Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенімсіз қоғамның сызаты

Сенімсіз қоғамның сызаты

«Пейілі жаманды құдай табады, тоны жаманды ит қабады» деп бекер айтпаған халқымыз қай заманда да адамның байлығы мен бағасын оның ниетімен өлшеген. «Пейілінен тапты», «Құдай пейілге қарай береді» деген ұғымдар – соның айғағы. Өйткені пейіл – адамның ішкі әлемі, ниеті – оның айнасы. Пейілі кең адамның өрісі де кең, жолы да ашық. Ал пейілі тарылған жанның тірлігі де тұйыққа тіреледі.
Сондықтан дана халық «Жақсы пейіл жақсы сөзден басталады», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, ізгі ниеттің қадірін биік қойған. Керісінше, арам ой мен теріс пиғылға «Өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер» деп қатаң баға берген. Бұл – ғасырлар сүзгісінен өткен өмірлік қағида.
Алайда бүгінгі қоғамға көз салсақ, көңілді күпті ететін көріністер аз емес. Ел арасында «адамдардың пейілі тарылып барады», «ниетімізге не болған?» деген алаңдаушылық жиі айтылады. Шынында да, дүниеміз кеңейген сайын, жүрегіміз тарылып бара жатыр ма, қалай?
Бұрын қазақта «асар» деген ұғым болды. Бір үйдің шаруасы – бүкіл ауылдың шаруасы еді. Үй салса – жабылып жүріп тұрғызатын, қуанышы мен қайғысын бірге бөлісетін. Ал қазір ше? Көмек сұрасаң, алдымен ақы сұрайтын заманға жеттік. Ағайынның өзі ақысын бермесең, бір кірпіш көтеруге құлықсыз. Бұл – тек тұрмыстың емес, пейілдің өзгергенінің белгісі.
Күнделікті өмірде естіп жүрген жағымсыз жаңалықтар да жүрекке ауыр тиеді. Алаяқтық, тонау, зорлық-зомбылық, жоғалған адамдар… Мұның бәрі – қоғамдағы сенімнің әлсірегенінің көрінісі. Біреу пәтер алып беремін деп алдайды, біреу интернет арқылы арбайды. Бұрын адамдардан жылулық күтсек, қазір күдікпен қараймыз.
Әсіресе, балалар қауіпсіздігі мәселесі алаңдатады. Бұрын бала көшеде емін-еркін ойнайтын. Көрші-қолаң, ауыл үлкендері оларды бақылап, керек жерінде ескерту жасап, қамқор болатын. Әр үй – пана, әр адам – қорған еді.
Бүгінгі жағдай мүлде бөлек. Бала есіктен шықса, ата-ананың жүрегі алаң. Көшедегі әр адам – қауіп секілді көрінеді. Себебі қоғамда сенім азайған.
Оған сорақы мысалдар жетерлік. Интернет арқылы алданған жасөспірімдер, аулада жүріп жоғалған балалар, себепсіз қатыгездікке барған жеткіншектер… Мұның бәрі – пейілдің тарылып, қоғамның суып бара жатқанын көрсетеді. Сонда мәселе қайда? Қоғам қатыгезденіп кетті ме, әлде адамдардың ниеті бұзылды ма?
Шын мәнінде, бұл – бір ғана себептен туындаған құбылыс емес. Уақыт өзгерді, өмір ырғағы жылдамдады, технология дамыды. Бірақ сол өзгерістердің тасасында адамгершілік құндылықтар ескерусіз қалып бара жатқандай.
Бүгінгі бала смартфонға телміріп өсіп келеді. Оның тәрбиесін ата-ана ғана емес, интернет те қалыптастырады. Ал интернеттің ұсынған дүниесінің бәрі бірдей ізгілікке бастай бермейді. Соның салдарынан шынайы өмірдегі қарым-қатынас әлсіреп, жанашырлық азаяды.
Тағы бір мәселе – жауапкершіліктің жекешеленуі. Бұрын «бір бала – бәріміздің баламыз» дейтін түсінік болса, қазір әркім тек өз отбасымен шектеледі. Бұл да қоғамдағы жылылықтың азаюына әсер етті. Алайда бәрін заманға жауып қою – дұрыс емес. Өйткені қоғам – адамдардан тұрады. Демек, өзгеріс те әр адамның өзінен басталады.
Жанашырлықты қайтару үшін үлкен реформаның қажеті жоқ. Кішкентай қадамдардың өзі жеткілікті. Біреуге жылы сөз айту, көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу, балаға жанашыр көзбен қарау – осындай қарапайым әрекеттер қоғамды өзгертеді.
Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Ендеше, жақсыны көбейту – әрқайсымыздың міндетіміз. Өйткені пейіл кеңейсе – жүрек жылынады, жүрек жылынса – қоғам да жылынады.
Жанашырлық жоғалған жұрт ештеңе ұтпайды. Керісінше, ең қымбат қазынасынан – адамдық болмысынан айырылады. Ал адамдық жоғалған жерде дамудың да, бақыттың да мәні болмайды. Сондықтан өзімізден бастайық. Пейілімізді түзеп, ниетімізді оңдайық. Себебі қоғамның келбеті – әрқайсымыздың жүрегіміздің көрінісі.

Гүлхан ЯХИЯ
30 наурыз 2026 ж. 32 0

Қоғам

10  жылда  1000  газет
30 наурыз 2026 ж. 41

PDF нұсқалар мұрағаты

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031