Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨМІР ЖЫЛДАМДЫҚТАН ҚЫМБАТ

ӨМІР ЖЫЛДАМДЫҚТАН ҚЫМБАТ

Қоғам дамуының шынайы өлшемі – биік ғимараттар да, заманауи технологиялар да емес. Оның басты көрсеткіші – қауіпсіздік. Ал қауіпсіздіктің ең сезімтал таразысы – жол. Жол үстіндегі тәртіп – тұтас қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы.
Қызылорда облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар – осы жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бүгінде өңірде құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 124 құрылғы штаттық режимде жұмыс істейді. «Үнсіз күзетші» атанған бұл жүйе 7 мыңға жуық құқық бұзушылықты тіркеген. Бажайлап қарасаңыз, бұл жай ғана сан емес. Әр тіркелген дерек – болдырылмаған апат болуы мүмкін. Әр тоқтатылған тәртіп бұзу – аман қалған бір өмірдің ықтимал кепілі. Цифрлық бақылау – адам факторынан туындайтын қателіктерді азайтып, заңның бәріне бірдей екенін еске салады.
Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта орнатылған 6 стационарлық бақылау аркасында орташа жылдамдықты өлшейтін құрылғылар іске қосылды. Сол арқылы тұтас жол бойында тәртіп сақтауға мүмкіндік бар. Енді жылдамдықты камера маңында ғана баяулатып, кейін қайта үдету арқылы жауапкершіліктен жалтару мүмкін емес. Мұндай тәсіл жазалауға емес, тәртіпке үйретуге бағытталған.
Республикалық маңызы бар автожолдарда бақылау күшейтіліп, 32 елді мекеннің учаскелік инспекторлары қосымша кезекшілікке тартылды. Белгіленген уақыт аралығында жол бойында патрульдеу – тек айыппұл салу үшін емес, алдын алу үшін жасалып жатқан қадам. Қазіргі полиция – тек бақылаушы емес, түсіндіруші, ескертуші, сақтандырушы күшке айналып келеді.
Өңір үшін өзекті мәселелердің бірі – жолға үй жануарларының шығып кетуі. Бұл – ауыл мен жолдың түйіскен тұсындағы күрделі мәселе. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бақташылар санын арттыру, жануарларды уақытша қамауға арналған орындарды көбейту, оларға жарық қайтарғыш алқалар тағу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қауіпті 51 аумақ туралы мәліметті «Яндекс» навигациялық жүйесіне енгізу жөнінде ұсыныс та беріліпті.
Жолдың қарсы бағытына шығу, қауіпті маневр жасау секілді өрескел бұзушылықтарды анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да іске қосылған. Департамент теңгеріміндегі 4 дрон және «Қазақтелеком» қолдауымен алынған қосымша 2 аппарат жолдағы тәртіпті әуеден бақылауға мүмкіндік береді. Заңнан жасырыну қиындай түсті. Мұның бәрі қорқыту емес, қауіпсіздік үшін жасалған қадам.
Енді Шиелі ауданындағы ахуалға ойыссақ. ­Ауданда жүргізілген кешенді шаралар нәтижесінде 6 756 өрескел құқық бұзушылық анықталып, 77 миллион 723 мың теңге айыппұл салыныпты. Оның 70 миллион 829 мың теңгесі өндірілген. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алайда сан көбейген сайын, ой да салмақтана түседі.
Өйткені ресми есептің ар жағында жүрек сыздатар шындық бар. Есепті кезеңде 123 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 196 адам жарақат алған, 21 адам қаза тапқан. Бұл – жай статистика емес, мұның артында 21 шаңырақтың қара жамылуы, 21 отбасының үміті үзілген сәт тұр.
Жол апаты – темірдің соқтығысуы ғана емес, тағдырдың сынуы. Бір сәттік асығыстық, бір секундтық немқұрайлылық – өмір бойғы өкінішке айналуы мүмкін. Сондықтан жол қауіпсіздігін тек полицияның міндеті деп қарау, тар түсінік. Камера да, дрон да, айыппұл да тәртіпті толық орната алмайды. Негізгі өзгеріс – адамның ішінде басталуы керек. Жылдамдықты шектеу – айыппұлдан қорқу емес, өмірді құрметтеу. Қызыл шамға тоқтау – заң талабын орындау ғана емес, өзгенің тағдырына жауапкершілікпен қарау. Облыс көлемінде қолға алынған шаралар – қауіпсіз қоғамға қарай жасалған нақты қадамдар. Бірақ бұл жол – бір ғана мекеменің емес, баршаның ортақ жолы. Әр жүргізуші рөлге отырғанда асықпай, әр жаяу жүргінші белгіленген өткелмен өткенде, әр мал иесі жануарын бақылауда ұстағанда ғана қаралы статистика азаяды. Жол – біздің мінезіміздің көрінісі. Жолдағы тәртіп – азаматтық сананың деңгейі. Ендеше, қауіпсіздікті талап етуді өзгеден емес, өзімізден бастайық. Өйткені жолдағы бір ғана қателік – бір әулеттің тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
17 ақпан 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728