Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматыда субұрқақтар маусымы қашан ашылады?

Алматыда субұрқақтар маусымы қашан ашылады?

Алматыда субұрқақтар маусымы қашан ашылады?Алматыда мамыр айының басынан бастап қалалық субұрқақтар біртіндеп іске қосылады. Олар 1 қазанға дейін күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ауа райы салқындап, температура +5°C-тан төмендеген жағдайда субұрқақтардың жұмысы уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, биыл 55 коммуналдық субұрқақ кешенін іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 11-і «құрғақ» субұрқақ. Барлық нысандардың техникалық және санитарлық жағдайы тұрақты бақылауда болады.
Маусымға дайындық аясында субұрқақтардың тостағандары мен айналасы тазартылып, суы залалсыздандырылды. Сондай-ақ жабдықтар жөнделіп, сырланып, инженерлік жүйелер толық тексеруден өтті.

Бұдан бөлек, қаладағы бірқатар ірі субұрқақтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Республика алаңы мен Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры маңындағы нысандар қайта жөнделіп жатыр. Жобаларды толық аяқтау және аумақтарды абаттандыру 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.

Жаңартылған субұрқақтар алматылықтар мен қала қонақтары үшін жайлы демалыс орындарына айналып, заманауи қоғамдық кеңістіктердің маңызды бөлігі болмақ.


20 сәуір 2026 ж. 27 0