Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шипа мен шапағат иесі

Шипа мен шапағат иесі

Қоғам денсаулығын нығайту ісінде мейіргер мамандығының орны ерекше. Әсіресе, ана мен бала денсаулығын қорғауда патронаж мейіргерінің еңбегі өлшеусіз. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген мамандардың бірі – Қызылорда қаласындағы №1 қалалық емхананың аға патронаж мейіргері Ғазиза Өтебайқызы Әбідразақова.
Ғазиза Өтебайқызы медицина саласындағы еңбек жолын терең білім мен табанды ізденістен бастаған. Ол 1999-2002 жылдары Қызылорда медициналық колледжінде білім алып, кейін денсаулық сақтау саласында үздіксіз қызмет етіп келеді. №1 қалалық емханада 2014 жылдан бері еңбек етеді. Алғашында балалар мейіргері болып жұмыс істеген ол 2017 жылдан бастап патронаж мейіргері қызметіне ауысып, осы бағытта мол тәжірибе жинақтады. 2026 жылдан бері өз аймағымен қатар аға патронаж мейіргері ретінде де қызмет атқарып келеді.
Оның күнделікті жұмысы – жай ғана медициналық бақылау емес, тағдырмен бетпе-бет келген отбасыларға нақты қолдау көрсету. Жүкті әйелдермен, жаңа туған нәрестелермен, бес жасқа дейінгі балалармен тұрақты жұмыс жүргізу арқылы ол талай отбасының өміріне оң өзгеріс әкеліп жүр. Патронаж қызметі үй жағдайында көрсетілетін медициналық көмектің маңызды бөлігі ретінде ана мен бала денсаулығын сақтау, қауіп факторларын ерте анықтау, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету міндеттерін қамтиды.
Бұл бағыттағы жұмыстың маңызы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінде қабылданған нормативтік-құқықтық құжаттарда да айқын көрініс тапқан. Соның ішінде патронаж қызметін ұйымдастыруға негіз болған №11 бұйрық мейіргерлер жұмысының мазмұны мен жүйесін нақтылап берді. Аталған құжатқа сәйкес патронаж қызметі әмбебап, таңдамалы және күшейтілген деңгейде жүргізіледі. Бұл, әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, тұрмыстық қиындық көріп отырған немесе денсаулығында қауіп факторы бар отбасылармен жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ғазиза Өтебайқызының кәсіби тәжірибесінде мұндай мысалдар аз емес. Ол төмен салмақпен туған және шала туған нәрестелермен, созылмалы ауруы бар балалармен, дұрыс тамақтану бұзылысы кездесетін жүкті әйелдермен, ана сүтімен қоректендіру мәселесі туындаған аналармен тұрақты жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар баланың дамуына ата-ананы тарта отырып, отбасы ішіндегі ахуалға да жіті назар аударады.
Патронаж мейіргері кейде тек медицина қызметкері ғана емес, қажет сәтте кеңесші, ұйымдастырушы, тіпті үміт сыйлайтын жанға айналады. Ғазиза Өтебайқызының еңбек жолындағы ерекше жетістіктерінің бірі – қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты көмек көрсетіп, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуіне ықпал етуі.
Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, тұрақты мекенжайы мен азық-түлігі жоқ көпбалалы анаға жан-жақты қолдау ұйымдастырылған. Аймақ тұрғындарының көмегімен киім-кешек, төсек-орын, тұрмыстық қажеттіліктер жиналып берілген, демеушілер тартылып, ай сайын азық-түлік жеткізу жолға қойылған. Әлеуметтік қызметкерлермен бірлесе отырып, балалардың тегін тамақтануы мен балабақшаға орналасуы да қамтамасыз етілген. Кейін анамен және оның туыстарымен жүйелі жұмыс жүргізіліп, ол «Аналар үйіне» орналастырылып, уақыт өте келе туған-туыстары қамқорлығына алған.
Тағы бір өмірлік маңызды жағдайда ата-анасы ажырасып, анасы ішімдікке салынған екі кішкентай қыздың тағдыры назардан тыс қалмаған. Психологтармен және әлеуметтік қызметкерлермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде балалардың әкесі табылып, қыздар әкесінің және әжесінің қолына берілген. Бүгінде олардың жағдайы жақсарып, қалыпты ортада өсіп келеді. Мұндай нәтижелер – мейіргер еңбегінің тек медициналық емес, әлеуметтік маңызы да зор екенін көрсетеді.
Ғазиза Өтебайқызы өз қызметінің мәнін терең түсінеді.
«Патронаж мейіргерінің міндеті – тек баланың салмағын өлшеп, денсаулығын бақылау емес. Біз отбасының жағдайын көріп, анаға да, балаға да уақытында бағыт-бағдар беруіміз керек. Себебі баланың амандығы – отбасының амандығымен тікелей байланысты» – дейді ол.
Шынында да, патронаж қызметінде бала денсаулығы отбасы ішіндегі ахуалмен тығыз сабақтас. Маманның пайымынша, үйдегі жанжал, әке-шешенің ішімдікке немесе өзге зиянды әдеттерге салынуы, дұрыс тамақтанудың болмауы, ананың күйзелісі – бәрі де баланың дамуына тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайда бала сырттай ештеңе білдірмегенімен, ішкі жан дүниесінде күйзеліс жинап, психоэмоционалдық және физикалық дамуы тежелуі мүмкін.
Осы орайда ол жүкті әйелдермен профилактикалық әңгімелерді де жиі жүргізеді.
«Болашақта дені сау бала дүниеге келуі үшін жүкті әйелдің дұрыс тамақтануы, көңіл күйінің тұрақты болуы, күйзеліске түспеуі өте маңызды. Ана денсаулығы – ұлт денсаулығының бастауы», – дейді мейіргер.
Ғазиза Өтебайқызы өз ісіне шын берілген, тәжірибесі мен адамгершілік қасиеті қатар ұштасқан маман. Оның адал еңбегі лайықты бағаланып, UNICEF-тің пилоттық бағдарламасы аясында марапатқа ие болған.
Мейіргерлік – мейірім мен жауапкершілікті қатар талап ететін мамандық. Ал патронаж мейіргері – сол мейірімді үй-үйге жеткізетін, ананың алаңын басып, баланың болашағына алаңдайтын ерекше маман. Ғазиза Әбдіразақова секілді өз ісіне адал жандардың еңбегі арқылы ана мен бала денсаулығын қорғау ісі нығайып, қоғамның әлеуметтік саулығы арта түседі.
10 сәуір 2026 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930