ТІРШІЛІК НӘРІ ТОЛҒАНДЫРЫП ТҰР
Сырдың суы сирағымыздан келмей тұрғаны – бүгіннің ғана емес, соңғы жылдардың шындығы. Өзеннің бұрынғыдай арнасынан асып, жағалауға жан бітіретін күндері алыстап бара жатқандай.Былтырғы жазда су тапшылығы сезіліп, диқан қауым бейнет тартты. Биылғы болжамдар да сол қиындықтың қайталану мүмкіндігін меңзейді. Диқандар бұл жолы бейқамдық танытпай, сала мамандарының кеңесіне құлақ асып, суды көп қажет ететін дақылдарды қысқартуға мәжбүр болды. Нәтижесінде, былтыр 12 301 гектар болған күріш алқабы 10 600 гектарға қысқарды. Бұл – бір жағынан сақтық, екінші жағынан – мәжбүрлі қадам.
Бұрын табиғи ырғақпен ағып, тіршілікті тасытатын бұлақтардың үнсіз қалуы жай кездейсоқтық па, әлде ұзаққа созылатын қуаңшылықтың белгісі ме? Әзірге бұл сұраққа нақты жауап жоқ.
2026 жылға Шиелі ауданы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 31 213 гектарды құрайды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш. 2024-2028 жылдарға арналған суғару нормасына сәйкес, бұл алқапқа сағадан 628 миллион 46 мың текше метр су қажет. Бірақ ең алаңдататыны, биылғы суару маусымына бөлінетін су лимиті әлі нақтыланбаған.
Ресми деректерге сүйенсек, Шардара су қоймасы қазіргі таңда 80 пайызға толған. Оның сыйымдылығы – 5,2 миллиард текше метр болса, соның 3,8 миллиардтан астамы жиналған. Көксарай контрреттегішінде де су бар, алайда бұл көрсеткіштер диқандарды толықтай алаңсыз етеді деу қиын. Өйткені бір маусымдағы ауа райы мен жоғары ағыстағы жағдай бәрін өзгертіп жіберуі мүмкін.
Соған қарамастан, су тапшылығының алдын алу бағытында бірқатар нақты жұмыс қолға алынуда. Бұл туралы «Шиелісушар» мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіров түсініктеме берді. Оның айтуынша, биыл жөндеу жұмыстары тариф қаражаты есебінен жүргізіледі.
– Биыл тариф есебінен жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, оның 30 пайызы осы мақсатқа жұмсалады. Соның аясында 0-2 арнасының 3,8 шақырымы қазылады. Қазіргі таңда Р-12 арнасының 0-ден 36-бекетке дейінгі бөлігі тазалануда, бұл жұмысқа 7 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар Р-7 арнасының шамамен 9,5 шақырым аумағы қазылады. Бұлардың барлығы тариф есебінен атқарылады. Аудан бойынша 5 су қоспасы жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, министрлік тарапынан арналарды тазалау үшін қосымша 9 арна ұсынып отырмыз, олардың жалпы ұзындығы 83 шақырым. Қазіргі уақытта қажетті құжаттар дайындалып, жоба-сметалық құжаттамаға ұсынылуда. Жобаның жалпы құны – 539 миллион 800 мың теңге. Бұл жұмыстарды суару маусымы басталғанға дейін, яғни 10 сәуірге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Сондай-ақ сала басшысы биыл су көлемі аз болуы мүмкін деген болжам бар екенін атап өтті. Осыған байланысты күріш егістігінің көлемі қысқартылған.
– Биыл күріш 10 600 гектарға егіледі. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12 301 гектар болған еді. 10 600 гектар алқапты суару үшін 628 миллион 46 мың текше метр су қажет, алайда бұл көлем әлі нақтылануда, – деп қорытындылады Дихан Уалиханұлы.
Биылғы тағы бір жаңалық – электронды келісімшарт жүйесінің енгізілуі. Енді шаруашылықтар су жеткізу қызметіне электронды түрде келісім жасайды. Егер берешек болса, жүйе автоматты түрде келісімшарттан шығарып тастайды. Бұл тәртіп пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған қадам.
Сонымен қатар ауданда суға тәуелділікті азайту жолындағы ізденістер де байқалады. Мәселен, былтыр 700 гектарға жүгері еккен «Таң LTD» биыл бұл көлемді 1000 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. Тағы бір инвестор да дәл осындай көлемде жүгері егуді көздейді. Бұл – дақыл құрылымын әртараптандырудың алғашқы нышандары.
Қорытындысында бір ғана сұрақ алға шығады: Сыр өңірі болашақта суға тәуелді күйінде қала бере ме, әлде жаңа бейімделу жолын таба ма? Табиғаттың бүгінгі үнсіз ескертуін елемей қалуға болмайды. Су – тек ресурс емес, тіршіліктің тамыры. Ал сол тамырдан ажырап қалмас үшін бүгінгі әрбір шешім ертеңгі күннің тағдырын айқындайтыны анық.
Сұлушаш МАДИЯРОВА








