Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Олжас Бектенов СҚО-да ауыл шаруашылығының даму барысын тексерді

Олжас Бектенов СҚО-да ауыл шаруашылығының даму барысын тексерді

Олжас Бектенов СҚО-да ауыл шаруашылығының даму барысын тексердіПремьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және отандық өнімді терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жұмыс сапары аясында Олжас Бектенов Корнеевка ауылындағы «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС заманауи цифрлық тауарлы сүт фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Александр Фадеевтің айтуынша, фермада 2,5 мың сүтті ірі қара мал, оның ішінде 1,3 мыңнан астам сиыр бар. Голштин-фриз тұқымды мал Мажарстан, Германия, Дания және Нидерландтан әкелінген. Қазақстанның қысына бейімделген Германиядан әкелінген алғашқы 300 бас мал биыл күзде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өткізіледі. 
Бұдан соң Премьер-министр Westfalia компаниясының 40 басқа арналған автоматтандырылған сауу залын, сондай-ақ табын мен өндіріс процестерін басқарудың цифрлық жүйелерін көрді. Фермада сауылған сүт көлемінің автоматтандырылған есебін жүргізуге, жабдық жұмысын қадағалауға, жануарлардың жағдайын, олардың белсенділігі мен өнімділігін бақылауға мүмкіндік беретін DairyPlan және CowScout шешімдері қолданылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ферма шамамен 11 мың тонна сүт өндірді.
Олжас Бектенов облыс басшылығы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бері ветеринария саласы кейінгі 14 жылда алғаш рет жүйелі дамуға қажетті қаржы алды. Соңғы екі жылда республика бойынша жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 600-ге жуық ветеринарлық нысан салынды.
«Бүгінгі таңда эпизоотиялық жағдай қолайлы болып отыр. Соңғы үш жылда біздің өңірде бруцеллез 12 есе азайды, қолайсыз пункттер 7 пунктке төмендеді деген ұйғарым алдық. Аурудың күрт өршу ошағы қысқарды. Бұл үшін барлық жағдайлар жасалған, биыл республикалық бюджеттен 57 ветеринариялық пункт пен 2 ветеринариялық станса салуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Ветеринариялық пункттердің құрылысы жеке қосалқы шаруашылықтар үшін ветеринариялық саулықты сақтауға елеулі қолдау болмақ, оларда ветеринариялық манипуляциялардың барлық спектрі жүргізіледі», деді аймақ басшысы Марат Тасмағанбетов.

 «Қызылжар Жем» ЖШС қожалығының аумағында Премьер-министр егін егу жұмыстарының қорытындысымен танысып, дәнді дақылдардың ультра ерте сұрпының алқабын тексерді. Кәсіпорын аралас ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған. 
Кәсіпорын директоры Данияр Анафин тәжірибе алаңында Secobra Recherches S.A. компаниясының француздық сұрыптаудан шыққан Calixo сұрпының жұмсақ жаздық бидайын себу жоспарланып отырғанын айтты. Сұрып ерте пісетін дақыл түріне жатады, вегетациялық кезеңі 85 күн және өнімділігі жоғары. Calixo бұған дейін топырақ-климаттық жағдайлары Солтүстік Қазақстан облысына жақын Батыс Сібір өңірлерінде жоғары тиімділігін дәлелдеген.
Сондай-ақ жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өтті. Олжас Бектенов шаруаларды егін егу науқанының аяқталуымен құттықтады. Қазақстан бидайды ірі экспорттаушылардың ондығына кіреді және әлемдік ұн нарығында көшбасшылық позициясын сақтап отыр.
«Президенттің тапсырмасы бойынша үшінші жыл қатарынан аграрлық секторға ауқымды қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл өсімдік және мал шаруашылығы салаларын жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Нәтижесін көріп отырмыз: соңғы екі жылда жақсы өнім алынды. Бүгінде біздің астық әлемнің 70 еліне экспортталады. Қазақстан әлемдегі астық жеткізуші он елдің қатарына кіріп отыр.  Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуінің және фермерлердің күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз жұмысты одан әрі жалғастырамыз», деп атап өтті Олжас Бектенов. 
Сондай-ақ Премьер-министр түйіршіктелген жоңышқа зауытын салу бастамасымен танысты. Жоба жемшөп базасын дамытуға және мал шаруашылығын тағамдық құндылығы жоғары сапалы жеммен қамтамасыз етуге бағытталған. «Эталон Агро» компаниялар тобының бас директоры Медет Төлегенов жобаны табысты жүзеге асырудың маңызды шарты суармалы егіншілікті дамыту болып саналатынын атап өтті. Ол бір маусымда екі-үшке дейін жоңышқа шабуға, шикізаттың тұрақты сапасын және өндірістік қуаттардың біркелкі жүктелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Петропавл қаласында Премьер-министр «Eurasian Milk» ЖШС сүт өңдеу зауытында өндірістің технологиялық процесімен және шығарылатын дайын өнім түрлерімен танысты. Директор Андрей Гриценко кәсіпорын швейцариялық технологиялар негізінде жұмыс істейтінін, терең өңделген өнім өндіруге, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталғанын баяндады. Зауыт өңірдегі фермерлік шаруашылықтар жеткізетін отандық шикізатты пайдаланады. Мұнда жыл сайын 7 мың тоннадан астам қатты және жұмсақ ірімшік, 12 мың тоннадан астам сары май, шамамен 12 мың тонна қоюлатылған сүт, сондай-ақ 20 мың тоннадан астам сарысу концентраты мен қышқыл сүт өнімдері өндіріледі. 2026 жылдың соңына дейін жылдық қуаты 6 мың тоннадан асатын жаңа өнім – крем-чиз өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.
Осыған байланысты Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, кәсіпорынның толық қуатқа шығуын жеделдету үшін қажетті барлық қолдау шараларын көрсетуді тапсырды. Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, өңдеу, жемшөп өндірісін және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды дамыту үшін фермерлерді қолдауды жалғастыруды, жаңа тауарлы сүт фермаларын уақытылы іске қосуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ отандық өнімнің нарықтағы ілгерілеуіне жәрдемдесуді тапсырды. Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық парктердің жұмысын сынға алған еді. 
05 маусым 2026 ж. 27 0