Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАНАШЫРЛЫҚ ҚОЛДАУ ЖОҒАЛҒАН ЖҰРТ НЕ ҰТАДЫ?

ЖАНАШЫРЛЫҚ ҚОЛДАУ ЖОҒАЛҒАН ЖҰРТ НЕ ҰТАДЫ?

Қазақта «Пейілі жаманды құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «Пейілінен тапты», «Құдай пейілге қарай береді» деген сөздер аз емес. Адамның пейілі оң болса, оның ісі де оңға басады, мәртебесі де артады. Оған ешкім күмән келтірмейді.
Сондықтан халқымыз «Жақсы пейіл жақсы сөзден басталады», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, оң пейілге қолдау көрсетсе, теріс, жат, арам пиғылға «Өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер», «Пейілі терiс хан iс етсе, ол жиған малыңды тәрк етер» деп теріс баға берген екен. Қазіргі кезде ел арасында «адамдардың пейілі тарылып барады», «кей жастарымыз жамандық атаулыға әуес», «ниетімізге не болған?» деген сөздерді естіп қаламыз. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы анық. Көпшілікті дүниенің кеңейіп, пейілдің тарылып бара жатқандығы алаңдатады. Оған себеп те бар. Адамдардың бір-біріне жәрдемдесу, қол ұшын берудің азайғаны қашан. Бұрын асарлатып үй соға салатын ағайынның қазір ақысын бермесең бір кірпішін орнынан қозғалтуға құлқы жоқ. Күнделікті өмірде арбау, кісі өлтіру, тонау секілді жағымсыз оқиғаларды да жиі естиміз. Жоғалып жатқан адамдардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Пәтер алып беремін деп тұрғындардан ақша жымқырған алаяқтар да жетерлік. Қайсы бірін айтайық, ел арасындағы осындай келеңсіздіктерді көріп жүрегің ауырады. Қоғам қатыгезденіп бара ма, жоқ әлде адамдардың пейілі тарылып, пиғылы бұзылды ма? Қазақ деген дархан халықтың тәлімтәрбиесі, ізгілік, инабат мектебі, кішінің үлкен алдындағы ілтипаты мен ізеті қайда қалды? Түсініксіз.
Әріптес ағамыздың кезінде нағыз тентек жігіттердің бірі болғанын білеміз. Төбелес те көрген, талай түнін далада да өткізген. Бір сөзбен айтқанда жастық шағы батыл, бейқам өткен. Ал қазір баласының көшеге шыққанынан артық қорқынышы жоқ.
– Өзіңіз де жас болдыңыз ғой. Көшеде жүрдіңіз, талай қызық көрдіңіз. Неге сонша уайымдайсыз? – деп сұрасақ:
– Ол кезде басқаша еді. Әр үй бізге пана болатын. Үлкендер бөтен баланы көрсе, «Үйіңе аман-есен жет?» деп қайтаратын. Өзге қалаға бара жатсаң біреу су беретін, біреу нан ұстататын. Біз бөтен болмайтынбыз. Ал қазір балаңды бөтен жерге жіберу – орманға жалғыз жіберумен бірдей, – дейді.
Рас. Қазір балаға бөтеннің жымиғаны – сенім емес, күдік тудырады. Көше – қауіп, аула – белгісіз. Аралас-құралас жатқан ауылдағы ағайынның өзіне сену қиын. Тіпті отбасы мүшелерінің бір-біріне жасаған қатыгездіктерін естігенде денең түршігеді. Содан соң балаң есіктен шыққан сәттен бастап «Тез кел!» деп айқайлайсың.
Жақында ғана Астананың орталығында анасы жұмысқа кеткенде, 9 жастағы бала дүкенге шығып кеткен. Артынан іздегенде дүкенге жетпеген. Бірнеше сағаттан соң ғана такси жүргізушісі тауып берген. Бұл – жай ғана бір оқиға. Бірақ оның астарында тұтас елдің қасіреті жатыр. Әнеугүні ғана ­аулада ойнап жүрген кішкентай баланың жасөспірім қызға пышақ кезегені ше? Ал былтыр Қарағанды облысының 16 жасар жеткіншек мектептен қайтып келе жатып, ешкімге белгісіз бағытта кетіп қалған. Кейін белгілі болғандай, оны интернетте танысқан ересек адам алдап шақырған. Алдыңғы жылы Шымкент қаласының 6 жасар тұрғыны аулада ойнап жүріп жоғалды. Тізе берсек шегі жоқ...
Бұл тек жай ғана статистика емес, адамдардың пейіліміздің айнасы. Өйткені балаға қауіп тек қараңғы көшеден емес, адамдардың жүрегінен де келеді. Пейіл тарылған сайын сенім жоғалады. Сенім жоғалған сайын қоғам суықтайды.
Біз бала күнімізде асыр салып ойнаған топырақ – қазір смартфон мен идеологиясы белгісіз қытай ойыншықтары. Біз сенген үлкендер – қазір бөтеннің тағдырына жауап бергісі келмейтін адамдар. Бір кездері көшеде ойнап жүрген балаға бүкіл тұрғын жауапты болса, қазір әр бала – тек өз әкешешесінің ғана уайымы.
Ал сіз айтыңызшы, жанашырлық жоғалған жұрт не ұтады?..

Гүлхан ЯХИЯ
04 қыркүйек 2025 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9333)

03 қыркүйек 2025 ж.

№65 (9332)

30 тамыз 2025 ж.

№64 (9331)

26 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930