Түйіткілге толы қоғамдық көлік
Статистикаға сенсек, қара жолдың бойында қаншама жанның өмірін қиған жол көлік оқиғаларының басым көпшілігі жолаушы тасып, жүйткіп жүрген жеңіл көліктердің салдарынан болған екен. Жасыратын несі бар, ауданға қарасты ауылдарға қатынайтын таксилердің қызметіне күнделікті жүгінеміз. Сөйте тұра, ауылға апаратын автобус жоқ деп шығамыз. Бұл әлі де майшаммен қаралатын мәселе.
Әріден бастайық. Естеріңізде болса, басылымның №31 санында «Қоғамдық көліктің күрмеуі шешіле ме?» атты мақала жарық көрген еді. Онда халықтың базынасын жеткізуге тырысып бақтық. Тиісінше белгілі бір ауылдарға қоғамдық-көлік қатынамаудың себебі мен салдарын зерттедік. Бұл әрине, күн тәртібенен түспей тұрған мәселелердің санатында. Бетке қатталған мақаланың әсерінен болар, жауапты мамандар аталған олқылықтың орнын түзетуге тырысты. Нәтиже бар. Бүгінде Еңбекші елді мекеніне жүйелі түрде автобус жүріп, жолаушылардың көңілі жайланып отыр. Еңбекшіге бекітілген автобус таңғы 8:00-де қозғалып, күніне 4 рет бағыт алады. Бұған ауыл тұрғындарының дені дән риза. Бірақ... Бірақ «Алақай деп, аспанға бөрік лақтыруға» ертелеу секілді. Себебі бұл қоғамдық көліктерге бөлінетін субсидияға байланысты толық шешімін таппапты. Ойда-жоқта ауылға қатынаған автобустың тоқтап қалауы бек мүмкін.
Осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. «Ауылішілік автобус қатынастарын көбейтуге тоз-тозы шыққан жол ғана емес, сол автобусқа отыратын адамдардың жоқтығы кедергі болып тұр. Автобус қызметіне жүгінетін жолаушы аз, жол шығынын ақтамайды. Бұл мәселе әлі де қаралу үстінде. Мемлекеттен субсидия берудің жолын қарастырып жатырмыз» деген жауап естідік. Иә, әлеумет қоғамдық көлікке мінбегеннен кейін ауылдарға автобус жіберу тиімсіз екенін ұғынуға болады. Адам аяғының аздығына байланысты жүргізушілердің құлшынысы жоқ. Себебі тиімділігі шамалы. Ешкім де шығынмен жұмыс істегісі келмейді. Бұл мәселе әлі болсын оңтайлы шешімін табады деген сенім бар.