Театр төрінде танылған талант
27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Тараз қаласында ерекше рухани шара өтті. Ақын, жыршы-жырау Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы аясында ұйымдастырылған халық театрлары арасындағы республикалық моноспектакль фестиваль-байқауы өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.Ұлттық театр өнерін дамытып, халық театрларының шығармашылық әлеуетін арттыру және дарынды өнерпаздарды қолдауды мақсат еткен байқау тартысты өтті.
Фестивальге еліміздің әр өңірінен өнер ұжымдары мен жеке орындаушылар қатысып, өз шеберліктерін сынға салды. Солардың қатарында Бұдабай Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығының намысын қорғаған Жастармен жұмыс бөлімшесінің меңгерушісі Меруерт Жомартова да бар.
Өнерпаз байқау барысында сахна мәдениеті мен актерлік шеберлігін жоғары деңгейде көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Нәтижесінде ол «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясымен марапатталып, аудан абыройын асқақтатты.
Халықаралық театр күні аясында өткен тағылымды шара өнердің қадірін арттырып, жаңа есімдердің танылуына жол ашты. Ал шиелілік өнерпаздың жеңісі – өңір мәдениетінің дамып келе жатқанын көрсететін жарқын дәлел.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








