Ел жадында жаңғырар, жасалған әрбір игі іс
Дөңгеленген дүние шары бүгін-ертең тоқтап қалмаса,бүгінгі жазылған әрбір естелік ертеңгі күнге баға жетпес тарихи қазына болары сөзсіз. Ендігі 3-4 жылды артқа тастасақ, өлкенің, Шиелінің аудан ретінде құрлығанына 100 жыл толады. Десек те, Шиелі тарихы 100 жылмен шектеліп қалмақ емес. Ал осы киелі жердің тәуелсіздік жылдарынан бергі өсіп-өркендеуі жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған басшылардың кейбірі бүгін ортамызда жоқ. Болмыс бітімі бөлек Жолдасбек Ердешбаев, Жарылқасын Тұрабаев, Ерлан Мұстафаев, Қамбарбек Мүбараковтың туған жерді түлетуге қосқан үлесі өлшеусіз. Тәуелсіздік жылдарының бастауында Жолдасбек Ердешбаев басшылық жасаған Шиелі ауданында бүгінгі күнге дейін 13 әкім қызмет етті.

ҚИЫН ЖЫЛДАРДАҒЫ КЕМЕЛ БАСШЫ
Сыр бойы – сан ғасыр бойы еңбек пен төзімді, табандылық пен намысты қатар көтерген өңір. Бұл өлкенің тарихы тек дарияның жағасындағы қоныстар мен егістіктердің ғана тарихы емес, ең алдымен сол жерді өркендетуге күш жұмсаған азаматтардың тағдырымен сабақтас.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі. Сол жылдары халықтың тұрмыс-тіршілігін сақтап, экономика мен әлеуметтік жүйені құлатпай ұстап тұру үшін жергілікті басқарушыларға ерекше жауапкершілік жүктелді. Осындай сын сағаттарда Сыр бойындағы Шиелі өңірінде ел мүддесіне қызмет еткен азаматтардың бірі – Жақсылық Ердешбаев.
Ол Шиелі топырағында өсіп, сол өңірдің тыныс-тіршілігін жастайынан бойына сіңірген азамат. Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдағаннан кейін де ол үлкен қалада қалып қоймай, туған өлкесіне қайта оралып, еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастады. Совхоздарда, кейін аудандық басқару жүйесінде қызмет атқарып, тәжірибе жинады. Ел өміріндегі өзгерістерге толы кезеңде ол жауапты басшылық қызметтерге көтеріліп, 1992-1994 жылдары Шиелі ауданының әкімі болды.
Бұл кезең ел тарихында да, аудан өмірінде де ең ауыр әрі ең жауапты жылдардың бірі еді. Экономика әлсіреп, халық тұрмысы күрделенген шақта жергілікті басшылықтың әрбір шешімі адамдардың тағдырына тікелей әсер ететін. Сондықтан аудан басшысы ең алдымен кадр мәселесіне ерекше мән берді. Өйткені қиын кезеңде елдің еңсесін тіктейтін – адал, іскер, елге жанашыр азаматтар екенін ол жақсы түсінді.
Сол жылдары аудан халқы билік қамқорлығынан тыс қалған жоқ. Әсіресе әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға ерекше көңіл бөлінді. Соғыс ардагерлері мен Батыр аналарға құрмет көрсету нақты істермен дәлелденді. Майдангерлерге – 76 пәтер, ал Батыр аналарға – 22 пәтер тегін берілді. соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ұрпақ өсіріп, елдің демографиялық тірегіне айналған аналарға көрсетілген шынайы құрмет еді.
Жалғызбасты қарттарға да нақты көмек көрсетілді. Аудан орталығындағы асханаларда 32 адам тұрақты түрде тегін тамақтандырылды. 1992 жылдың мамыр айынан бастап соғыс ардагерлері мен Батыр аналарға монша мен шаштараз қызметтері тегін көрсетіліп, қоғамдық көліктерде ақысыз жүру құқығы берілді. Жеңіс күні құрметіне әрбір соғыс ардагеріне 500 сом көлемінде материалдық көмек көрсетіліп, жалпы сомасы 250 мың сомды құрады. Мұндай қолдаулар көпбалалы аналарға да көрсетілді.
Аудан шаруашылықтары, мекемелер мен кәсіпорындар арқылы халыққа кең көлемде әлеуметтік көмек ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тұрғындарға арзан бағамен 858 бас ірі қара (1200-1500 сом аралығында) және 12 138 бас ұсақ мал (100-300 сом аралығында) сатылды. Сонымен қатар 273 тонна картоп пен көкөніс халыққа жеткізілді. Мал азығы ретінде 9000 тонна шөп тегін және жеңілдетілген бағамен берілді. Тұрғындарға 1 280 мың сом көлемінде отын мен құрылыс материалдары босатылды. Ал 1992 жылдың қараша айына дейін 1140 адамға арзандатылған ет пен май өнімдері таратылды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде жүзеге асыру үшін бірнеше арнайы бағдарлама қабылданды. Олардың қатарында «Азық-түлік», «Ауыл», «Ауыз су, аяқ су», «Жасыл өлке», «Денсаулық», «Тұрғын үй», «Қамқорлық», «Тойындыру» бағдарламалары болды. Осы бағдарламалар аудан халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жоспарлардан тұрды.
Өнеркәсіп саласында да бірқатар жетістікке қол жеткізілді. Аудандық өнеркәсіп комбинаты жаңа өнім түрлерін шығара бастады. Қызылорда аяқ киім фабрикасының Шиелі филиалы ұжымдық кәсіпорын ретінде бөлініп шығып, дербес жұмыс істей бастады. Сонымен қатар тұрмыстық қажетті заттар шығаратын бірнеше шағын кәсіпорын ашылды. Олардың ішінде «Салтанат», «Гүлжан», «Әсем» кәсіпорындары халық арасында үлкен сұранысқа ие болды.
Өндіріс саласын кеңейту мақсатында бірқатар жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланды. 1992 жылы астық тарату базасында ұн тартатын зауытты іске қосу жоспарланды. Ал 1993 жылы нан және ұн зауыты, құс фермасы, сұйық стекло шығаратын цех және басқа да өнеркәсіптік нысандар ашу көзделді.
Транспорт саласында да нақты нәтижелер байқалды. Автотранспорт кәсіпорындары бойынша жүк тасымалдау көлемі 689 мың тоннаға жетті. Ал жүк айналымы 17 миллион 773 мың тонна-километрді құрады. Пайда табу жоспары 17 миллион 611 мың сом болып толық орындалды. 1993 жылы ауданның барлық автотранспорт кәсіпорындары ұжымдық меншікке өтуге дайындалды.
Тұрғын үй құрылысы саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 1992 жылы аудан бойынша 18,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс болды. Бұл көрсеткіш 1991 жылмен салыстырғанда 5526 шаршы метрге артық еді. Сол жылдың соңына дейін 361 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да салынып, халық игілігіне берілді. Ленин атындағы колхозда 624 орындық мектеп пайдалануға берілді. Аудан орталығында тәулігіне 26 тонна өнім шығаратын нан зауыты іске қосылды. Жақаев колхозында 70 орындық дәрігерлік тірек пункт ашылды.
Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі аудан үшін аса маңызды болды. 1992 жылы барлығы 95,7 шақырым су құбырын пайдалануға беру жоспарланды. Оның ішінде 32 шақырым – Жиделі магистралды су құбыры, 23,2 шақырым – Н.Бекежанов, Еңбекші және Ленин топтық магистралды су құбырлары, ал 40,5 шақырым – ішкі шаруашылық су құбырлары еді.
Әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы да қатар жүргізілді. «Гигант» колхозында 704 орындық мектеп, «Сырдария» совхозында 150 орындық клуб үйі салынды. Сонымен қатар аудан орталығында 300 орындық медресе құрылысы жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы саласы Шиелі ауданы экономикасының негізгі тірегі болып қала берді. 1992 жылы аудан шаруашылықтары жоспарланған 41 265 гектардың орнына 40 524 гектар жерге егіс орналастырды. Негізгі дақыл – күріш 12 100 гектар жерге егілді. Мемлекетке 29 000 тонна күріш өткізу жоспарланғанымен, нақты нәтижеде бұл көрсеткіш 30 000 тоннадан асып түсті. Әр тонна күріш 14 267 сомнан сатылып, шаруашылықтардың кассасына шамамен 600 миллион сом қаржы түсті. Орташа өнімділік әр гектардан 50,2 центнерді құрады. Аудан бойынша 4680 гектар күздік бидай егілді. Бұл дақылдың әр гектарынан алынған өнім облыс бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.
Жүгері егістігінің көлемі де айтарлықтай артты. 1991 жылы ауданда 3020 гектар жерге жүгері егілсе, 1992 жылы бұл көрсеткіш 6000 гектарға жетті. Соның ішінде 2800 гектар алқаптан 8800 тонна дән жиналып, өткен жылмен салыстырғанда үш есе артық өнім алынды.
Жоғары нәтижелерге қол жеткізген шаруашылықтар да болды. «Төңкеріс» колхозы әр гектардан 68 центнер өнім алды. Жақаев атындағы колхозда 55 центнер өнім жиналды. Ал «Авангард» совхозы 440 гектар алқаптан әр гектарынан 46 центнерден өнім жинады.
Мал шаруашылығы саласында да тұрақты көрсеткіштер сақталды. 1992 жылы аудан шаруашылықтарында 16 305 бас ірі қара, оның ішінде 4023 сиыр болды. Сонымен қатар 168 207 бас қой, 4303 жылқы және 1871 түйе өсірілді. Мемлекетке 1107 тонна ет және 3631 тонна сүт өткізілді. Ал мал азығы ретінде 93 500 тонна шөп дайындалып, жоспарланған көрсеткіштен 3500 тоннаға артық орындалды.
1992 жылы егін және мал шаруашылығы жұмыстарының қорытындысына арналған сабан тойында Шиелі ауданы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, 30 мың сом ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар күріш өсіруші Магомедов, жоңышқа өсіруші А.Әбдірахманов және гүл өсіруші Х.Байдуллаев облыстық жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Осы көрсеткіштердің барлығы – бір кезеңнің жай ғана статистикасы емес, тиісінше өтпелі дәуірдің ауыртпалығына қарамастан, еңбек пен жауапкершілікті қатар алып жүрген халықтың табандылығының нәтижесі.
Сол жылдары аудан өмірін басқарған Жақсылық Ердешбаевтың қызметі де дәл осы кезеңнің айнасы іспетті. Оның басшылығы халыққа жақын болуымен, нақты іске бағытталған шешімдерімен ерекшеленді. Сыр бойының еңбеккер жұрты мұндай азаматтардың еңбегін ұмытпайды. Өйткені елге адал қызмет ету – уақыттың сынынан өтетін, халық жадында сақталатын ең биік мұрат.

Тұрабаев тұсындағы тарих ізі
Қазақ халқы ежелден елге адал қызмет еткен азаматтарын қадір тұтып, олардың еңбегін ұрпақ жадында сақтауды парыз санаған. Халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ел дамуына өзіндік үлес қосқан тұлғалардың есімі уақыт өткен сайын жаңғырып, кейінгі буынға өнеге болып қала береді. Осындай елге еңбегі сіңген азаматтардың бірі – Шиелі ауданын бес жылға жуық басқарған Жарылқасын Тұрабаев.
Жарылқасын Тұрабаевтың өмір жолына көз жүгіртсек, оның тағдыры еңбекпен, елге қызмет етумен тығыз байланыста болғанын аңғарамыз. Ол 1952 жылдың 22 наурызында Жаңақорған ауданындағы «Бірлік» совхозында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң әскер қатарында болып, кейін Ташкент политехникалық институтының тау-кен металлургия факультетіне оқуға түсіп, инженер-металлург мамандығын алады. Өндірістен қол үзбей жүріп, Ленинградтағы Г.Плеханов атындағы тау-кен институтында инженер-горняк мамандығын да игереді.
Еңбек жолын Қырғызстанның Ош облысындағы Хайдархан металлургия зауытында қарапайым жұмысшыдан бастап, зауыт директоры деңгейіне дейін өсті. Бұл – оның еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің айқын көрінісі еді.
1992 жылы туған еліне оралып, «Шалқия» кенішінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Ал 1995 жылы Шиелі ауданының әкімі болып тағайындалып, бес жыл бойы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосты. Сол кезең еліміз үшін ең қиын жылдардың бірі болатын. Жалақы мен зейнетақы кешігіп, халықтың тұрмысы күрделі жағдайда еді. Осындай қиын уақытта аудан басшысы ретінде Жарылқасын Тұрабаев халықпен бірге болып, олардың мәселесіне бейжай қарамады.
Ол кісі ауданға басшылық еткен жылдары ел тарихында із қалдырған тұлғалардың есімін ұлықтауға да ерекше көңіл бөлді. Соның бір дәлелі – «Көкшоқы» аумағындағы орталық көшелердің біріне көрнекті ғалым, академик Шахмардан Есеновтің есімінің берілуі болды. Көше басына ғалымның мүсіні орнатылып, бұл бастама ғылым мен білімге құрметтің белгісіне айналды. Мұндай игі іс аудан жастарына ғылымға ұмтылудың, елге қызмет етудің үлгісін көрсететін маңызды рухани қадам еді. Осылайша, Жарылқасын Тұрабаев тек шаруашылық пен әлеуметтік мәселелерді шешумен ғана шектелмей, ұлттық руханиятты көтеруге, ел тарихында орны бар тұлғаларды дәріптеуге де айрықша мән берді.
1997 жылы Республика Президентінің «Шағын кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдауды күшейту және оны жандандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Соған сәйкес ауданда жеке кәсіпкерлікті қолдау бағытында жұмыстар жасалды. Нәтижесінде аудан бойынша шағын кәсіпкер саны 94-ке, орта кәсіпкерлік 25-ке, шаруашылық құрылымдары 58-ге жетті. Ал 219 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Сол жылы ауданда жаңадан 155 жұмыс орны ашылып, жалпы кәсіпкерлік нысандардағы жұмысшылар саны 8491-ге жетті.
Ал 1998 жылы облыстық кәсіпкерлікті қолдау қорынан, еңбекпен қамту орталығы мен аудандық бюджеттен кәсіпркелерге арнап несие беріле бастады. Сөйтіп аудан кәсіпкерлері саны 908-ге жетіп, 6 мыңға жуық аудан азаматы жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар кенттің теріскей бетінде жаңа базар, бірнеше сауда нүктелері мен май құю стансалары ашылды.
Дәл осы жылы нарық қыспағына ұшырап, жұмысы тоқтап қалған аудандағы жалғыз аяқ киім фабрикасы қайта аяққа тұра бастады. Фабрика Н.Есжанов басқаратын Ы.Жақаев атындағы ұжымшар қарамағына өтіп, жанынан ашылған шағын базар да жергілікті тұрғындар үшін маңызды нысанға айналды.
Сондай-ақ 1997 жылы ауыл шаруашылығын жекешелендіру жұмыстары толығымен мәресіне жетті. Нәтижесінде егін мен мал өнімдерінің саны артты.
Жалпы осы жылы ауданның өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 29 процентке, яғни 162,9 млн теңгеге жетті.
1998 жылы аудандағы бірнеше ауылдардың атауы өзгерді. Атап айтсақ, Авангард – Ақмая ауылы, Шиеліні – Алмалы, Гигантты –Бидайкөл, Қызылтуды – Жақаев, Жаңатұрмысты – Байсын, Ленинді – Бестам, Қарғалыны – Бұланбай, Коммунизмді – Н.Бекежанов, Талаптан ауылын – Бала би, «Райспецхозобъединение» – Жансейіт, Төңкеріс – Қодаманов атындағы ауыл болып бекітілді.
Сол жылы Қызылорда қаласының 180 жылдығы және жаңа астананың ашылуына орай Қазақстанның алғашы астанасы Қызылордадан жаңа астана Ақмолаға дейін Ә.Ноғайбаев бастаған шиелілік депутаттар концерттік бағдарламамен жаяу сапар шекті.
1998 жылы ауыл әкімдері өз тұрғындары алдында есеп бере бастады. Алғаш болып Керделі ауылдық округі әкімі Н.Мұсабаев атқарған жұмыстары жайында баяндады. Оған аудан әкімі Ж.Тұрабаев қатысып, сөз сөйледі.
Үкіметтің атқару органдарына бекітілген 8 нақты талабының аясында кенттегі «Алақай» ЖШС-ға қаржылай қоладу көрсетіліп, балабақша, тігін және жиһаз цехы мен наубайхана ашылды. Сонымен қатар 388 тұрғын кәсіпкерлік мақсатта 400 АҚШ доллары көлемінде шағын несиеге қол жеткізді.
Дарияның бас сағасында ұлтанын құмды лайдан тазартатын су сорғысы іске қосылды.
Көкшоқыда оқушыларға арналған 80 орындық «Сыр ұланы» тынығу лагері жұмысын бастады. Тұралап қалған балалар көркемсурет мектебі аудан әкімінің шешімімен қайта ашылды. Мектеп директоры болып ауданға танымал суретші-ұстаз Арыстанбек Ыбыраев тағайындалды.
1998 жылы ауданда өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 214 млн теңгеге, ауыл шаруашылық өнімі көлемі 983 млн тг жетті. Сондай-ақ 61 тұрғын үй пайлануға берілді.
Осы кезеңде ауданда күріш ақтайтын 4, ұн тартатын 1 цех, 11 сауда дүкені, 7 шаштараз, 4 аяқ киім жөндейтін шеберхана, 2 тігін цехы мен 3 монша, 1 дәріхана, 3 мәдени қызмет көрсету орны және 27 сауда дүңгіршегі мен 2 суретке түсіру салоны жұмыс істеп тұрды.
Аудандағы 40 мектептің 14-і компьютермен жабдықталды. 4 отбасылық дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Көктемде 191290 түп, күзде 24800 түп ағаш отырғызылып, ішкі су жүйелері тазартылды.
1999 жылы Сұлутөбе маңындағы үлкен жолдың бойынан Ү.Мырзахметовтың иелігіндегі «Әйгерім» кафесінің, май құю стансасының, орталықтан «Барыс» фирмалық дүкенінің, М.Шорабаев базарының ортасынан «Ибраһим» кафесінің тұсауы кесілді. Оған облыс басшысы Б.Сапарбаев пен аудан әкімі Ж.Тұрабаев қатысты. Сондай-ақ сол жылдың басында аудан әкімінің тапсырмасымен тұрмысы төмен 12 отбасыға 40 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
Көкшоқыда сауда дүңгіршегі, шаштараз, бассейн және саунасы бар монша ашылды. Жақаевшылар қозғалысының 35 жылдығы қарсаңында Ә.Шорабаев базарында мемлекеттік стандарттау мекемесінің лабораториясы іске қосылды.
Сол жылы аудандағы егін көлемі 25257 гектарға жетті. Оның 9 мыңы – күріш.
Аудандық мәдениет үйі араға 30 жыл салып күрделі жөндеуден өтті.
Аудан әкімінің қолдауымен ономастикалық комиссия Ботабайдағы №228 мектепке Шаймерден Бәкіровтың, «Қызылдихан» орта мектебіне Әбілда Тәжібаевтың, Сұлутөбедегі №141 мектепке Мұстафа Шоқайдың, Алғабастағы №157 мектепке Беркімбай Пәрімбетовтың есімін беру туралы шешім қабылдады.
1999 жылы ауданда алғаш рет үй шаруасындағы әйелдердің пікір-талас клубы ашылды. Онда білікті дәрігерлер мен кәсіпкер әйелдер өзекті мәселелер бойынша сөз сөйледі.
Осы жылы маусымда көрші аудандарда 1000 теңгеден сатылып жатқан 50 келілік бір қап ұнның бағасы біздің ауданда 1700 теңгеге дейін шарықтады. Тұрғындардың наразылығына құлақ асқан аудан басшысы Ж.Тұрабаев өзі араласып, бағаны 1000 теңгеге дейін түсіруге ықпал жасап, тұрмысы төмен отбасыларға тегін ұн таратты.
Жарылқасын ағамыз ауданға басшылық еткен жылдары өңіріндегі оң өзгерістің бірі – Сұлутөбе мен Тартоғай ауылдық округтері аудан құрамына қосылып, тарихи-рухани нысандар жаңғыртылуы еді. «Оқшы ата» мазаратындағы кешендер жөнделіп, Бала би кесенесі тұрғызылды. Бұдан бөлек, тоқтап қалған мектептердің құрылысы қайта жанданып, пайдалануға берілді.
Жарылқасын Тұрабаев аудан орталығын көркейтуге де ерекше мән берді. Қаржы тапшы кезеңнің өзінде орталық алаңға екі субұрқақ орнатылып, бірнеше арка салынды. «Оқшы ата» кешеніне үлкен ас беріліп, тарихи тұлғаларға құрмет көрсетілді. 1998 жылы наурызда Түркі әлемінің көрнекті қайраткері Мұстафа Шоқайдың ескерткіші аудан орталығына қойылды.
Оның болашақты болжай білетін көреген басшы болғаны да ел арасында жиі айтылады. Бір кездері «Шиелі – қала болуға лайық» деп, теміржол өткелі маңына «Шиелі қаласы» деген үлкен жазу орнатқаны да соның дәлелі. Бұл – оның туған жерінің келешегіне деген сенімінің көрінісі еді.
Жарылқасын Тұрабаев мәдениет пен өнерге де ерекше құрметпен қараған. Оның шақыруымен Шиелі жеріне қазақтың белгілі ақын-жазушылары мен өнер майталмандары келіп, халықпен жүздескен. Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Қалтай Мұхамеджанов, Темірхан Медетбеков сияқты зиялы қауым өкілдері ауданға арнайы атбасын бұрып, жергілікті халықпен рухани кездесулер өткізді.
1998 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Шиелі өңіріне арнайы келді. Бұл сапар аудан үшін үлкен тарихи сәтке айналды.
Президент жұмыс сапары барысында аудан орталығында болып, халықпен кездесті. Сол күні жаңадан бой көтерген орталық мешітті аралап, Түркі әлемінің көрнекті қайраткері Мұстафа Шоқайға арналған алаңда шиеліліктермен жүздесті. Бұл кездесу жергілікті тұрғындарға ерекше рух беріп, ауданның дамуына деген сенімді арттырды.
Аудан әкімі қызметін атқарған Жарылқасын Тұрабаев сол сапар барысында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы баяндады. Елбасы Шиеліде жүзеге асып жатқан бастамаларға оң бағасын беріп, жергілікті халықпен еркін пікір алмасты.
Бұл сапар Жарылқасын Тұрабаевтың басшылығы кезінде Шиелі ауданында жүргізілген жұмыстардың нәтижесін көрсеткен маңызды кезеңдердің бірі болды. Халықпен етене араласып, елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге күш салған аудан басшысының еңбегі сол күндері де көпшілік тарапынан жоғары бағаланған еді.
Ел арасында Жарылқасын Тұрабаевтың қарапайымдылығы мен адамгершілігі туралы көптеген естеліктер айтылады. Әкімдікке жиналған халықтың мұң-мұқтажын сабырмен тыңдап, әрқайсысына түсіністікпен қарайтыны, қиын кезеңде тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратып, қолынан келген көмегін аямағаны, базарда тұрып тұрғындарға ұн таратқан кездері әлі күнге ел аузында. Мұның бәрі оның халыққа деген жанашырлығын көрсетеді.
Ол тек Шиелі ауданында ғана емес, өзге өңірлерде де түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. «Қазатомпром» компаниясының филиалында бас инженер болып еңбек етті, Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі, Кентау қаласының әкімі қызметтерін атқарды. Қай қызметте жүрсе де ел сенімін ақтап, абырой биігінен көріне білді.
Мұның бәрі – сол кезеңнің қиыншылықтарына қарамастан жүзеге асқан игілікті істер. Ел үшін жасалған мұндай еңбектер халық жадында сақталып, уақыт өткен сайын бағасы арта түсетіні анық.
2016 жылдың қаңтар айында өмірден озған Жарылқасын Тұрабаевтың есімі туған елінің жадында мәңгі сақталып қалды. Шиелі ауданы мен Кентау қаласының «Құрметті азаматы» атанған азаматтың еңбегі халықтың жүрегінде.
2022 жылы Шиелі кентіндегі көшелердің біріне Жарылқасын Тұрабайұлының есімінің берілуі – ел үшін еңбек еткен азаматтың өмір жолын еске салатын, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын белгі. Өйткені халыққа адал қызмет еткен адамның аты уақыт өткен сайын жаңғыра берері анық.
Жарылқасын Тұрабаев – қиын кезеңде ел тізгінін ұстап, жұртпен бірге болған басшы. Ол халыққа жақын болды, елдің мұңын тыңдай білді, туған жерінің дамуына бар күш-жігерін арнады. Сондықтан да оның есімі Шиелі жұртшылығының жүрегінде ерекше құрметпен сақталып келеді.
Ел есінде қалған азаматтың өнегелі өмірі – кейінгі буынға үлгі. Туған жерге қызмет ету, ел мүддесін бәрінен биік қою, халықпен бірге болу – оның өмірлік ұстанымы болды. Мұндай тұлғалардың есімі ұрпақ жадында жаңғырып, ел тарихында мәңгі сақтала беретіні сөзсіз.

Еңбек пен елдіктің көшбасшысы
Ел егемендігін алып еңсе тіктеген жылдар қайнаған қызу тіршілікпен бейнеленеді. Шиелі ауданында да тәуелсіздік жылдарынан кейін айтулы өзгерістер орын алды. 2001–2008 жылдар аралығында Шиелі ауданын басқарған Ерлан Мұстафаевтың қызметі – дәл осы дәуірдің жарқын көрінісі. Сол жылдарда аудан өмірінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму айқын көрініс тапты, ал халықтың тұрмысы жақсаруына нақты іс-шаралар арқылы қол жеткізілді.
Ерлан Мұстафаев басшылық жасаған 2006 жылы аудан экономикасында шағын кәсіпкерлік қарқынды дамып, жеке кәсіпкерлердің бастамасымен сауда орталықтары, шұжық цехтары, арнайы киім тігу фабрикалары ашылды. «Казатомпром-Демеу» ЖШС-нің қаржыландыруымен аудан тұрғындары әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша қолдау алып, 80 жаңа жұмыс орны құрылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Көкшоқы» мөлтек ауданында бөлімше ашылып, спорт кешені мен емдеу санитарлық орны күрделі жөндеуден өтті, ал «Әсемдік салоны» және арнайы киім тігу фабрикасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Аудан әкімі Ерлан Төлегенұлының қолдауымен кент орталығында жаңа монша мен «Бәйтерек» және «Сыр сұлуы» мейрамханасы бой көтерді. Тартоғайдағы 240 орындық мектеп құрылысы аяқталып, 1 спорт кешені, 1 тігін фабрикасы және 1 клуб үйі реконструкцияланып, тұрғындардың игілігіне берілді. Аудан аумағындағы жолдар жөнделіп, орталықтағы 36 шақырым су құбыры жаңартылды. Дербес су көздеріне телінген елді мекендердің ауыз су жүйелері күрделі және жай жөндеуден өткізіліп, тұрғындар таза сумен қамтамасыз етілді. Тартоғай елді мекенінің 1 шақырымдық ауыз су құбыры, орталық су қоймасы, насос станциясы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Бекежанов, Қодаманов, Еңбекші елді мекендерінің бас су қоймалары мен №4 су көтерме насос станциясы жөндеуден өтті, Бидайкөл ауылы мен Шиелі кентінің ішкі су жүйелері жаңартылды. Сұлутөбе ауылдық округінің Бірлестік елді мекенінде де ауыз су жүйесі жөндеуден өтті.
Тұрғын үй құрылысы саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. «Білім объектілерін салу» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 2006 жылы Шиелі кентіндегі 464 орындық №48 мектеп пен Сұлутөбе ауылындағы 464 орындық №41 мектептің құрылыс жұмыстарына 100 млн теңгеден қаржы бөлініп, толық игерілді. Аталған мектептердің құрылысы 2007 жылы толық аяқталды. Бұл тұста да аудан басшысы Ерлан Мұстафаев өзінің іскерлік шеберлігін танытып, құрылыстың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етті.
Білім көкжиегін кеңейтуді алдыңғы орынға қойған білікті басшы білім ордаларын жаңа заман ағымына қарай бейімдеуді мақсат тұтты. Әуелі аудандағы 40 мектепті толық компьютерлендіріп, 37 мектеп интернет жүйесіне қосылды. 5 мектеп мультимедиялық-лингафонды кабинеттермен жабдықталып, №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейіне, №157 Б.Әрімбетов атындағы орта мектепке және №251 М.Әуезов атындағы мектепке жаңа физика, химия, биология кабинеттері орнатылды.
Халықты әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Көпбалалы отбасылар, соғыс ардагерлері мен Батыр аналарға пәтерлер, әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ал 2007 жылы Ерлан Мұстафаевтың кәсіби басшылығымен аудан индустриялық-инновациялық даму бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Оның шебер басқаруы мен стратегиялық шешімдері арқасында Шиелі ауданында жаңа кәсіпорындар іске қосылып, әлеуметтік инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды. Электр энергиясы мен ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артты. «Шиелі-Демеу» ЖШС-нің тігін цехының іске қосылуынан тігін өндірісі 13 есеге өсті. Аудан кәсіпорындары жаңа инновациялық бағытқа бет бұрды. Атап айтсақ, «DEMEU-CLOTHES» ЖШС арнайы аяқ киімдер, қолғаптар, құрылыс саласына арналған бас киімдер мен көзәйнектер шығарылды. «Сыр-суы» ЖШС Тартоғай елді мекенінде сапалы керамикалық кірпіш зауытын іске қосылды. «Қазгернал» ЖШС кірпіш тас шығаратын зауытын толық қуатымен іске қосып, 40 адамды жұмыспен қамтылды. «Балауса» ЖШС тау-кен өндірісінде ваннадий металын әлемдік жаңа әдіспен 115 мың тоннаға жуық өндірді, кәсіпорында 112 адам жұмыс істеді және болашақта мамандар даярлау жобасы қолға алынды.
Сонымен қатар «Көкшоқы» мөлтек ауданында жаңа үлгідегі балабақша құрылысы «Шиелі-Демеу» ЖШС-нің қаржылай қолдауы арқылы жүзеге асты. Боулинг ойын-сауық орталығы пайдалануға берілді. Ауыз су мәселелері бойынша дербес су көздеріне телінген елді мекендердің су жүйелері күрделі және жай жөндеуден өтіп, тұрғындар таза сумен қамтамасыз етілді.
Аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы саласы болды. Дала төсін дүбірге бөлеген диқандардың еңбегімен қатар мал шаруашылығы да дами түсті. Аудан бойынша ірі қара саны 2004 жылы 32 мыңға жетіп, қой мен ешкі – 100 мың бас, жылқы – 6 456, түйе – 651 болды. Осы жылы өндірілген мал өнімдері 43 911 центнер ет, 154 776 центнер сүт, 2 млн 440 мың дана жұмыртқа, 1 922 центнер жүн халықтың тұрмысын түзеуге көп септігін тигізді. Сонымен бірге Шиелі кенті мен Жуантөбе, Гигант ауылдық округтерінде сүт өңдейтін үш қашырым пункті ашылып, айына 3 тонна сүт өңдейтін шағын зауыт жұмыс істеді.
Осылайша, Ерлан Мұстафаевтың басшылығымен аудан облыс көлемінде II орынға көтеріліп, «Ерен Еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды. Е.Төлегенұлы басқарған жылдар – Шиелі тарихында ілгерілеу мен жаңғыру кезеңі ретінде есте қалды. Сол жылдары іске асқан әрбір жоба, ашылған әрбір кәсіпорын, жаңарған әрбір әлеуметтік нысан аудан өміріне жаңа тыныс әкелді. Дария бойындағы елдің ертеңіне деген сенімі нығайып, болашаққа деген үміті арта түсті.
Шиелі – еңбектің қасиетін білетін, адал іске берік халықтың мекені. Сондықтан да аудан тарихында қалдырған ізі бар әрбір кезең, әрбір азамат уақыт өткен сайын бағаланып, ел жадында жаңғырып отырады. Мұстафаев кезеңіндегі атқарылған жұмыстар да сол еңбектің бір парасы ретінде Сыр бойының шежіресінде өз орнын алатыны сөзсіз.

Сындарлы шақта сыналған әкім
Адам баласының өмірлік ұстанымының бірі – еңбек етіп, тәтті жемісін тату. Ал сәт сайын жаңарып отырған бүгінгі қоғамда халыққа қызмет ету үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы сол өңірдің басшысына байланысты екені белгілі. Яғни, тікелей аудан басшысының іскерлігі мен білім-білігіне тәуелді. Өйткені, бұл қызмет қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Ал бүкіл жаһанды аты жаман пандемия жайлағанда ауданның басшылығын қолға алған Қамбарбек Мүбараковтың есім-сойын халық есінде мәңгі сақтап қалды.
Қамбарбек Амангелдіұлы 1973 жылы 2 наурызда Жаңақорған ауданы «Түгіскен» селосында дүниеге келген. 1990 жылы Жаңақорған ауданы «Өзгент» совхозында №224 орта мектепті бітірген. 1996 жылы Қызылорда Агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының АӨК экономист-менеджер мамандығын 2005 жылы Қазақ Гуманитарлық Заң университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1990-1991 жылдар аралығында «Өзгент» совхозында қырманда слесарь болып бастаған. 1997 жылы қаңтар айынан мамыр айына дейін Қызылорда облысы бюджет банкінде инкассатор, 1997-2001 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша салық комитетінде маман, бас маман, 2001-2002 жылдар аралығында Шиелі ауданы, 2002-2004 жылдары Жаңақорған ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
2004-2008 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, 2008-2009 жылдары Шиелі ауданы салық басқармасының бастығы, 2009-2011 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болды. Одан кейін 2011-2018 жылдар аралығында Қызылорда облысы тексеру комиссиясының төрағасы, 2019-2020 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2020-2021 жылдар аралығында Шиелі ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, 2022-2023 жылдары облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2023 жылдың 19 мамырынан бастап өмірінің соңына дейін облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы болды. Шиелі ауданының тарихында білікті басшы, іскер азамат, белгілі қаржыгер-экономист ретінде есімі қалған Қамбарбек Амангелдіұлы 2025 жылдың 29 сәуірі күні 52 жастан асқан шағында мәңгілік сапарға аттанып кетті.
Іскер де әділ басшы келсе – ел үшін құт. «Әкім халыққа жақын болса» дейді көбі. Осы үдеден табыла білген Қамбарбек Амангелдіұлы ауданға 2020-2021 жылдары басшылық жасады. Жаңа әкім келген тұста тәжтажал құрығын салып, аудан халқы әбігерге түсті. Қиын-қыстау мезетте халықты сабырға шақырып, тез шешім қабылдай білу жаңа әкімнің үйлестіре білу қабілетін айшықтай түсті. Қ.Амангелдіұлы денсаулық саласындағы қиындықтарды дер кезінде шешіп, ақ халаттылармен бірге алдыңғы шепте жүрді. Карантин аудан экономикасына әсер етпеді деп айта алмаймыз. Жалпы құны 64 млрд теңгені құрайтын, жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығаратын зауыт «Гежуба Шиелі Цемент» жұмысы уақытша тоқтатылды. Алайда, зауыт жұмысы уақытша тоқтап тұрғанына қарамастан, Қ.Амагелдіұлы мекеме қызметкерлеріне 50 пайыз жалақыларын төлеп отыруға жағдай жасады. Пандемияға қарамастан, ауданда 29 461 гектар жерге егін егіліп, одан 23,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өзбекстанның «Organic solutions» компаниясы мен ауданның 3 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бірлесіп, 60 гектар жерге (40 895 дана көшет) алма, жүзім және түрлі жеміс ағаштарын отырғызды. Оған қоса, «Сұлутөбе» және «Қарғалы» елді мекендерінде жеке кәсіпкерлер 5 гектарға алма және жеміс ағаштарын екті.
Қамбарбек Мүбараков әкім болып қызмет атқарған кезеңде Шиелі ауданында инфрақұрылымдық өзгерістер мен жаңарулардың жаңа белесі басталды. Әкімнің басты назарында жолдар мен тұрғын үй мәселелері тұрды. Оның басшылығымен аудан орталығы – Шиелі кенті мен елді мекендердің жолдары сапалы асфальтталды. Аудандық маңыздағы 145,4 шақырым жолдың 83,5 пайызы сол уақытта жақсарды. Бұл – көлік қатынасының жеңілдеп, тұрғындардың күнделікті өмірін жақсартуға бағытталған үлкен қадам еді.
Кентте 21 көше, ауылдарда 30 көше жөнделіп, 9 көшеге жаяу жүргінші жолдары салынды. Бұл жұмыс аудан халқының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Сонымен қатар үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй салынды, бұл үйге облыстық бюджеттен 213,1 миллион теңге қаржы бөлініп, барлық пәтердің кілті аудан тұрғындарына берілді. Оны ел игілігіне беру – ол әкімнің «үй салдырдым» деп емес, «ел үйлі болсын» деген ниетпен жасаған ісі болатын.
Қамбарбек Мүбараковтың басқаруында аудан экономикасы тек ауыл шаруашылығымен шектелмей, кәсіпкерлік пен шағын бизнестің дамуына да айрықша мән берілді. Оның басшылығымен ауданда кәсіпкерлердің саны артты. 2020 жылы 5241 шағын және орта бизнес өкілдері тіркелсе, 2021 жылы олардың саны 5274-ке жетті. Бұл көрсеткіш кәсіпкерлік климаттың жақсарғанын, аудандағы бизнес ортаның қолайлы бола бастағанын көрсетеді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 6 жоба қаржыландырылып, 10 миллион теңгеге 4 инновациялық жобаға грант берілді. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 11 жоба қаржыландырылды. Осылайша, Қамбарбек Мүбараков кәсіпкерлердің жаңа идеяларын қолдап, ауылдағы еңбек нарығын жаңғыртты.
Ауданның әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарға білек сыбана кірісіп, «Шиелі жолшы» ЖШС-ның жобалық құны 124 млн теңгені құрайтын темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты және «Әбдіманап базары» ЖШС-ның жабық сауда базары пайдаланылуға берілді. Сондай-ақ «Молдир и К» ТС-нің жобалық құны 148 млн теңгені құрайтын құс фермасын кеңейту жобасын қолға алды. Көмір тасып, отын жаққан аудан тұрғындарының тыныс-тіршілігін өзгерткен үлкен жұмыстың тағы бір легі – көгілдір отынның қосылуы болды. Байсын елді мекенінде газ құбырларын жүргізуге 204 млн 575 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын толығымен аяқтап, 2020 жылдың 26 желтоқсанында аталған елді мекенінің тұрғындарына көгілдір отын берілді. Н.Бекежанов, Қодаманов, Ақмая, Алғабас елді мекендерін газдандыруға ЖСҚ әзірленіп, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімімен облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Сонымен қатар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен Еңбекші, Жиеделіарық, Бестам, Досбол датқа, Алмалы және Ә.Тәжібаев елді мекендерін газдандыруға ЖСҚ әзірленді.
Қамбарбек Мүбараков тек экономикалық салада ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселелерде де ел игілігіне зор үлес қосты. Тартоғай және Талаптан ауылдарында ауызсу мен газ жүйелерінің құрылысын аяқтауға қаржы бөлініп, тұрғындардың өмір сапасы жақсарды. Тартоғайда су жүйесі мен су қоймасының құрылысы аяқталып, жолы жөнделді. Талаптан ауылы 2020 жылы ауыз су құбырымен қамтамасыз етіліп, елдің суға деген қажеттілігі толық шешілді. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, олардың күнделікті өмірін жақсартуға бағытталған болатын. Қамбарбек Мүбараковтың тікелей бастамасымен Жиделіарық елді мекенінде 150 орындық клубтың ғимараты жаңадан салынды. Сондай-ақ Бірлестік ауылындағы «Жаназар батыр» ауылдық мәдениет үйі мен №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейі, №1 Аққайың бөбекжай-бақшасы, Ы.Жақаев ауылындағы «Балдырған балабақшасы күрделі жөндеуден, Ш.Қодаманов ауылындағы №158 орта мектеп ағымдағы жөндеуден өтіп халықтың игілігіне табысталды. Сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шиелі кентіндегі «Шұғыла-2», «Шұғыла-3» және «Шығыс-4» шағын аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым дамыту және жайластыру тас жолдарының құрылысы жүзеге асты.
Қамбарбек Мүбараков қандай қызметте де адал еңбегімен абыройға кенеліп, өңірдің салық, қаржы-экономика салаларының дамуына ерекше еңбек сіңірді. Азаматтық ұстанымымен, іскерлігімен, мол тәжірибесімен көпке үлгі бола білген ардақты азамат атқарған қызметіне сай мемлекеттік марапаттарға ие болды. Қамбарбек Мүбараковтың өмірі тым қысқа болғанымен, сол қысқа ғұмырында бір ауданның даму жолына, мыңдаған адамның тіршілігіне, бүтін бір өңірдің өркендеуіне үлес қосты. Халықпен бірге тыныстап, халықтың үмітін арқалаған азаматтың ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Есімі – ел есінде. Еңбегі – тарихта. Ізі – халық жүрегінде.
Нұрболат Пірімбет