Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІДЕ КИІЗ ҮЙЛЕРГЕ АРДАҚТЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ЕСІМДЕРІ БЕРІЛІП, НАУРЫЗ КЕҢ АУҚЫМДА ТОЙЛАНДЫ

ШИЕЛІДЕ КИІЗ ҮЙЛЕРГЕ АРДАҚТЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ЕСІМДЕРІ БЕРІЛІП, НАУРЫЗ КЕҢ АУҚЫМДА ТОЙЛАНДЫ

Бүгін Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мазмұнды шаралар ұйымдастырылды.

Мерекелік алаңда арнайы тігілген киіз үйлерге ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың және өңірдің абыройын асқақтатқан азаматтардың есімдері берілді. Атап айтқанда: №1 киіз үй – Ыбырай Жақаев, №2 киіз үй – Мұстафа Шоқай, №3 киіз үй – Шахмардан Есенов, №4 киіз үй – Нартай Бекежанов, №5 киіз үй – Әбділда Тәжібаев, №6 киіз үй – Жолдасбек Ердешбаев, №7 киіз үй – Жарылқасын Тұрабаев, №8 киіз үй – Ерлан Мұстафаев, №9 киіз үй – Қамбарбек Мүбараков, №10 киіз үй – «Ынтымақ үйі», №11 киіз үй – «Бірлік үйі», №12 киіз үй – «Өнер ордасы». Бұл – ұлт руханиятын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа тағылым беру мақсатында жасалған игі бастама болды.

Сонымен қатар, мерекелік алаңда 5 арнайы шатыр тігіліп, аудан тұрғындары мен қонақтарына ұлттық тағамдар ұсынылды. Қонақжай дастархан жайылып, наурыз көже таратылып, ақ тілектер айтылды.

Осы киіз үйлерді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет пен аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аралады. Сондай-ақ, мерекелік шара барысында ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі кеңінен паш еттілді.

Жиналған жұртшылық ұлттық ойындарға қатысып, ән мен күйден ләззат алып, көтеріңкі көңіл-күймен әз-Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. Мереке барысында ел бірлігі мен татулығы дәріптеліп, береке мен ырысқа толы жыл болсын деген ақжарма тілектер айтылды.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

22 наурыз 2026 ж. 33 0