Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақ болыңыз – кене маусымы басталды

Сақ болыңыз – кене маусымы басталды

Көктем мезгілінің келуімен табиғат жанданып қана қоймай, адам денсаулығына қауіп төндіретін жәндіктердің белсенділігі де арта түседі. Соның бірі – кене. Табиғатта, жайылымда, мал қораларында кездесетін бұл буынаяқты жәндік аса қауіпті жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болып табылады.
Кене арқылы адамға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті, кене риккетсиозы сияқты ауыр дерттер жұғуы мүмкін. Бұл аурулар дер кезінде анықталып, ем қолданылмаса, адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Аурудың қоздырғышы – вирус, ал ол адам ағзасына тек кене шаққанда ғана емес, сондай-ақ кенемен тікелей жанасу кезінде де жұғады. Мәселен, мал үстіндегі кенені жалаң қолмен жұлу, жаншу, қой қырқу барысында кене қанының шашырауы инфекция жұқтыруға себеп болуы ықтимал.
Аудан бойынша өткен жылы 150 адам кене шағуынан медициналық көмекке жүгінген. Мамандардың мәліметінше, аурудың жасырын кезеңі 1-7 күннен 12-14 күнге дейін созылады. Алғашқы белгілері – дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшық ет пен буындардың сырқырауы. Ұйқысы бұзылып, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Науқастың белі, іші ауырып, құсу жағдайы да болады. Ине шаншыған жерлер көгеріп, көзі қызарып, ауыз, мұрын қуыстарынан 7-8-ші күндері қан кетуі мүмкін. Дер кезінде емделмеген жағдайда науқастың қан анализдерінде қанның ұю уақыты ұзарып, қан көп кету жағдайына әкеліп соқтырып, кеш келген науқасты аман алып қалу жағдайы мүмкін болмай қалады. Егер науқас дене қызуы көтерілісімен, яғни 3-4 күндері ертерек келсе, емін дер кезінде алса, науқас жеңіл түрде немесе қан кету жағдайына жетпей жазылып кетеді де 7 жылға дейін иммунитет пайда болады.
Өткен жылы Қырым Қанды безгегі ауруының 23 табиғи ошағынан және ауданның басқа да 16 елді-мекеннің жайылымынан, малдарынан және мал қораларынан табылған 4078 дана кене облыстың аса қауіпті аурулар зертханасына жіберілген болатын. Зерттеу нәтижесінде жаңадан 3 елді мекеннен Қырым Қанды безгегіне оң нәтиже берген кенелер табылды. Атап айтқанда, Жөлек, Ақмая және 1-мамыр ауылдарынан Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына оң нәтиже берген кенелер анықталған. Бұл жағдай өңірде кене арқылы таралатын инфекциялардың таралу аймағы кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
Кенелердің көбеюіне олардың табиғи тіршілік циклі әсер етеді. Оның басты себебі кенелер қыс айларында көңнің астында жатып жұмыртқалап, ол жұмыртқадан балапан кенелер ақпан-наурыз айларында адамға, малға жабысып, қанын сорып үлкен кенеге айналады. Қауіпті инфекциядан өзіңізді қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау ережелерін пайдаланғаныңыз аурудың алдын алатынын ұмытпаңыз.
Мамандардың айтуынша, аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – кенелерді жою және жеке қорғану шараларын сақтау. Атап айтқанда, табиғатта жүргенде қорғаныш киімдерін кию, денені жиі тексеру, малмен жұмыс кезінде сақтық шараларын сақтау қажет. Сондықтан ауыл округ әкімдері тарапынан хабарланған уақытта мал қораларыңызды тазалап, малдарыңызды түгелдеп, улау жұмыстарының сапалы жүргізілуіне ат салысып, аурудың алдын алу өз денсаулығыңыздың кепілдігі екенін ұмытпағаныңыз абзал.
Қазіргі уақытта аудан аумағында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижелі болуы үшін тұрғындар мал қораларын алдын ала тазалап, мал басын толық қамтып, улау шараларына белсенді қатысуы тиіс. Тазаланбаған қораларда кенелер жасырын қалып, жүргізілген жұмыстардың тиімділігін төмендетеді.
Сақтық – саулық кепілі. Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, кене арқылы таралатын қауіпті аурулардың алдын алуға барынша мән бергені жөн.

Жандос Байділдаұлы,
«Ұлттық сараптама орталығы»
Шиелі аудандық бөлімшесінің
сан-эпид. қызмет маманы
06 сәуір 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930