мына бір шумағы есімде қалыпты:
Биыл жаз ай жарылқап, күн туатын,
Берлинде қызыл жалау Ту тұратын.
Кемпір-шал келінімен қуанышты,
Бәрі де киімімен ұл туатын, – деген шақта, сырттан сүйіншілеп кірген кісінің қуанышты айқайы елді елең еткізді.
«Сүйінші, сүйінші, біз жеңдік, біз жеңдік, соғыс аяқталды» дегенде отырған жұрт қуаныштан көз жастарына ерік беріп, дуалы ауыз айтыскердің айтқан шумағымен бір сәт тұстас келген хабар шынында Шыныбектің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жіберді. Сол сәтте оның аузынан шыққан жыр шумағы елдің есінде мәңгі қалып қойды. Жыр аяқтала бере сырттан жеткен «Соғыс аяқталды!» деген сүйінші хабар – ақын сөзімен үндесіп, жұртты тебірентіп жіберді. Бұл – кездейсоқтық па, әлде жүрек сезген бір тылсым ба, оны ешкім дөп басып айта алмас. Бірақ сол сәт Шыныбектің беделін бұрынғыдан да биіктетіп жібергені анық.
Оның өнер жолындағы тағы бір жарқын сәті – Гүлжамал ақынмен айтысы. 1945 жылдың ақпанында өткен бұл айтысқа халық ағылып келді. Теміржолшылар клубы лық толып, сыртта тұрғандар да аз болмады. Айтысты басқарған Нартай ақынның өзі де Шыныбектің өнеріне жоғары баға беріп, оны «тарлан ақындардың» қатарына қосты. Осы Гүлжамалмен айтысын айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Айдар Достияров өзінің «Өздерің білер Нартаймын» кітабында былай келтіреді:
– 1945 жылдың ақпан айында бұл айтыс Шиелі теміржолшылар клубында өтті. Теміржолшылар клубына халық сыймай кетті. Орын жетпегендері екі қабырғаны жағалай түрегеп тұрды. Айтысты Нарекең өзі басқарып отырды. Тәртіп бойынша бір-бірімен социалистік жарысқа түскен шаруашылық ақындары айтысатынын ескертіп алды да, Нарекең Ақтоған колхозының ақыны Палайым мен Қызылту колхозының ақыны Сейтматтың айтысатынын хабарлап, ақындарды сахнаға шақырды.
Бұдан кейін Алғабас колхозының ақыны ­Шыныбек пен Жаңатұрмыстың ақыны Гүлжамал, Еңбекшіден Бибіхатша мен 1 Май колхозынан Әлжан айтысатынын хабарлады, – дей келе айтыс соңында өз қорытынды сөзінде Нартай ақын былай жырлаған екен:
Бәйге басы Таубай мен Әлжан ақын,
Гүлжамал, Шыныбектер тарлан ақын.
Палайым, Сейтмат пен Бибіхатша,
Апуза бәрі топты жарған ақын, – деп ары қарай ақындардың бәріне де оң бағасын тамаша беріпті. Мүмкін тағы да жете зерттеушілер болса, елдің көкейінде не шаң басқан архив беттерінен де табылып қалар.
Алайда Шыныбек Сейділдаевтың өміріндегі ең ұлы миссия – ұстаздық болды. Ол үшін ұстаздық – жай мамандық емес, ұлтқа қызмет етудің жолы еді. Соғысқа дейін-ақ туған ауылында бастауыш мектеп ашуға атсалысып, ауыл балаларының сауатын ашуға бар күшін салды. Ал соғыстан кейін бұл жолдағы еңбегі тіпті тереңдей түсті.
Мектеп деген аты ғана бар, бір бөлмеде бірнеше сынып қатар отырып оқитын қиын кезеңдерде де ол мойымады. Бір сыныпқа әріп үйретіліп жатса, екінші бұрышта есеп шығарылып, үшінші жақта орыс тілі оқытылатын. Осындай жағдайда білім берген ұстаздың еңбегі – нағыз ерлікпен пара-пар еді.
Шәкірттерінің естеліктерінде Шыныбек ағай ерекше бір тұлға ретінде сипатталады. Әскери киіммен сабаққа келетін, жүзінен салмақ байқалатын. Басынан алған жарақаты да оның соғыстың ауыртпалығын бастан өткергенін аңғартатын. Бірақ сол сыртқы қаталдықтың ар жағында шәкірттеріне деген мейірім мен жауапкершілік жатты. Ол ешқашан сабақтан кешікпейтін, тәртіпті бірінші орынға қоятын. Балалар да оны құрметтеп, бір жағынан іштей именіп тұратын.
Көз көрген, білім алған шәкірті Кенжегүл Әлмаханова өз сөзінде ұстазы туралы былай дейді:
– Шыныбек ағай бізге соғыстан келіп, орыс тілінен сабақ берді. Ағай әскери киіммен жүруші еді. Ол киім бізге сұсты көрінетін. Бірақ барынша жылы қабақ танытып, орыс тілін үйретуге тырысатын. Сонда да болса баламыз әлгі кісіден кәдімгідей сескенеміз. Сосын ағайдың басынан жарақат алған екен. Сол бас сүйегінің жоғары жағы үнемі бүлкілдеп тұратын. Көзіміз сол жақта. Аңтарыла қарай беретінбіз. Қу соғыстың зардабын қарасаңшы. Солай бола жүре ағай ешуақытта сабақта болмай қалу, кешігу дегенді білмеуші еді. Біздерге де сол тәртіпті талап ететін. Ауылдағы бастауыш мектепті ашу үшін Жарас ағаймен екеуінің еңбегі зор еді.
Ол тек әріп үйретіп қана қойған жоқ, адам болуды үйретті. Ақ пен қараны ажыратуды, өмірдің мәнін түсінуді, елге адал қызмет етуді бойларына сіңірді. Оның алдынан өткен шәкірттер кейін елге сыйлы азаматтар болып қалыптасты.
Шыныбек Сейділдаев Ұлы Отан соғысына қатысып, Отан алдындағы борышын адал атқарды. Соғыстан кейін де елге қызмет етуді тоқтатпай, білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Мектеп басқарып, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосты. Еңбегі еленіп, «За трудовое отличие» медалімен марапатталды. Бұл – оның маңдай терімен келген әділ баға еді.
Отбасында да ол өнегелі әке болды. Өмірлік серігі Өміркүл апамен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірді. Әрқайсысының болашағына бейжай қарамай, білім алуына жол ашты. Балаларына тек тәрбие емес, өмірлік бағыт берді. Мұндай әкенің тәрбиесін көрген ұрпақ жаман болмайтыны анық.
Шыныбек көкеміздің өмірі – бір ғана адамның тағдыры емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Оның бойында қазақы қайсарлық, ұстаздық парасат, ақындық дарын тоғысқан. Ол – өз заманының үнін жеткізген, келер ұрпаққа жол сілтеген тұлға.
Бүгінгі ұрпақ үшін мұндай жандардың өмірі – дайын өнеге. Уақыт өткен сайын тарихтың шаңы басқандай көрінгенімен, шын мәнінде, ондай тұлғалардың ізі өшпейді. Себебі олар ел жадында, ұрпақ санасында өмір сүреді. Шыныбек Сейділдаев – артында сөзі қалған, ізі қалған, көзі қалған азамат. Оның есімі туған жерімен бірге жасай береді. Ал біз үшін ең бастысы – осындай тұлғаларды ұмытпай, олардың өмір жолын келер ұрпаққа жеткізу. Өйткені өткенін қадірлеген елдің ғана болашағы баянды.

Рәзия ЫСҚАҚОВА,
зейнеткер-ұстаз
27 сәуір 2026 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

№29 (9396)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (9395)

18 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930