ҚАУІПКЕ ҚАРСЫ ҚАЛҚАН
Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі – күн сайын қауіппен бетпе-бет келіп, ел тыныштығын күзетіп жүрген жауапты құрылымның бірі. Бұл мекеменің жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында адам өмірін сақтауға бағытталған күрделі ұйымдастыру, үздіксіз дайындық және жоғары жауапкершілік жатыр.Төтенше жағдайлар қызметінің міндеті – тек оқиға орын алғаннан кейін әрекет ету емес, ең алдымен оның алдын алу. Дегенмен табиғат пен адам факторына байланысты қауіп-қатерлер толықтай жойылып кеткен жоқ. Сондықтан бөлім мамандары үшін әр маусымның өз ерекшелігі мен өз ауыртпалығы бар. Көктемде – тасқын қаупі, жазда – өрт пен судағы қайғылы оқиғалар, қыста – боран мен жолдағы апаттар күн тәртібінен түспейді.
Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарының айтуынша, соңғы жылдары тіркелген оқиғалар саны азаймай отыр. Мәселен, 2023 жылы 41 өрт оқиғасы тіркеліп, қаза тапқандар болмаған. Ал 2022 жылы бір адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Осыдан қауіптің әлі де бар екенін және әрбір немқұрайлылық ауыр салдарға әкелетінін көрсетеді.
Ал 2025 жылдың өзінде аудан аумағында жағдай күрделі болған. 16 өрт оқиғасы және 30 өртке жатпайтын жану деректері тіркелген. Оның ішінде 3 оқиға – нысандарда, 47 жағдай – тұрғын үйлерде, 9 – автокөліктерде, 4 – орман өрті және 1 өзге жағдай орын алған. Ең өкініштісі – бір адамның қаза табуы. Биыл 3 айда барлығы 109 хабарлама тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 55 оқиғамен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары көрсеткіш. Бұл өсім ең алдымен өртке жатпайтын жану оқиғаларының күрт артуымен түсіндіріледі. Осыған қатысты 76 жағдай (2025 жылы – 30) тіркеліп, 60,5%-ға өсім байқалған. Ал нақты өрт оқиғалары 18 жағдай. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,1%-ға жоғары. Мұндай динамика тек техникалық немесе маусымдық факторлармен шектелмейтінін, керісінше тұрмыстық тәртіп пен алдын алу мәдениетінің әлсіз тұстарын көрсетеді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Әділет Нұрмантаев бұл жағдайларға баға бере отырып, әр адамның қауіпсіздігі – ел тұрақтылығының негізі екенін атап өтеді. Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың басым бөлігі мереке және демалыс күндеріне сәйкес келеді. Халық той-думанға алаңдаған сәтте, құтқарушылар керісінше күшейтілген режимге көшеді.
Ең маңыздысы – материалдық шығын көлемінің айтарлықтай өсуі. Өрттерден келген жалпы шығын 3 млн 378 191 теңгеге жетіп, өткен жылғы 1 млн 250 мың теңгемен салыстырғанда 59,6%-ға артқан. Бұл тек экономикалық шығын емес, әрбір оқиғаның артында нақты әлеуметтік зардап, тұрғындардың мүлкі мен қауіпсіздігі тұрғанын аңғартады.
Мамандар атап өткендей, өрттердің негізгі себептері көбіне техникалық ақаудан гөрі адами факторға тіреледі. Зақымдалған электр сымдарын пайдалану, пеш қауіпсіздігін сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру, қоқысты бақылаусыз өртеу сияқты әрекеттер – күнделікті өмірде жиі кездесетін, бірақ ауыр салдарға әкелетін жағдайлар. Бұл жерде мәселе тек ереже бұзуда емес, қауіпсіздік мәдениетінің күнделікті дағдыға айналмауында. Өрт қауіпсіздігі қағидаларының формалды түрде қабылданып, практикалық өмірде толық сақталмауы – негізгі түйіндердің бірі.
Жаз мезгілі де тыныш емес. Дала өрттері, жол-көлік оқиғалары және суға түсу кезіндегі қайғылы жағдайлар жиілейді. Әсіресе суға түсу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтамау жиі қайғылы салдарға әкеледі. Әділет Нұрмантаев атап өткендей, «қауіпті аймақ» деп белгіленген жерлерге бармау қажеттігі айтылса да, кейбір адамдар ережені елемейді. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі – ерекше назарда. Бір сәттік қараусыздық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
2026 жылы 26 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы 281 125 теңге айыппұл салынған. ҚР ӘҚБтК аясындағы жауапкершілік шаралары қолданылғанымен, сараптамалық тұрғыдан алғанда, бұл тек салдармен күрес құралы екенін байқауға болады.
Шиелі ауданында жүргізілген профилактикалық жұмыстар көлемі айтарлықтай. Жылу беру маусымы қарсаңында 15 025 тұрғын үй араланып, 56 171 тұрғынмен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл – аудан халқының басым бөлігін қамтыған ауқымды профилактикалық шара.
Әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылып, 470 отбасы тексерістен өткен. Алайда тексеріс барысында да бірқатар жүйелі мәселелер анықталған. Мұржалардың тазаланбауы, пеш алдындағы қорғаныш төсемдердің болмауы, электр сымдарының тозуы және жанғыш қалдықтардың жиналуы.
Шиелі ауданында төтенше жағдайларға дайындық жүйесі де жолға қойылған. Аудан бойынша эвакуациялау мақсатында 16 жинақтау және 23 қабылдау эвакуациялық пункт қарастырылған. Бұл кез келген ірі апат кезінде халықты қауіпсіз жерге көшіруге мүмкіндік береді. Материалдық-техникалық база да біртіндеп нығайтылуда. Бүгінде қорда 4 тонна дизель отыны, 5 тонна бензин, 20 тонна қой тасы, 2000 қамыс бауы және 5000 қап дайындалған. Бұл қорлар су тасқыны немесе табиғи апат кезінде жедел әрекет етуге арналған.
Дегенмен, мамандар бір ауыздан ең маңызды фактор – алдын алу екенін айтады. Өрт немесе басқа да апат орын алғаннан кейін емес, оның себебін болдырмау – басты мақсат. Осы бағытта бөлім қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық рейдтер жүргізіп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын атқарады.
Қауіпсіздік – тек құтқарушылардың міндеті емес, әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Себебі ең үлкен қауіп көбіне сырттан емес, адам салғырттығынан туындайды. Сондықтан әрбір тұрғын сақтыққа мән берсе, көптеген қайғылы оқиғаның алдын алуға болады.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ








