Ұрпаққа аманат болған бау
Ғасыр жасаған ғұмыр… Жүз жылдық өмір жолы ұрпаққа өнеге, қайырымды ісі елге әлі күнге дейін сая… Қызылорда облысы Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Оспан Байдүйсеновтің туғанына биыл 120 жыл. 1906-2006 жылдар аралығында ғұмыр кешкен ардагердің тағдыры – тек бір адамның өмірі емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Сол ғасырдың ішінде ел басынан өткерген ең ауыр сынақтардың бірі – Ұлы Отан соғысын көзімен көріп, ерлігімен тарихта қалған ардагердің өмір жолы ерекше құрметке лайық. Бала кезінен еңбекке ерте араласқан ол ел басына күн туған шақта Отан қорғауға аттанып, майдан даласында ерлік көрсетті. Соғыстың қасіретін, адам төзгісіз қиындықтарын бастан өткерсе де, болашаққа деген сенімін жоғалтпады. Оның жүрегіндегі басты ұстаным – туған жерге деген адалдық пен бейбіт өмірге деген құштарлық еді.1942 жылы қан майданға аттанған жас жауынгер Оспан Байдүйсенов Мәскеу түбіндегі шайқас, Оңтүстік Батыс және Украинада, Харковь, Миллитополь, Запорожье, Дон, Кривой Рог және басқа қалалардағы шайқастарға қатысқан. 1944-1945 жылдары Яссо-Кишинев бағытында Молдовияның астанасы Кишинев қаласы және Карпат өңірі және Польшаның Варшавасындағы шайқастарға қатысқан.
Өлім мен өмір арпалысында елге деген сағынышы мен махаббатын қорған еткен сарбаз соғыстан аман есен 1946 жылы туған жерге оралады. Елге келіп егіншілікті қолға алып, туған жердің топырағын түлетті. Туған ауылды түрлендірді. Жердің құтын арттырған еңбек адамы ретінде жарқырады. Күріш звеносының жетекшісі болып әр гектардан 50-60 центнерден өнім алып, қырманның берекесін арттырды. Зейнет жасына дейін жер емген диханның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Еңбегі құрметтеліп, марапаттарға ие де болды.
Зейнеткерлік шақта да ел қамын ойлаған ардагер Оспан Байдүйсенов қол қусырып отырған жоқ. Жанына пікірлестерін ертіп игі істің ұйытқысы болды. 1984 жылы Оспан Байдүйсенов Шиелі ауданы Төңкеріс ауылынан Шымкент-Самара трассасына дейінгі шамамен екі шақырымдай жерге көшет отырғызды. Көшет егіп қана қоймай, елгезек ақсақал тал, теректерді баптап, үлкен бауға айналдырды. Бұған дейін қу тақыр алап жапырағы жайқалған жасыл аймақ болды.
Бұл бақ бүгінде ардагердің есімін ұмыттырмай, оның өмірлік философиясын бейнелеп тұр. Ардақты ардагер Оспан Байдүйсеновтің өмірден өткеніне 20 жыл өтсе де, бау бұрынғысынша жайқалып, ауылдастарына сая болып тұр.
Бұл бау – тек табиғи кеңістік емес, ұрпақ пен ұрпақты байланыстыратын рухани көпір. Әрбір ағаш – оның еңбегінің белгісі, әрбір жапырақ – өткен мен бүгіннің арасындағы үнсіз диалог іспетті. Оспан Байдүйсенов ардагердің ұрпағы үзеңгілес бауырлары, замандастарына бүгінде бас иіп, рақметін айтады. Әзімхан Парманқұлов Халфе, Дәріш Әлімқұлов Халфе, Ақылбек Сәрсенов, Кемелбек Мақұлбеков, Омарша Бәйімбетов, Әлімбек Сәрсенов, Бекмырза Сапарбаев, Әбілпатта Ермағанбетов, Бакрамхан, Бақытхан Әлімқұлов Халфе, Амангелді Көпеев, Әбілда Мақұлбеков, Құрманбек Қаракеев, Байзақ Қалтаев, Қасиет Қыдырбаев, Арыстанбек Әлмаханұлы, Мыңбай Ақатов, Аралбай Сейсенов, Науханбай Базарбаев, Дайрабай Нұртаев, Мәжіт Парманқұлов Халфе. Бұл кісілер өмірден өтсе де ардагер Байдүйсеновтің ұйытқы болуымен артында үлкен сауапты іс қалдыра білді.
Ардагердің ел алдындағы еңбегі елеусіз емес. Ауылдағы көшелердің біріне ҰОС және еңбек ардагері Оспан Байдүйсеновтің есімі берілген. Бұл үлкен құрметтің белгісі. Ауылда жайқалып тұрған бау да ардагер Оспан Байдүйсеновтің есім-сойымен аталады. Бүгінде жұрт Оспан бауы деп атап жүр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, аталған бауға өңірдің барша тұрғыны атсалысты. Қара жерді өңдеп, тыңайтқыштармен құнарлы етіп, әрбір түп ағаштың өсуіне ерен еңбегін көрсеткен халыққа осы әулеттің алғысы шексіз!
Бүгінде Оспан Байдүйсеновтің есімін ұмыттырмай, баудың жайқалып тұруына себепші жандар бар. Махмудхан Парманқұлов Халфе зейнеткер, Қалияш Дүйсекова зейнеткер, Дәден Әбдіраманова зейнеткер, Мақсут Парманқұлов Халфе ауыл әкімі, Алмасхан Парманқұлов Халфе ауыл имамы, Нұрлан Кемелбеков зейнеткер, Нариман Кемелбеков заңгер, Жақанша Бәйімбетов механик, Қуандық Тоқсейітов зейнеткер, Көшер Боранов зейнеткер, Бодыбай Құлахметов ауыл ардагерлер қоғамдастығының төрағасы, Төрехан Әлімқұлов Халфе мастер (құмкөл), Ғалымжан Сәрсенов оператор, Сұлтан Бекмырзаев кәсіпкер, Нұрахмет Молдахметов зейнеткер, Арыстан Төлегенов мектепте жұмысшы, Бауыржан Көпеев ауыл шаруа қожалығының төрағасы, Нұржан Мақұлбеков кәсіпкер, Бекжан Әбділдаұлы прокурор, Болат Баймағанбетов бұрынғы ауыл әкімі, Лаура Ратова ауыл әкімдігінің қызметкері, Эльмира Кенжебаева ауыл әкімдігінің бухгалтері, Светлана Орынбаева ауыл әкімдігінің заңгері, Баян Арыстанова клуб меңгерушісі, Көпбай Бәйтімов күзетші, Ораз Арыстанов кәсіпкер, Оспан Байдүйсеновтің келіні Ақжан, Қобалай Қалыбаев зейнеткер, Ғани Қарынбаев аудандық ауруханада шаруа бөлімінің басшысы, Ғабит Қарынбаев Қызылорда облысы балалар ауруханасының бас дәрігері, Саттар Қарынбаев зейнеткер, Сапар Жылқайдаров зейнеткер, Ғалымжан Пірманбетов механизатор, Бақыт Жакеев, Ыбыраймов Саттар қажы. Осы кісілердің барлығы да ҰОС және еңбек ардагері Оспан Байдүйсеновтің есімін ардақтауға атсалысқандар.
Оспан Байдүйсенов пен аяулы жары Мәрзия екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Ардагер ұл-қызынан тараған 20 немере, 10 шөбере көріп, ұрпағының шуағына бөленіп өткен жан. ҰОС және еңбек ардагері Оспан Байдүйсеновтің әулеті аталарының еңбегін елеп, есімін өшірмеген халыққа дән риза. Алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші артық дегендей, Байдүйсеновтер қаншама жыл қатар тұрып, татулықтың үлгісін көрсткен көршілері кәсіпкер Сұлтан Бекмырзаевқа, зейнеткерлер Қобалай Қалыбаевқа, Серік Сатпаевқа да зор алғыстарын білдіреді.
Ардагер Байдүйсенов ұрпағын алаңдататын бір ғана жәйт, атаның артында қалған игі іс - жайқалып тұрған жасыл желекті баудың бүгінгі жайы мен ертеңгі күйі. «Қу тақыр жерді түлетіп, екі шақырымдай жерді бауға айналдырған атамның еңбегі еш болмаса екен дейміз. Жайқалып тұрған бау Тұран ауылдық округінің балансына өткізілсе, құжаттарды рәсімдегенде бұл жерде бау бар екендігі көрсетілсе екен. Өйткені жер ауданның балансында екен. Бау туралы құжаттарда жазылмаған. Егер де келешекте қалталы біреу кеп сатып алып, жерді басқа мақсатта пайдаланатын болса, жайқалып тұрған бау жермен жексен болып кете ме деп алаңдаймыз. Тұран ауылдық округінің әкімдігі жасыл желекті күтіп, баптап отыр. Тазалап, әктеп, суарып, баудың жайқалып тұруын қамтамасыз етіп отыр. Сол үшін де әкімдікке үлкен алғысымызды білдіреміз», – дейді ардагердің ұрпағы.
Иә, «атадан мал қалғанша тал қалсын» деген де осы емес пе?! Қу тақыр жерді жасылдандырып, жылдар бойы жайқалтып баптаған бау бүгін де елге сая. Алғашқыда 6000 тал егілген болатын. Ал қазіргі кезде, трассадан ауылға кірген кезде, оң жақта 2 463 түп тал және сол жақта 318 түп тал бар. Жалпы саны 2 781 түп тал қалған.
Ардагердің ғұмыры бізге бірнеше маңызды құндылықты үйретеді. Біріншісі – ерлік пен табандылық. Екіншісі – еңбекке адалдық. Үшіншісі – табиғатты қорғау арқылы болашаққа жауапкершілікпен қарау. Бүгінде оның есімі ұмытылған жоқ. Керісінше, сол бау арқылы оның рухы тірі, оның өнегесі жалғасуда. Бұл – тек бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның мақтанышы. Өйткені мұндай тағдырлар халықтың жадында сақталатын рухани қазына. Ғасыр жасаған ардагердің өмір жолы тарихтың бір парағы ғана емес, болашаққа бағытталған жарық шам. Оның есімімен байланысты бау – уақыттан биік, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәңгілік мұра. Мұраны сақтап қалу бүгінгіге сын.
Жанар Пердешқызы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі








