Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АВТОКӨЛІК ӨРТІНЕН АБАЙ бОЛЫҢЫЗ

АВТОКӨЛІК ӨРТІНЕН АБАЙ бОЛЫҢЫЗ

Өрт – тілсіз жау. Ол – айтып келмейтін апат болғандықтан, қоғамға тигізер залалы орасан. Қауіпсіздік ережелерін сақтамасаңыз, қауіп-қатер төнуі әбден мүмкін. Иә, қызыл жалынның қай-қайсысы болмасын адам өміріне аса қауіпті. Әсіресе автокөліктен шығатын өрт. Статистикалық мәліметтерге сенсек, жыл сайын 2 мыңнан аса темір тұлпарлардан өрт шығатын көрінеді. Бұл өрттің 20 процентін құрайды. Демек бұл автокөліктерден шығатын өрттің азаймай тұрғандығын анық көрсетеді. Ал автокөліктердегі өртті болдырмау үшін – сақтық шаралары керек. Осы мақсатта жұма күні аудан әкімдігінің баспасөз орталығында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен автакөліктерден шығатын өрттің алдын алу мақсатында брифинг өтті.
Аталған шараға бірқатар сала мамандары қатысты. Қызыл жалынның алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жиынның алғысөзін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Б.Әбсаттаров алып, шараға қатысушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жиын барысында аудан көлемінде орын алған апатты жағдайлар туралы сөз қозғалып, бірқатар мәселе талқыланды. Атап айтар болсақ, соңғы жылдары автөліктерін өрт шалып, тілсіз жаудан зардап шеккендердің қатары азаймаған. Керісінше, жыл сайын бұл мәселе өзекті тақырыпқа айналып отыр. Сондықтан да сала мамандары жиын барысында көліктен шығатын өрт жанар май құйылған құтылардан, синтетикалық әртүрлі материалдардан, сұйық отын құбырынан болатынын айтып, тұрғындарды өрт қауіпсіздігінің алдын алуға шақырды. Сонымен қатар автокөлік көліктер жинақталған жерде тұтанса, оны басқа көліктерден алшақтату керектігін тілге тиек етті. Шара соңында Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау капитаны Б.Әбсаттаров аудан халқына қозғалтқышты ашық отпен қыздыруға, қолдан жасалған электр құрылғыларын пайдалануға, жанармай құю бекеттерінде жолаушыларды түсірмей жанармай құюға, автокөлік ішінде темекі шегуге, бос ыдыстарды сақтауға, аккмулияторды көлік ішінде қуаттауға, қозғалтқышты «дизель» маймен жууға қатаң тиым салынатындығын ескертті.
Айта кету керек, былтырғы жылы ­аудан көлемінде автөкөліктен шыққан 19 өрт оқиғасы орын алып, 11 млн 945 теңге шығын келтірген. Ал жыл басынан бері автокөліктен шыққан бір өрт оқиғасы, сондай-ақ 1 өртке жатпайтын жану оқиғасы тіркелген. Сондықтан да Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары халықты барынша сақ болуға шақырады. Өрт болған жағдайда «101» «112» телефон нөмірлеріне жедел хабарласуларыңызды сұрайды.

Сымбат СЕРІКҚЫЗЫ
23 қаңтар 2023 ж. 334 0