Алматыда тұрғын үйдегі өрттен зардап шеккендердің жағдайы қандай?
фото: ТЖМ
Бүгін Алматының Алатау ауданы, Ақкент шағынауданы, 54 мекенжайында болған өрт салдарынан 1 адам көз жұмып, 43 адам зардап шекті, деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарма мәліметінше, көпқабатты үйдегі өрт бойынша 23 жедел жәрдем, соның ішінде 5 жансақтау бригадасы жұмылдырылды.
4 бала жансақтау бөлімінде жатыр, тағы төртеуі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді, үш баланың ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты. 12 ересек адам қалалық көпбейінді ауруханаларға жеткізілді, соның ішінде 5 адам ауруханаға жатқызылды. Басқалары қажетті жедел медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық бақылауға жіберілді. Өрттен зардап шеккен қалған адамдардың жағдайы тұрақты, делінген хабарламада.
Бір әйел көптеген ауыр жарақаттардан қаза болды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді:
- Полиция басқармасы зардап шеккен азаматтар мүлкінің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жерде полиция қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастырды;
- Зардап шеккен тұрғындар үшін тамақтану және түнеп шығу орындары ұйымдастырылды (178-ші лицейдің спорт залы мен қонақүй);
- Алматы қаласының Құтқару қызметі арқылы 250 орынға жиналмалы төсектер мен матрацтар ұйымдастырылды;
- Аумақты санитарлық тазарту бойынша аудан қызметінің жұмысы ұйымдастырылды;
- Аудан әкімдігі пәтердің бүлінген материалдарын (терезелер, есіктер және басқалар) қалпына келтіру мәселесі бойынша құрылыс салушымен келіссөздер жүргізді. Оның нәтижелері бойынша құрылыс салушы пәтерлерді қалпына келтіруге міндеттенді;
- Тұрғындар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде;
- Зардап шеккендер үшін жедел желі ұйымдастырылды: 87071872507; 3989820
- Зардап шеккендерге уақытша тұратын орын ұсыну үшін жақын маңдағы қонақүйлермен келіссөздер жүргізілді;