Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық мектебі – саулыққа бастар сара жол

Денсаулық мектебі – саулыққа бастар сара жол

Қазіргі таңда аурудың алдын алу – медицинадағы ең маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2019 жылғы 28 маусымдағы бұйрығына сәйкес өңірдегі емдеу мекемелерінде «Денсаулық мектептері» ашылған болатын. Бұл бастама халықтың денсаулық сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты қадамға айналды.
Аталған игі іс Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында да өз жалғасын тауып, мұнда «Денсаулық мектебі» 6 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Біз арнайы барып, мектептің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Денсаулық мектебінің басты міндеті – тұрғындарға аурумен күресуді емес, аурудың алдын алуды үйрету. Яғни әр адамды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға дағдыландырып, қауіп факторларын төмендету, созылмалы аурулардың асқынуына жол бермеу.
Мейіргер Баян Әділованың айтуынша, қазіргі таңда мұнда 9 бағыт бойынша денсаулық мектептері жұмыс істейді. Олар – жүрек-қан тамыр аурулары, демікпе, инсульт, қант диабеті, жас аналарға арналған дайындық, дұрыс тамақтану, отбасын жоспарлау, қауіп-қатер факторлары және «Дені сау бала» бағыттары.
Бұл мектептердің жұмысын білікті мамандар бірлесе атқарып келеді. Атап айтқанда, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Айдана Майлыбаева, гастроэнтеролог Аида Жаппарбергенова, эндокринолог Гүлнар Налтаева, пульмонолог Райхан Мырзабай, невропатолог Гаухар Тұрғанбекова, акушер-гинеколог Күнсұлу Сәрсенова, ­кардиолог Маржан Арзыкулова, психолог Арайлым ­Базарбаева және мейіргерлер күнделікті өз білімдері мен тәжірибелерін халық игілігіне арнап келеді.
Жоспарға сәйкес қаңтар айында біз «Қант диабеті денсаулық мектебінің» жұмысына ерекше назар аудардық. 2025 жылғы қорытынды есепке сәйкес, бұл мектеп аясында 10 бағыт бойынша түрлі танымдық іс-шара өткізілген.
Сабақтар барысында қант диабетінің 1 және 2 типтері, оның пайда болу себептері, қауіп факторлары кеңінен түсіндіріліп, қандағы қант деңгейін бақылау, глюкометрді дұрыс пайдалану, гликирленген гемоглобиннің маңызы айтылған. Сонымен қатар дәрі-дәрмек пен инсулинді дұрыс қолдану, диабет кезіндегі тамақтану тәртібі, дене белсенділігі, артық салмақтың алдын алу жолдары да қамтылған.
Асқынулардың алдын алу да басты назарда. Гипо және гипергликемия белгілері, аяқ күтімі, көз, бүйрек, жүрек саулығын сақтау жолдары, өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізу, стрессті басқару секілді маңызды тақырыптар пациенттерге жан-жақты жеткізілген.
Жалпы 720 адамға кеңес беріліп, 500 науқас диспансерлік есепке алынған. Оның 120-сы – 1 типті, 380-і – 2 типті қант диабетімен ауыратындар. Ал 220 адаммен аурудың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы дәл осы денсаулық мектептерінің мәнін ашып тұрғандай. Өйткені мұндағы әрбір сабақ – ертеңгі күннің саулығына салынған инвестиция.
Құрметті оқырман, денсаулық – сатып алынбайтын байлық. Сондықтан «Денсаулық мектебінің» есігі сіз үшін әрдайым ашық екенін ұмытпағайсыз.

М. Кеңесұлы
10 ақпан 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728