ШЫНДЫҒЫН ЖОҒАЛТПАҒАН АҚЫН
Өзінің бар саналы ғұмырын жанындай сүйіп өткен қазақ еліне, туған жеріне, ана тіліне, қазақ руханиятына арнаған, халық жазушысы, ақын-сазгер, Қазақстанның Еңбек Ері, тұғырлы тұлға Мұхтар Шаханов өмірден озғанын естіп, еңсеміз езілгендей болдық.Өмірбақи шындықты жырлаған, шындықты айтам деп, шындығы жоқ сөзі мен ісі екі бөлек жағымпаз адамдармен алысқан, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының шындығын да Мәскеу төрінде КСРО депутаттарының алдында қайсар Мұхаң жасқанбай жеткізген, 60-тан аса мемлекетті аралап, 120 елдің мақтауын алған көрнекті, арқалы ақын енді естеліктермен ғана есімізге түсетін болады. Мұхтар Шаханов намысшыл, ұлтжанды қоғам қайраткері ретінде өзін барынша таза ұстаған, біреуден бірнәрсе сұрамаған, бергенді алмаған адал адам, бірнеше ел шақырса да бармаған, қазақ елінде тудым, осы жерде көзімді жұмам деген патриот ақын.
Мұхтар ағамыз отты өлең де жазды, әдемі ән де шығарды. Көрші қырғыз елінде он жылдай Қазақстанның елшісі қызметін атқарды. Әлемнің алыбына айналған Шыңғыс Айтматовпен айнымас достық орнатты. М.Шаханов 2004 жылы ҚР Парламентіне Шиелі ауданынан депутаттыққа түсті. Оған он бір адам қатысып, үш дүркін шиеленіспен өткен сайлауда Мұхаң жеңіп шығып, сайлаушы ретінде басы-қасында жүргенбіз. Сол кезде мен ол кісіге 1983 жылы бірге түскен мына суретті көрсетіп едім, суреттің жанына «Өркені өскір Өркенмен 21 жылдан кейін қайта кездескеніме қуаныштымын» деп қолын қойып, 03.09.2004 деп жылын жазып қалдырған болатын.
1983 жылы талантты ақын М.Шахановпен аудандық мәдениет үйінде кездесу өткен тұғын. Содан соң Мұхаңды ортаға алып суретке түстік. Сайдхасан Хутаев пен Сәрсенбек Бекмұратұлы «Өскен өңір» газетінің қызметкерлері, Әбілда Нақыпов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, менің аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінде жүрген кезім. Мақсатым – алып тұлға Мұхаңды еске алу. «Кем дүние, жалған дүние» деп осындайда айтса керек. Алланың тарту еткен өмірі 84 жасқа қараған шағында үзілді. Алланың ісіне не шара?! Отбасының, Талаптан ауылдық округінде тұратын туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Біздер, біздің замандастарымыз Мұхтар Шахановтың жалынды өлеңдерін оқып, жаттап өстік. Оның жұртқа ақыл берер өлеңдері, еліне сіңірген шексіз еңбегі, алысқа кеткен даңқы ешқашан ұмытылмайды.
Ардақты ақын, шындық үшін шырылдап кеткен Мұхтар ақын ел есінде мәңгі сақталады.
Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы







