Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексенге сергек келген Сайлаубай

Сексенге сергек келген Сайлаубай

1973 жылы аудандық комсомол комитетінің кезекті конференциясы болды. Сол конференцияда ­Сайлаубай Әбішев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Қызылорда қалалық комсомол комитетінде 3-4 жыл бөлім бастығы болып жұмыс істеген Сайлаубай аудандық комсомол комитетінің жұмысын еркін алып кете берді.
Әсіресе бастауыш ұйымдардың беделін арттыру мақсатында бірқатар жұмысты ұйымдастырды. Соның ең бастысының бірі – жұмысы жолға қойылған комсомол ұйымының негізінде, барлық бастауыш ұйымы секретарларының қатысумен семинар өткізуді жолға қойды. Әрбір ауылда өткен семинарға шаруашылық, мекеме басшыларымен қоғамдық ұйым жетекшілері түгел қатыстырылып отырылды. Осындай семинардың жақсы жағы көп еді. Біріншіден, бастауыш ұйым семинарды өткізуге тынғылықты дайындалса, екіншіден, барлық жерде жастар ұйымының жұмысына мән берілуінде. Осы семинарда жастардың жұмыссыз жүрмеуі, олардың бос уақытын тиімді өткізу шаралары жан-жақты әңгіме болады. Бұл қарлығаштың қанатымен өртке су сепкендей болсада, жастар ұйымының қозғалысына үлкен себеп еді. Ол кісінің атқарған жұмыстарының ішіндегі есте қалғандарының бірі, аудан жас­тары өкілдерінің қатысуымен «Туған жерге борышты екенінді білесің бе, жас ұрпақ?» атты тақырыпта өткізген форумы еді. Барлық бастауыш комсомол ұйымында осы мәселе бойынша ­жиналыстар өткізіліп, талқыланды. Бұл да бастауыш ұйымдарына ой салды. Жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа тарту қолға алынды. Осы кезде Жадыра Таспамбетова күріш орағы кезінде бір аяғын комбайнға жегізіп алып, тәуір болған соң протезбен жүріп-ақ техниканың рөліне отырамын деп қайсарлық танытқан. Ол жөнінде жерлесіміз Мұрат Күлімбетовтің «Мен қайтып ораламын» деген атақты мақаласы бүкіл елімізді шарлап кетті. Осы мақаладан кейін еліміздің көптеген басылымнан Жадыраны көру үшін журналистер ағылып келіп жатты. Аудандық комсомол комитеті сол кісілерді күтіп алып Жадырамен кездестіруді ұйымдастырып отырды. Осы күндері ойлаймын бір адамның жұмысын елге таныту үшін оның қамқоршысы, қолдаушысы, насихаттаушысы болуы керек екен. Осы жұмысты сол кезде «Қызылту» колхозы комсомол ұйымы мен аудандық комсомол комитеті жақсы ұйымдастыра білді. Осы кездері Сәкеңнің ұйымдастырушылық қабілеті анық байқалып, аудан жұртшылығына кеңінен таныла бастаған кезі еді. Осыны ескере келе аудандық партия комитеті Сайлаубайды 1975 жылдың аяғында аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп жұмысқа қабылдады. Бұл жұмысты ол кісі 1980 жылға дейін атқарды. Аудандық партия комитеті халық шаруашылығының барлық саласын қадағалап отыратын. Сондықтанда оның қызметкерлері жан-жақты болып тәрбиеленіп, кез келген жұмысты атқара білетін, ысылған басшы болып шығатын.
Сәкең 1980-1990 жылдар аралығында аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Аудандық халық бақылау комитеті аты айтып тұрғандай халық шаруашылығының барлық саласындағы кез келген кемшіліктерді анықтап, оны жоюдың жолдарын қарастырып отыратын орган болатын. Сәкеңнің осы жұмысты он жылдай атқаруының себебі, өз ісін жақсы білетінің арқасы деп есептеймін. Аудан басшылары оның іскерлігін ескере келе аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметіне ұсынды.
Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі орынбасарының жұмысы сан салалы. Аудандағы денсаулық сақтау, білім бөлімі, ­жастар арасындағы және қоғамдық ұйымдармен жұмыстардың ұшы-қиыры жоқ сияқты болатын. Көп жылдық өмірлік тәжірибесі осы ауқымды жұмыстарды атқаруда қиындық туғызбады. Осы кезде ол кісінің ұсынысымен кент орталығындағы 18 көшенің атауын өзгертіп, оның орнына қазақтың зиялыларының есімін қоюды ұйымдастыруы ол, шын мәнінде, іскерлігі мен тәуекелшілдігі еді. Сайлаубай 1991-1993 жылдар аралығында аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі Ленин атындағы колхозда басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. Шаруашылық басқару қай кезде де оңай болған емес. Еліміз егемендік алғаннан кейін шаруашылықтарға бұрынғыдай берілетін тыңайтқыш, жанар-жағармай, лизингке берілетін техникалар барынша азайып, соның салдарынан егілетін егіннің көлемі де қысқартылып, жұмыссыздық та белең ала бастаған кез еді. Осындай қиын кезде мамандармен бірлесе жұмыс істеп, жоспарлы егін егуге қол жеткізді. Соның айғағы – колхозшылар мен механизаторлардың еңбекақысы уақытылы төленіп отырылуына қол жеткізілгені.
Еңбек ұжымын басқарған әр басшының өзіне тән басқару тәсілдері болады. Мен білетін Сәкеңнің жақсы қасиеттерінің бірі – адамдармен ашық, жарқын сөйлесіп, ойын бүкпесіз айтатыны және берген уәдесін орындай білетіндігі. Сәкең қандай жұмыс атқарса да, сол салаға бір жаңалық енгізгісі келіп тұрады, жаңалыққа жаны құмар жан. Сәкең достыққа, сыйластыққа адал азамат. Шиеліден басқа қызметке ­ауысып кеткенге отыз жылдан асса да, кезінде қатар жүрген азаматтардың отбасындағы және ауданда болатын айтулы шараларға уақыт тауып, бүгінгі күнге дейін келіп тұрады. Жалпы менің пайымдауымша, адамдарды іздеп тұру ол адамгершілік қасиеттердің төресі деп есептеймін. Сәкең де осы қасиет бар.
Қазақта «Жігіттің жүрген жері Мысыр шаһар» деген сөз бар. Сайлаубай Шиеліде 20 жылдай қызмет атқарып, көптеген азаматпен қатар жүріп, араласып, сыйласып өскен жан. Сыйластықтың шынайлығы үлкен құндылық. Ондай сыйластықтың қадіріне азаматтың азаматы ғана жетеді. Осы қасиет Сайлаубайдың бойында бар деп есептеймін. Сәкең бүгінде 80 жасқа келіп отыр, әлі тың. Ол біріншіден, Алланың Сәкеңе берген сыйы, екіншіден ол кісі адамдармен көп хабарласып жағдай сұрасып, содан рухани азық алып тұруынан деп есептеймін. Қалай дегенде де, Сәкең өзі салған сүрлеумен қадамын нық басып келе жатқан азамат. Осы жүрістен тайма Сәке! Өйткені көк жиегің әлі алда. Алла аяғыңа қуат, отбасыңа шуақ берсін. Сексен жасқа сергек келгенің құтты болсын! Гүлсайран екеуің балаларың мен немерелерінің қызығын жүзге жеткенше көруді Алла нәсіп етсін!

Сайлаубай Әбішев 80 жаста
Жарты ғасыр өзіңмен танысқалы,
Бірге жүріп, бірге ойнап алысқалы.
Ұлы көштен келесің қалмай әлі,
Көз алдында көк жиек алыстағы.

Жастық шақты бірге өткізген күндерді,
Ұмытпаңды ешкімдіде, кімдерді.
Ал «Шиелі өмірімнің жартысы»,
Деген сөзің қуантады біздерді.

Өйткені ол сайрап жатқан іздерің,
Сыйласқанды жақын тұттың біздердің.
Әлі күнге келіп, кетіп жүресің,
Бірге жүрген күндер қандай ізгі еді.

Шиелінің шежіресін білетін,
Екеу болса сен соның бір едің.
Келген сайын Ыбекеңнің басына,
Құран оқып, тілегіңді тіледің.

Сексенге сергек келдің алқынбадың,
Әзілдейсің деп кейде «қалпымдамын».
Қолыңа таяқ емес, қалам ұстап,
Жүргенің ол өмірде талпынғаның.

Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
14 сәуір 2026 ж. 88 0