Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбатшылық құрықталмай тұр

Қымбатшылық құрықталмай тұр

Мейрамгүлдің бүгін көңіл-күйі жоқ. Кеше ғана бір ай бойы күткен жалақысын алып шаттанған еді. Бір күн өтпей-ақ қалтасының түбі көрінуге жақын. Соңғы кездері осылай азын-аулақ алатын жалақысын қайда жеткізерін білмей абдырап қалатын болған. Төлейтін несиесі бір бүйірінен қысып ол тұр. Көрші дүкенге беретін қарызы да көбейген. Бала-шағаның ішіп-жемі, киім-кешегі, қала берді жарық пен жылу үшін төлейтін төлемдердің қымбаттағаны тағы бар. Бұл бір ғана Мейрамгүлдің басындағы жағдай емес, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе.
Қазір нарық халықты, әсіресе бір айлыққа қараған қарапайым қызметкерді қос бүйірден мықтап қысып тұр. Азық-түлік бағасы көз ілестірмей қымбаттап бара жатқаны біз айтпасақ та белгілі. Дүкен жағалаған жұрт осылай деп дабыл қағады. Мұнысы да тектен-текке емес.
Биыл 4 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі қолданысқа енгізілді. Бұған дейін 19 атаудан тұрған тізім қазіргі уақытта 31 тауар түрін қамтиды. Кеңейтілген тізбеге қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр еті (сүйекті және сүйексіз), тауық еті, тауық, жылқы еті, сондай-ақ қатты ірімшік енгізілді. Дәл қазір нарықта 31 тауардың тек бесеуі ғана, атап айтқанда, қияр 16,5 пайызға, қызанақ 9,7 пайызға, картоп 7 пайызға, күріш 4,9 пайызға және пияз 1,6 пайызға арзандады.
Базарға не сауда орталығына бас сұғып барсаңыз, бағаны көріп шошисыз. Бұрын дүкенге кіріп 5000 теңгеге бір дорба толы тамақ алсаңыз, ал қазір сол ақшаға әрі кетсе бір қалта макарон мен бір құты сұйық май ғана алып шығасыз. Ал бір дорба азық алу үшін құрығанда 15-20 мың теңге қажет.
Кәсіпкерлер бұған түсіністікпен қарауды сұрайды. Себебі әлем бойынша орын алған дағдарыстан әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағасы аспандап кетті. Ауданға күнделікті тұтынатын азық-түліктің 60%-ы сырттан тасымалданатындықтан саудагерлердің жол шығыны мен үстіне қосатын 5-10 теңгесі тағы бар. Әйтеуір, баға бұлданып, ақша құнсызданып барады.
Соңғы бір жылда орташа есептегенде азық-түлік 7,1 пайызға қымбаттады. Ал еттің бағасы тіпті шарықтап кетті. Ет және ет өнімдері бірден 30 пайызға көтерілген. Сонымен қатар сәбіздің бағасы 17,2 пайызға, күнбағыс майы 15,8 пайызға өскен. Ең көп тұтынатын жеміс – алманың құны тіптен қымбаттап кетті. Бұрын сөреде ұзақ тұрып қалған, сапасы төмендеуі 200-250 теңгеден саудаланып келсе, қазір ең арзан алма 450 теңгеден жоғары. Ал жып-жылтыр, тәтті алма іздесеңіз бір келісі үшін 750-900 теңге төлейсіз. Бұған дейін келісін 1100-1300 теңгеден саудалап келген банан мен жүзім бірер күн бұрын тағы да қымбаттады. Кондитерлік өнімдердің шарықтаған бағасын айтудың өзі артық шығар.
Осыдан соң «ертең не болады?» деген сұрақ әрбір жанның көкейінде көлеңкеленіп тұр. Күнделікті тұтынатын тауарлардың шектен тыс өсуі қалтасы таяз халыққа оңай соқпасы анық.
Несиеге ас ішіп...
Қазір жұрт бағалы дүниелерден бөлек тамақты да несиеге алатын болған. Иә, көлік пен киімді былай қойғанда азық-түліктің өзін бөліп төлеуге алады.
– Ақшаның құны жоқ. Тамақтың бәрі қымбат. Киімнің өзіне жетпейді. Сосын «Каспий редке» аламыз. Басқа амал жоқ. Халық жетпегеннен алады. Асып-тасып тұрса, қарызға кіріп қайтеміз? – дейді кент тұрғыны Жібек Қайырбекова (аты-жөні өзгертілді).
Расында, қазір қарызға азық-түлік алудан ешкім арланбайды. Жалақының аздығын, тамақтың қымбаттығын алға тартады. Сондықтан кредитке кіруге мәжбүр. Бұрын азық-түлікті «қарыз дәптерге» жазса, қазір халық «каспий редке» тәуелді.
Елде тұтынушылық несиенің көлемі жалпы несиенің ішінде 16%-дан асады. Жылына 50%-бен несие беретін банктер де бар. Бірақ қарапайым халық оған қарап жатқан жоқ. Азаматтардың азық-түліктің өзін несиеге алып жатқаны бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайының төмен екендігінің көрсеткіші.
Қарап тұрсақ мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеріп, несиеден арылту мақсатында бағдарламаларды жүзеге асыру, қаржылық ­сауатты арттыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алайда айқын нәтиже әліге дейін байқала қоймады.
Мамандардың айтуынша, несие алуға байланысты адамдардың екі типі бар. Бірі – қарыз алып, уақытылы жабатындар. Ал енді бірі – үсті-үстіне несие алатындар. Соңғы қатардағылар бұл процесті қалыпты санап, «қазір кімнің кредиті жоқ?» деген ұстаныммен өмір сүруде. Бұл орайда азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырғаны абзал.
Соңғы бес жылда елімізде азық-түлік бағасы 79 пайызға өскен. Демек халық несиеге өмір сүруге мәжбүр. Себебі жалақы қымбатшылық деңгейінде өсіп отырған жоқ.
Экономист Бауыржан Ысқақов қымбатшылыққа бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Алғашқысы әлемдік инфляция. Саяси-экономикалық қақтығыстар көбейген сайын баға да аспандай береді. Ал кейінгі бес жыл дәл осындай оқиғаларға толы болған. «Екіншіден, Қазақстан импортқа тәуелді ел екенін ұмытпаған жөн» дейді сарапшы. Яғни елге сырттан тауар көптеп алып келінген сайын инфляция жеделдей түседі. Одан соң ішкі фактор – ұлттық валютаның әлсіреуі де бағаға тікелей әсер етті.
Әлемдік тәжірибе не айтады?
Жалпы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, экономиканы табысты дамытудың негізгі шарттарының бірі. Осы орайда елімізді орнықты дамыту жөнінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңда бекітілген. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі ісінде басты назарда тұратынын білдіреді.
Әлем елдерін алып қарайықшы. Мәселен, Канадада халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін «азық-түлік банктері» жүйесі қызмет көрсетеді. Бұл жүйе бойынша жергілікті 450 азық-түлік банкі мұқтаж жандарға тегін тамақ өнімдерін ұсынады. Олар еріктілердің көмегімен және қайырымдылық негізінде жұмыс істейді. Осы жүйенің арқасында 900 мыңға жуық канадалық тағам өнімдерін алады.
Ал АҚШ-та күнкөрісі төмен халықтың азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оңтайлы тәжірибе қолданылуда. Егер бұл елде отбасының кірісі кедейшіліктің деңгейінен 130% төмен болса, отбасы мүшелері арнайы электронды карта арқылы жүзеге асырылатын, азық-түлік тауарларын жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін «SNAP» бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарлама АҚШ халқының 45 миллионға жуығын қамтитын көрінеді.
Еуропалық одақ елдеріне келер болсақ, мұнда тағам өнімдерінің қауіпсіздігі стандартының талаптарын сақтау жоғары деңгейде жолға қойылған. Қазіргі таңда Еуропалық одақ елдері азық-түліктің мол қорына ие.
Ал әлемдегі 30 мемлекет азық-түлік зәрулігін қатты сезінуде. Сондай-ақ жаһан бойынша созылмалы аштық дертіне ұшырап отырғандардың саны 1 млн адамға жуықтайды. Саладағы осы жағдайлар әлемдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайдың ауырлауына апарады.
Қазіргі таңда азық-түлік тапшылығы әлем бойынша басты сын-қатерлердің алғашқы үштігі қатарына енгізіліп отыр. Бұл әрине, негізсіз емес. Өйткені қазіргі кезде миллиондаған адамның аштыққа ұшырап, миллиардқа таяу жан ас-судың үнемі жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр.
Табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсайтын халық кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр деп есептелінеді. Ал қазақстандықтар жалақсының 56 пайызына азық-түлік алады екен.
– Егер халық табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсайтын болса, онда ол халық кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр деген сөз. Өйткені ол азаматтар табысты тек қана азық-түлік алу үшін ғана табады. Басқа шығындарына олардың қаражаттары жетпейді. Дамыған елдерде азық-түлік шығындары табыстың 12 пайызын құрайды. Ол елдің азаматтары қалған қаржысын жинайды, өзінің дамуына жұмсайды. Ал ең дамыған елдерде бұл көрсеткіш 8 пайыз. Бізде бұл орташа есеппен алғанда 56 пайыз. Қарапайым халықтың жағдайына қарайтын болсақ, көпшілігі тапқан табысымен қарызын жабады да, келесі айлыққа дейін қарыз алып өмір сүріп жатқан жағдайы бар. Ол енді тіптен қиын жағдай, – дейді экономистер.

Бәріне себеп – ұлттық валютаның құны
Нарықтағы бағаны сөз еткенде теңгенің құнынан айналып кете алмаймыз. Себебі тауар бағасы теңгенің доллорға қатынасына тікелей тәуелді. Мәселен, теңге айналымға енген 1993 жылдардан бері қарайғы бағамға назар аударсақ долларға қатынасы 4,7, 54, 84, 138, 156, 120, 123, 150, 185, 189, 198, 255, 282, 325…495 деп кете береді. Валютамыздың бұдан әрі қаншалықты құлдырайтынын уақыттың еншісіне қалдырайық. Бір анығы, осы инфляцияның әсері қарапайым халыққа қосымша салық сияқты, нарық бағасының өсу қарқыны ақшалай табыстың өсуінен әлдеқайда жоғары болғандықтан, табысы шектеулі әлеуметтік топтар үшін ақшаның жетіспеушілігінен өмір сүру қиынға соға береді. Жалпы батыс сарапшыларының пайымдауынша, әлемдік қаржы нарығына төнген қауіп, яғни, қаржы нарығындағы ставка күшейген сайын дамушы мемлекеттердің валютасына қысым түсе береді. Бұл бейнелеп айтқанда, бай күшенген сайын кедейдің халі мүшкіл тартатын жағдайға көбірек ұқсайды.
Қазір ел ішінде 500 теңгеліктер «тиын» болып (темір ақша) шығады деген желсөз өріп жүр, соған қарағанда тиын болмаса да, бірыңғай «тиын» санап қалмасақ болғаны.

Гүлхан ЯХИЯ
17 ақпан 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728