Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойылды

Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойылды

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау – Қазақстанның отбасылық-демографиялық саясатының күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Себеб, зорлық-зомбылық өткір әлеуметтік проблема ретінде жәбірленушілердің өздеріне әсер етіп қана қоймайды, сонымен бірге жалпы қоғамдық тұрақтылыққа және әлеуметтік тәртіпке қауіп төндіреді.
Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
2009 жылдан бастап "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" 2009 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді. Онда "жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік" ұғымы "жыныстық белгісі бойынша адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген шектеу немесе оларға қысым жасау, сондай-ақ оның қадір-қасиетін түсіру" деп айқындалған.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде(әрі қарай-ӘҚБтК) көзделген денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттері бұдан былай қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.
Статистикалық мәліметтерге сай, ағымдағы жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша аудандық сотқа ӘҚБтК-ның 73-бабында(Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) көзделген 93 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түсіп, 49 адамға әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы қабылданса, 44 адамға қатысты іс түрлі себептерге байланысты тоқтатылған.
ӘҚБтК-нің 73-1 бабында (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) көзделген 29 іс түсіп, 11 адамға әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы қабылданса, 17 адамға қатысты іс тоқтатылған, 1 іс біріктірілген.
ӘҚБтК-нің 73-2 бабында (Ұрып-соғу) көзделген 62 іс түсіп, 1 іс ведомстволық бағыныстылығы бойынша қайтарылған, 61 іс қаралған, оның ішінде 25 адамға әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы қабылданса, 36 адамға қатысты іс тоқтатылған.
Сонымен бірге, Заңда неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған.
Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Сондай-ақ, 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды және кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді.
Бұдан былай, білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Ал, 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 39-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес, жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.Еске сала кетейік, президент қол қойған заңдар ресми жарияланғаннан кейін, 60 күн өткенде күшіне енеді. Яғни 2024 жылдың 16 маусымынан қолданыста болады. Ал кейбір нормалар 2025 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енбек. Бұл жайлы атаулы құжатта жазылған.
Шиелі аудандық
сотының төрағасы,
Нұржан БЕКЕТАЕВ
07 маусым 2024 ж. 230 0