Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрекке жол тапқан ұстаздар жеңісі

Жүрекке жол тапқан ұстаздар жеңісі

Білім беру кеңістігінде ерекше миссияны арқалаған, мейірім мен кәсібилікті қатар ұштастырған ұстаздардың шеберлігі сынға түскен аудандық «Үздік мұғалім – 2026» байқауы өз мәресіне жетті. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасайтын педагогтер арасында өткен бұл байқау – ізденіс пен жаңашылдықтың, тәжірибе мен шығармашылықтың шынайы мерекесіне айналды.
Байқаудың басты мұраты – инклюзивті білім беру саласында еңбек етіп жүрген мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттырып, олардың озық тәжірибесін көпшілікке үлгі ету, шығармашылық әлеуетін шыңдау болды. Осы бағытта ұйымдастырылған дода педагогтердің білім мен біліктілігін саралап қана қоймай, олардың жүрек жылуын, балаға деген шексіз жанашырлығын айқын көрсетті.
Сайыс барысында қатысушылар заманауи әдіс-тәсілдерді шебер қолдана отырып, ерекше білім алушыларға сапалы білім берудің тиімді жолдарын ұсынды. Әрбір сабақ – ізденістің жемісі, әрбір таныстырылым – тәжірибенің тереңдігі мен жанкешті еңбектің көрінісі болды. Бұл тек байқау ғана емес, педагогтер үшін өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеяларға жол ашқан маңызды алаңға айналды.
Нәтижесінде үздіктер анықталып, еңбегімен дараланған ұстаздар лайықты марапатқа ие болды. Бас жүлде – №219 мектептің пән мұғалімі Жанерке Бейжігітке, I орын – №153 мектептің пән мұғалімі Бақтыгүл Күздеубаеваға бұйырды. II орын – №244 мектептің пән мұғалімі Әйгерім Тәжібаева, №47 мектептің пән мұғалімі Айнұр Ермаханқызының қанжығасында болса, III орын – №270 мектептің пән мұғалімі Жақсыгүл Рысбекова, №45 мектеп-гимназияның пән мұғалімі Меруерт ­Лекер, №41 мектептің пән мұғалімі Мақпал Балтабаеваның еншісінде.
Бұл жеңіс – тек марапат емес, әр баланың жүрегіне жол таба білген ұстаз еңбегінің лайықты бағасы. Ерекше білімді қажет ететін әрбір балаға үміт сыйлап, олардың болашағына сенім ұялатқан педагогтер – қоғамның шынайы қаһармандары. «Үздік мұғалім – 2026» байқауы – жүрекпен оқытатын ұстаздардың жарқын жеңісі, мейірім мен білімнің тоғысқан тұсы.

Гүлнәр Әбдіхани
06 сәуір 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930