РАМАЗАНДАҒЫ РУХАНИ САЙЫС
Құран оқу мен оның мәнін түсіну тек жастарға ғана емес, барлық адамға маңызды. Әсіресе рамазан айында Алланың сөзін жаттау бұл оразаның берекесі мен сауабын еселеп арттырары сөзсіз. Сол мақсатта 14 ақпан күні орталық мешітте Құран жарысы өтті. Аудан және ауыл мешіттерінен келген 20-ға жуық шәкірт Құранның 22 сүресін жаттап, көркем оқу шеберлігін сынға салды.Шараны ашқан бас имам Рахат Серікбайұлы Құран үйреніп, оны дұрыс оқитын адамның дәрежесі жоғары екенін айтып, қатысушыларға рухани бағыт-бағдар берді. Жарысты бағалау үшін орталық мешіттің наиб имамы Бақытжан Мұхаммеджанұлы мен қарилар медресесінің ұстазы Сейілхан Дүйсенбеков төрелік жасады.
Жарыстың ерекшелігі – жасқа шектеу болмады, егде кісі де, жас бала да өз мүмкіндіктерін көрсетті. Мәселен, жасы үлкен қатысушы бәйгеқұмдық Жомар Әлжанов – 42 жаста болса, ең жас қатысушы орталық мешіттің шәкірті – Таир Жақсылық небәрі 10 жаста. Мұндай бірлікті көргендердің рухани ынтасы артары анық.
Сайыс нәтижесінде І орынды орталық мешіттің шәкірті Мейірғали Амангелдіұлы, ІІ орынды ақтоғандық Қасым Сәрсенбаев, ІІІ орынды ақмаялық шәкірттер Мұхаммедәли Ақайдар мен Нұрасыл Құдайберген иеленді. Барлық қатысушыға қаржылай сыйлықтар және халал мейрамханаға 10 000 теңгелік сертификаттар табыс етілді.
Мұндай шаралар жастар мен егде кісілерді рухани тәрбиелеуге, Құран оқудың мәдениетін насихаттауға және қоғамдағы бірлікті нығайтуға зор үлес қосады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ






