Атырау облысында қарақұрттар малға шапты, зардап шеккендер бар
Атырау облысының тұрғындары қарқұрттың қаптағанына шағымданып жатыр. Мұнда қазірдің өзінде бірнеше адам мен мал зардап шеккен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Atyrau Online сайты жазғандай, Индер ауданында қауіпті өрмекшіден барлығы 81 бас мал зардап шеккен. Оның 10-ы ем алып жатыр, ал 23-і өлген.
Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті тұрғындар арасында да зардап шеккендер бар.
- Алғашқы дерек 29 мамырда тіркелді. Барлығы тоғыз адамды: жеті ересекті және екі мектеп оқушысын шаққан. Балалар жеті және 15 жаста. Сегіз адам стационарлық, бір адам амбулаториялық ем алған, - делінген хабарламада.
Атырау тұрғындары да қарақұрттарды байқаған. Олар Көктем шағын ауданында пайда болды. Әзірше қалада жәндіктер ешкімді шақпаған.