Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық көліктің мәселесі әлі де өзекті

Қоғамдық көліктің мәселесі әлі де өзекті

Статистикаға сенсек, қара жолдың ­бойында қаншама жанның өмірін қиған жол апатының басым көпшілігі жолаушы тасып, жүйткіп жүрген жеңіл көліктердің салдарынан болған екен. Жасыратын несі бар, ауданға қарасты ауылдарға қатынайтын таксилердің қызметіне күнделікті жүгінеміз. Сөйте тұра, «ауылға қатынайтын автобус жоқ» деп шығамыз. Бұл әлі де майшаммен қаралатын мәселе.
Қоғамдық көлік – тұрғындардың күнделікті қатынасына арналған негізгі құралдардың бірі. Алайда соңғы уақытта бұл көлік түрінен бас тартқан жолаушылар қатары көбейгені байқалады. Осы мәселенің мән-жайын білу мақсатында Ақмая ауылының бригадирлеріне барып, жағдаймен танысқан едік.
Бригадирлердің айтуынша, қазіргі таңда Бала би және Жиделі ауылы бағытындағы автобустың да қозғалысы тоқтап тұр. Ал Ақмая бағытына қатынайтын автобустар болғанымен, жолаушылар саны күрт азайған. Бригадир Сәбит Бейсенбаевтың сөзінше, мәселе автобусқа мінетін адамның жоқтығында емес, тұрғындардың бұл көлік түрінен біртіндеп бас ­тартуында.
– Қазір халық қоғамдық көлікке отырмайды. Себебі ол тұрақты жүрмейді. Көпшілік толықтай таксиге көшіп алған, – деді бір сөзінде. Осындай жағдайда қоғамдық көлік сапаржайда бос тұрып қалады. Мұны өз көзімізбен де көрдік. Белгіленген уақытта тұрған автобусқа жолаушы мінбеді. Бірақ бұл жолаушы жоқ деген сөз емес. Бұл – тұрғындардың автобусқа деген сенімінің жоғалғанының белгісі.
Бригадир Замир Сүлейменов такси бағасының да тұрғындарды тығырыққа тіреп отырғанын айтады.
– Жеке тасымал қызметінің бағасы 350 теңгеден басталып, кей жағдайда бір бағытқа 1000 теңгеге дейін жетеді. Ал қоғамдық көліктегі жолақысы бар болғаны 200 теңге. Халықтың қалтасына тиімді бағаны ұсынсақ та, автобусқа мінушілердің қарасы тым аз, – деді ол.
Бригадир Матхан Әтенов бұл жағдайдың ұзаққа созылуы қоғамдық көліктің маңызын әлсірететінін атап өтті. Иә, әлеумет қоғамдық көлікке мінбегеннен кейін ауылдарға автобус жіберу тиімсіз екенін ұғынуға болады. Адам аяғының аздығына байланысты жүргізушілердің құлшынысы жоқ. Себебі тиімділігі шамалы. Ешкім де шығынмен жұмыс істегісі келмейді.
Несін жасырамыз, ел қазір арзан автобусқа қарағанда, жолақысы екі есе қымбат таксилердің қызметіне жүгінеді. Жұрт қаражаты қалтасын тесіп, байлығы тасып бара жатқаннан таксиге мінбейді. Мүмкін көліктің жайсыздығынан қашады. Техниканың қарыштап дамыған шағында эксплуатацияға сонау жетпісінші жылдары енген тасбақа «ПАЗ» автобусы жолаушылардың талғамы мен сұраныс үдесінен шыға алмай отырғанын да айтпай кетуге болмас. Содан ел қымбат та болса, таксилердің қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Бұл жағдайға ауыл тұрғыны Құндызай Дәрібаева да алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, соңғы айларда автобус рейстері айтарлықтай қысқарған.
– Бұрын Ақмая бағытына күніне 7 рейске дейін автобус қатынайтын. Ал соңғы 5-6 айда бұл көрсеткіш екі, кей күндері үш рейске ауысты. Рейстердің қысқаруы жолаушыларға қолайсыздық тудырып отыр. Қоғамдық көлік сиреген соң, көпшілік жеке тасымал қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұл жағдай басқа жолаушыларға да әсер етуде, – дейді алаңдап.
Жалпы бригадирлер мен тұрғындардың ортақ пікірі бір арнаға тоғысады: қоғамдық көліктің бос тұруы – сұраныстың жоқтығы емес, сенімнің жоғалуынан туған нәтиже. Халықтың балама көлікке бейімделуі осының айқын көрінісі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, қоғамдық көліктің тұрақтылығы қамтамасыз етілмейінше, жолаушылардың автобусқа қайта отыруы қиын. Ал бұл мәселе назарға алынып, қозғалыс жүйеленсе, қоғамдық көлікке деген сенім де біртіндеп қалпына келері анық.

Айнұр ИБРАШЕВА,
фото автордікі
24 ақпан 2026 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728