Өнегелі өмір – өшпес із
Қазақ дүниетанымында адам болмысының биігін айқындайтын, оның қадір-қасиетін асқақтататын үш асыл ұғым бар. Олар – тектілік, еңбекқорлық және қарапайымдылық. Осы қасиеттер бойынан табылған жан ғана уақыт сынынан өтіп, ел жадында сақталып, ұрпаққа өнеге бола алады. Сондай өнегелі ғұмырымен саналы өмірін мемлекет пен қоғамға адал қызмет етуге арнаған байырғы әріптес Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбараковтың дүниеден озғанына да бүгін жыл толып отыр. Ағайын-туысы, ет-жақын бауырлары марқұмның жылдық асын беріп, рухына Құраннан дұға бағыштауда. Біз де Шиелі халқы атынан арда азаматтың рухы шат болсын деп тілейміз.Қ.Амангелдіұлының өмірден өткеніне жыл толған уақытта оның асыл бейнесін жадымызда қайта жаңғырта отырып, Шиеліде жасаған жасампаз істерін халық алдында тағы бір жаңғырта-жаза отырып, еске салуды жөн деп таптық. Біз ел басқаруда парасат-пайымы биік, аймақтың қаржы саласында, оның дамуы мен өрлеу тарихында қолтаңбасы айрықша қалған ардақты азаматты терең сағынышпен, зор құрметпен еске аламыз. Оның ғұмыры – адал еңбек пен асыл мұраттың, жауапкершілік пен жанашырлықтың жарқын шежіресі еді.
Қамбарбек Амангелдіұлы 1973 жылы 2 наурызда дүниеге келді. Экономист-менеджер, заңгерлік мамандығы бойынша жоғары білім иесі өзінің еңбек жолында облыс банктерінде, салық комитеттерінде басшылық қызметте білімі мен біліктілігін, еңбекқорлық, адалдық қасиеттерімен ерекшелене еңбек етті.
2004-2008 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, 2008-2009 жылдары Шиелі ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, 2009-2011 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болды.
Одан кейін 2011-2018 жылдар аралығында Қызылорда облысы тексеру комиссиясының төрағасы, 2019-2020 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2020-2021 жылдар аралығында Шиелі ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, 2022-2023 жылдары облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2023 жылдың 19 мамырынан бастап өмірінің соңына дейін облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы болды.
Шиелі ауданының тарихында білікті басшы, іскер азамат, белгілі қаржыгер-экономист ретінде есімі қалған Қамбарбек Амангелдіұлы 2025 жылдың 29 сәуірі күні 52 жастан асқан шағында мәңгілік сапарға аттанып кеткен еді.
Ол қандай қызмет атқарса да, ел мүддесін бәрінен биік қойып, халыққа қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырды. Басшылық жолында байыптылық пен бекзаттықты, әділдік пен көрегендікті қатар ұстанып, талай игі бастамалардың ұйытқысы болды. Қаржы саласында терең білімі мен сарабдал шешімдері арқылы ел дамуына берік негіз қалап, сенім мен тұрақтылықтың символына айналды.
Қамбарбек Амангелдіұлы ауданға 2020-2021 жылдары басшылық етті. Әкім ретінде ол туған жердің тынысын тап басып, әрбір істі жүрек сүзгісінен өткізе отырып атқарды. Халықтың үніне құлақ асып, елдің ертеңіне алаңдаған жанашыр басшы бола білді. Оның еселі еңбегі мен ерен істері уақыт өткен сайын өз құнын арттыра түсері анық.
Марқұмның басшылығымен ауданның әлеуетін арттыру бағытындағы ауқымды жобалар жүзеге асты. «Шиелі жолшы» ЖШС-ның темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауыты іске қосылып, «Әбдіманап базары» ЖШС-ның заманауи жабық сауда орны халық игілігіне берілді.
Сонымен қатар «Молдир и К» серіктестігі қолға алған құс фермасын кеңейту жобасы өңір экономикасының өркендеуіне тың тыныс алып келді.
Халықтың тұрмыс сапасын жақсартудағы ең үлкен жетістіктердің бірі – елді мекендерді газдандыру ісі болды. Байсын ауылына көгілдір отын жеткізіліп, тұрғындардың күнделікті өміріне айрықша жеңілдік сыйлады. Өзге де бірқатар елді мекендерді газдандыруға арналған жобалар әзірленіп, болашақтың берік іргетасы қаланды. Бұл – оның ел қамын ойлаған жанашыр жүрегінің айқын көрінісі еді.
Қамбарбек Мүбараков әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөліп, ауылдардың ажарын ашып, тұрғындардың тұрмысын түзетуге бар күш-жігерін арнады. Тартоғай мен Сұлутөбе ауылдарында ауызсу және инфрақұрылым мәселелері шешімін тауып, елдің еңсесі көтерілді. Қамбарбек Мүбараковтың тікелей бастамасымен Жиделіарық елді мекенінде 150 орындық клубтың ғимараты жаңадан салынды. Сондай-ақ Бірлестік ауылындағы «Жаназар батыр» ауылдық мәдениет үйі мен №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейі, №1 Аққайың бөбекжай-бақшасы, Ы.Жақаев ауылындағы «Балдырған балабақшасы күрделі жөндеуден, Ш.Қодаманов ауылындағы №158 орта мектеп ағымдағы жөндеуден өтіп халықтың игілігіне табысталды.
Сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шиелі кентіндегі «Шұғыла-2», «Шұғыла-3» және «Шығыс-4» шағын аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым дамыту және жайластыру тас жолдарының құрылысы жүзеге асты. Шиелі кентіндегі үш қабатты 18-пәтерлі тұрғын үй құрылысы жұмысына облыстық бюджеттен 104 323,0 мың теңге қаржы қаралып, толық игерілді. Шиелі кенті Береке шағын ауданында 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үй салу жұмыстарына 233 870,0 мың теңге, Шиелі кентіндегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы жұмысына республикалық және облыстық бюджеттерден 2020 жылға 195 054,9 мың теңге қаралып, 2021 жылы құрылысы аяқталды.
Шиелі станциясының «Шиелі-20 бекет» учаскесіндегі 2945 шақырымындағы қос жолды темір жол арқылы автомобиль жолы көпірін салу» жұмысы бойынша 653 541,51 мың теңгеге келісім-шарттар жасалынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. «Самара-Шымкент-Жөлек» автомобиль жолы бойындағы ПК-0,4 шақырымындағы көпірге орташа жөндеу жұмысы» бойынша 12 836,01 мың теңгеге келісім-шарт жасалынды. Нысан 2020 жылдың 26 маусымында пайдалануға берілді. «Самара-Шымкент» автомобиль жолы бойындағы Жөлек учаскесіндегі Сырдария өзенінен өтетін қалқымалы көпірді күрделі жөндеу жұмысы» бойынша 103 296,26 мың теңгеге келісім-шарт жасалынып, 2020 жылдың 08 қазанында ел игілігіне ұсынылды.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 6 жоба қаржыландырылып, 10 миллион теңгеге 4 инновациялық жобаға грант берілді. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 11 жоба қаржыландырылды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 776 жобаға 428 млн 047 мың теңге қайтарымсыз грант қаражаты бөлінді. Осылайша, Қамбарбек Мүбараков кәсіпкерлердің жаңа идеяларын қолдап, ауылдағы еңбек нарығын жаңғыртты. Мұның бәрі – марқұмның табанды еңбегі мен ел болашағына деген шынайы жанашырлығының жемісі.
Ол тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, адами болмысымен де биік еді. Кішіпейілдігі мен кең пейілі, парасаттылығы мен пайымдылығы оны айналасына сыйлы, көпке үлгі етті. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт азамат ретінде әр тұрғынның жүрегінен орын тапты.
Асыл жанның жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы мәңгілік жадымызда сақталады. Оның артында қалған ізгі істері мен тағылымды тағдыры келер ұрпаққа жол көрсетіп, рух берері сөзсіз. Жаны жәннатта шалқып, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Шиелі ауданының әкімдігі






