Болмысы бөлек жан еді

«Атқан оқтай, шапқан аттай» зымыраған уақыт... Көгілдір көктемнен көп үміт күтіп, Табиғат-Ананың жылуын енді сезіне бастаған ақпанның 28 жұлдызында Елтай Айыптан мәңгіге көз жазып қалдық. Бұл пәниде темір өзекті пенде жоқ. Бірақ, төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, біріне адал дос, ұжымға сыйлы кісі болған Елтай ағаның адамгершілік болмысы да бөлек еді. 2020 жылдың ақпан айында мына ғаламның құшағына сыймай кеткен қайран жанды ұжымдастары сағынышпен еске алады. Үлкен жүрегі ел деп соққан кешегі серілердің сарқытындай өзіне тән қасқыр мінез, адал жүрек, тік мінезі бар еді. Даурығып көп сөйлемейтін, мақтаншақтыққа қаны қас, өзінің әр сөзіне жауап беруге дайын екендігіне сендіре алатын шынайылығы адамдарды өзіне баурап алатын. Іскер ағамыз «Өскен өңір» редакциясында ұзақ жылдар жүргізуші болып абыройлы қызмет етті. Журналистерді діттеген жеріне дер кезінде жеткізіп, жиналыстарға кешіктірмей уақытында апарып отырды. Ерекше болмыс иесі Елтай аға өзінің әзілге толы әңгімелерімен дараланып тұратын. Міне көрген түстей уақыт зымырап өте шықты. Тәңірім оған толымды тұлғасына сай салмақты мінез де берді. Оның жылы жүзі мен шырайлы күлкісі көз алдымызда. Елтай ағадай жаны жайсаң, еңбекқор, сергек жанның бейнесі жүрегімізде сақталады.
Е.ДАТКЕНОВ