Шымкентте сарышаян көбейді: Зардап шеккендер саны 80-нен асты
Жаз келісімен оңтүстікте улы жәндіктерден зардап шеккен тұрғындар қатары көбейді. Мәселен Шымкент қаласында бүгінгі күнге дейін сарышаян шаққан 80-нен астам тұрғын медициналық көмекке жүгініп, олардың жартысына жуығы ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды Egemen.kz.Мамандар улы жәндіктер негізінен жаңа қоныстанып жатқан аумақтарда көбейгенін айтып отыр. Сарышаяндар көбіне аяқ киім ішіне, кереует астына немесе ылғалды жерлерге тығылатындықтан, тұрғындар оларды байқамай қалып жатады.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, сарышаян шаққан жағдайда адамның тыныс алуы қиындап, өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда уақыт жоғалтпай, бірден жедел медициналық көмекке жүгіну қажет.
«Сарышаян көбіне адамды ұйықтап жатқан кезде шағады. Сондықтан жаз айларында далада, жерде жатпау керек. Оның үстіне ылғалды жерде жәндіктердің басқа да түрлері болуы мүмкін. Сол үшін астыға төсеніш төсеп, 10-15 сантиметр биіктікте жату керек», дейді Шымкент қаласы гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова. Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте 14 жастағы баланы сарышаян шағып, дәрігерлер балаға шұғыл ота жасаған болатын.







