Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МОНУМЕНТТІК ӨНЕР ҚҰРЫЛЫСЫН ОРНАТУДЫҢ ӨЗ ТӘРТІБІ БАР

МОНУМЕНТТІК ӨНЕР ҚҰРЫЛЫСЫН ОРНАТУДЫҢ ӨЗ ТӘРТІБІ БАР

«Тамырсыз тал болмайды, тарихсыз ел болмайды» дейді халқымыз. Расында, кез келген елдің еңсесін көтеріп, өткенін бүгінмен жалғайтын құндылықтың бірі – ескерткіштер. Олар – жай ғана тас мүсін деп қабылдасақ қателесеміз. Себебі ескерткіш – тұтас ұлттың жады, тәрбиелік мәні бар рухани нышан.
Тұғырлы тұлғаларға ескерткіш орнату әрбір ұлттың басты міндеті. Бұл жөнінен ешбір өңірден кенде емеспіз. Қазіргі таңда аудан бойынша 42 ескерткіш бар. Өткен өмір өрімінде елге, халыққа, туған жерге өлшеусіз еңбек сіңірген елеулі жандарды осылайша ұмыт қалдырмай жүргеніміз қуантады. Ол біздің тарихымызды бағалайтын зиялы ұрпақ екенімізді көрсетеді.
Ескерткіш – тәрбиелік, ағартушылық және патриоттық миссия атқаруы тиіс. Ол болашақ ұрпаққа үлгі боларлық тұлғаларға, ел тарихындағы маңызды оқиғаларға арналуы керек. Яғни жеке бастың емес, халықтық маңызы бар тұлғалар мен оқиғаларға басымдық берілуі шарт.
Алайда соңғы жылдары арагідік болса да, ескерткіш орнату мәселесі қоғам талқысына түсіп жүр. Кейбір жағдайда тарихи тұлғаларға немесе белгілі бір адамдарға арналған мүсіндер заң талаптарын сақтамай, рұқсатсыз қойылып жатады. Мұндай әрекеттер қоғамда түрлі пікір туғызып, кейде теріс көзқарас қалыптастырады.
Бүгінде монументтік өнер құрылыстарын орнатудың нақты тәртібі бар. Ескерткіштерді орнату жұмыстары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығымен бекітілген қағидалар да бар.
Ең алдымен ұсыныс жергілікті атқарушы органға жолданады. Онда ескерткіштің қажеттілігі, тарихи және идеологиялық маңызы, экономикалық тиімділігі сараланады. Қоғамдық пікір ескеріледі. Тұлғаның өмірбаяны, мерейтойлық мерзімі, қаржыландыру көзі мен жер телімі мәселесі толық шешілуі тиіс.
Айта кету керек, жекелеген тұлғалардың мерейтойлары Үкімет қаулысына сәйкес алғашқы жүз жылдықта – 100 жыл, одан кейін әрбір 25 жыл сайын аталып өтеді. Сонымен қатар жаңа ескерткіштерді орнату кезінде республикалық ономастика комиссиясы бекіткен «Тарихи тұлғалар» тізімін басшылыққа алу қажет.
Идея мақұлданған жағдайда ұсыныс облыстық Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның қарауына беріледі. Одан кейін республикалық деңгейде қаралады. Тек Республикалық комиссияның оң қорытындысы алынған соң ғана ескерткіш орнатуға рұқсат беріледі.
Ал заң талаптарын сақтамай, рұқсатсыз орнатылған ескерткіштер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Ескерткіш – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақтың алдында да жауапкершілік. Сондықтан оны орнатуға – үлкен мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар іс ретінде қарауымыз керек. Заңды сақтау – тәртіптің кепілі. Ал тәртіп бар жерде – бірлік пен әділдік бар.
Тарихқа тағзым ету – әдемі сөзден бөлек, талапқа сай әрекетпен де көрінуі тиіс.

Айнұр ӘБІЛДАЕВА,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ескерткіштерді қорғау жөніндегі маманы
03 наурыз 2026 ж. 24 0

Қоғам

Көп қырлы қаламгер

03 наурыз 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№17 (9384)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031