Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАУЫННЫҢ ЖЫРЫ БІТПЕЙ ТҰР

ЖАУЫННЫҢ ЖЫРЫ БІТПЕЙ ТҰР

Көктем – табиғаттың қайта түлеп, тіршілік атаулыға жаңа серпін беретін мезгілі. Жер бусанып, көк қаулап, айнала жасыл желекке бөленетін бұл шақтың өзіндік ерекшелігі де, әсемдігі де бөлек. Алайда биылғы көктем Шиелі жұртшылығы үшін тек жаңару мен жайнаудың емес, сынақ пен сабырдың кезеңіне айналып отырғаны жасырын емес.
Негізінен, бұл мәселе кеше немесе бүгін пайда болған жоқ. «Өскен өңірдің» осыдан бұрынғы сандарында «Көлшікке айналған көшелер», «Жауыннан келер кедергі азайды ма?», «Жауын – береке ме, әлде бейберекет сынақ па?», «Сасық шалшықтан құтылар күн таяу» тақырыптарындағы мақалалар арқылы аудан көшелеріндегі ахуал бірнеше рет қаузалған. Аталған жарияланымдарда жауын жауған сайын қайталанатын көрініс – көшелердің суға толуы, тұрғындардың жүру-тұруының қиындауы, көлік қозғалысының баяулауы жан-жақты сөз болды. Бұл мәселе ауданның күн тәртібінен түспей келе жатқан түйткіл екені де ашық айтылды.
Соңғы күндері толассыз жауған жауын-шашын мөлшері бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артып, табиғат тосын мінез танытты. Әдетте өткінші жаңбырға үйренген тұрғындар үшін бұл өзгеріс күтпеген жағдай болды. Бір жағынан, бұл – ырыс пен берекенің нышаны. Себебі мол жауын – егін еккен диқанға да, төрт түлік баққан шаруаға да тиімді. Жердің ылғалы артып, өнімнің шығымдылығы жақсарады.
Дегенмен, табиғаттың сыйымен бірге сын да келетіні белгілі. Шиелі кентіндегі көшелердің жаңбыр суына толып, көлшікке айналуы көптен бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе Рысқұлов, Абылай хан, әл-Фараби, Байтұрсынов көшелеріндегі, тіпті орталық базар іші тұрғындар үшін күнделікті өміріне елеулі қолайсыздық туғызуда. Бір сағатқа жетер-жетпес жауған жаңбырдың өзі көлік қозғалысын тежеп, жаяу жүргіншілер үшін үлкен кедергіге айналады.
Жауыннан кейінгі көрініс – кептеліс, батпақ, аяқ алып жүргісіз көшелер. Балалар мектепке жету үшін су кешіп өтсе, үлкендер жұмысқа барудың машақатын тартады. Мұндай жағдайдың жыл сайын қайталануы – мәселенің уақытша емес, жүйелі сипат алғанын аңғартады.
Дегенмен, соңғы уақытта жергілікті биліктің бұл мәселеге бейжай қарамай, нақты қадамдар жасап жатқанын байқауға болады. Арнайы су тартқыш техникалардың жұмылдырылып, көшелерді жедел тазарту жұмыстарының жүргізілуі – құптарлық іс. Рысқұлов пен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы судың қысқа уақыт ішінде сорылып алынуы соның айқын дәлелі. Бұл тек көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың, әсіресе оқушылардың қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік берді.
Алайда бұл әрекеттер мәселені түбегейлі шешпейді. Бұл – тек салдармен күрес. Ал себеп қайда? Себеп – кенттегі –жауын суын ағызу жүйесінің жеткіліксіздігі мен инженерлік инфрақұрылымның талапқа сай болмауында.
Сондықтан бүгінгі күні уақытша шаралармен шектелмей, ұзақ мерзімді, жүйелі шешімдер қабылдау қажет. Біріншіден, кент ішіндегі арық-атыз жүйесін жаңғыртып, жаңбыр суын тиімді бағыттайтын дренаждық желілерді салу маңызды. Екіншіден, жол құрылысы кезінде су ағу ерекшеліктері ескеріліп, еңіс бағыттары дұрыс жоспарлануы тиіс. Үшіншіден, орталық көшелермен қатар, шет аймақтардағы жолдарға да назар аударылып, кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет.
Сонымен қатар тұрғындардың да жауапкершілігін арттыру – маңызды факторлардың бірі. Көшелердегі қоқыстың арықтарды бітеп, судың жүруіне кедергі келтіретіні жиі байқалады. Демек, тазалық – тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Қорыта айтқанда, көктемгі жауын – табиғаттың сыйы. Бірақ сол сыйды тиімді пайдалану – адамзаттың қолында. Шиелі өңіріндегі бүгінгі жағдай – инфрақұрылымды жетілдірудің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Ендеше, уақытша шаралармен шектелмей, жүйелі шешімдерге көшу – бүгінгі күннің басты талабы.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
13 сәуір 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (9393)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930