Жеке өміріңізді біреу бақылап жүрген жоқ па?
Қазіргі қоғамда адамның жеке өмірі мен қауіпсіздігін қорғау мәселесі ерекше маңызға ие. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің кеңінен таралуы адамдар арасындағы байланыс мүмкіндіктерін арттырғанымен, кей жағдайда жеке өмірге қол сұғу секілді келеңсіз әрекеттердің де орын алуына жол ашуда. Осындай әрекеттердің бірі – сталкинг.Қоғамда орын алып жатқан жағдайларды талдау, күнделікті тәжірибені зерделеу және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кері әсер ететін әрекеттерді ескеру нәтижесінде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп отырады. Осыған байланысты 2025 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне бірқатар толықтырулар енгізіліп, жаңа 115-1-бап қабылданды. Аталған бапта сталкинг үшін жауапкершілік көзделген.
Заңнамаға сәйкес, адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, бірақ елеулі зиян келтіруге алып келетін заңсыз қудалау сталкинг болып саналады. Мұндай әрекет жасаған тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, екі жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе елу тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған. Аталған норма 2025 жылғы 18 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.
Заңда көрсетілген «елеулі зиян» ұғымына адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келуі, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуы, сондай-ақ жәбірленушінің өмірінде қиын жағдайдың туындауы секілді салдар жатады.
Сталкинг көбінесе күнделікті өмірде немесе интернет кеңістігінде байқалады. Бастапқыда ол қарапайым қызығушылық немесе қамқорлық секілді көрінуі мүмкін. Алайда уақыт өте келе мұндай әрекеттер жүйелі қудалауға ұласып, адамның психологиялық жай-күйіне кері әсер етеді. Мысалы, әлеуметтік желіде жаңа таныс таптыңыз делік. Алғашында ол адам сыпайы, ашық мінезді болып көрінуі мүмкін. Біраз уақыттан кейін ол үнемі хабарлама жазып, «Неге жауап бермейсің?», «Кеше қайда болдың?», «Кіммен болдың?» деген секілді сұрақтарды жиі қоя бастайды. Әлеуметтік желідегі әрбір жарияланымыңызды бақылап, барлық жазбаңызға пікір қалдыруы немесе достарыңыздан сіз туралы мәлімет жинауға тырысуы мүмкін.
Уақыт өте келе мұндай әрекеттер жиілеп, адам өзін жайсыз сезіне бастайды. Қайта-қайта қоңырау шалу, тоқтатуды сұрағаныңызға қарамастан хабарламаларды жалғастыру, жиі баратын орындарыңызда себепсіз пайда болу сияқты әрекеттер орын алуы мүмкін. Кей жағдайларда мекенжайыңызды немесе жұмыс орныңызды білетінін айтып қорқыту, құпия ақпаратты жариялаймын деп бопсалау секілді жағдайлар да кездеседі. Мұндай әрекеттер адамның жеке шекарасын бұзып, оның қалыпты өміріне кері әсерін тигізеді.
Сондықтан әрбір азамат мұндай жағдайдың қалыпты құбылыс емес екенін түсінуі қажет. Әсіресе әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен байланыс орнатуда сақтық танытқан жөн. Егер жаңа таныстың әрекеттері күмән туғызса немесе өзіңізді жайсыз сезінуге мәжбүр етсе, онымен байланысты тоқтатқан дұрыс. Ал өз қауіпсіздігіңізге қатер төнген жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Сталкингке қатысты жауапкершіліктің заң жүзінде бекітілуі адамдардың құқықтарын қорғауға және осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Шиелі ауданының прокуратурасы







