Мерекелік арнау

Маған келіп «Әйел деген кім?» десе,
Айтар едім, жасап қойған гүл десте.
Айқай салып тұрған жоқ па атойлап,
Бас жағында ақын жазған жыр көште.
Әйел деген әрбір үйдің шуағы,
Барлық іске белін бекем буады.
Әйелсіз де ғұмыр кешіп жүрген бар,
Амалың жоқ, ол Алланың сынағы.
Ана деген мен үшін ол – дара адам,
Әлем сүйіп мейіріммен қараған.
Әрбір бала анасымен бақытты,
Тағдыр оны айырмасын Анадан.
Өте берсін, сан ғасырлар арадан,
Ана есімі өшпек емес санадан.
Келмесіне кеменің мініп кеткен,
Күтіп жүр-ау, Аналарын көп адам.
Ана деген сенің сырлас досыңдай,
«Ана – жұмақ» деп айтасың тосылмай.
Құрметтесең, Аналарды құрметте,
Әрбір күні шуақ шашсын осындай.
Жырлар едім, әйел жайлы тынбастан,
Көркемдігі ұйқасымен жымдасқан.
Шешу қиын нәзік жанның жұмбағын,
Құрап тағы қойсаң-дағы мың дастан.
Қиқарланса, «Әйел» атты бүліктер,
Ойына оның жасырғанын біліп көр.
Олар деген тыныш жатқан бомба ғой,
Нәзік жанға тиіспейік, тиіспейік жігіттер.
Деген екен бір ақылды ағамыз,
Дұрыс сөзге қандай жауап табамыз.
Бомба болып жарылғаны құрысын,
Ашу қысса, от боп лаулап жанамыз.
Дұрыс сөзге отыра алмас, қосылмай,
Ақын кісі жыр арнапты тосылмай.
Әр азамат сүйіп алған ғашығын,
Бағаласа, бағаласын осылай.
Әңгімені неғыламыз ұсақтап,
Әр сұлудың ерекше бір түсі аппақ.
Жігіттерді құрметтейік, ендеше,
Бір бомбаны жатқан жоқ па құшақтап.
Рәзия Ысқақова,
Нартай ауылы әйелдер кеңесінің
төрайымы








