Қыз бұзылса, ұлт бұзылады
Қыз қылықты болмай, ұлт ұлықты болмақ емес. Қырық үйден тыйым көрген кешегі қазақ қызы мен ұр да жық кейіпті, даңғаза тірлікке бойы үйренген бүгінгі қазақ қызы ұятының арасы жер мен көктей. Олай дейтініміз де, бұрындары құшағы баладан, қолы бесіктен босамайтын қыздар бұл күндері қолына темекісін, қолтығына сырасын қысып, көп көшенің бірінде үймелесіп тұрғанын көресің. Бұл аздай, әлеуметтік желіде әумесерлікке әуес болған қазақ қыздарының бүгінгі бетбейнесі қынжылтады.Расында да, кешегі күн келбетті, ай дидарлы биязы қазақ қызының бүгін де қатары тым сиреп барады. Бейне бір қоңыр әуен сынды самалдың ырғағымен тербеліп, жайқалып тұрған көк майса кенет жұттың кесірінен жүдеп, қурап қалғандай көрініс береді. Сонда айдың-күннің аманында қандай жұт жүрді екен деп таңдануға һәм үрейленуге тиістісіз. Ол – замана дерті. Ол – тәннің қалауына жығылып, жанның жұтаңдығынан туған әрекет. Соның әсерінен жаһандану алдындағы адами мүсіннің ғана емес, жанның жаппай жадағай, жалаңаш күйде қалуы – рухымыздың азып-тозуына әкелетіні сөзсіз. Нәтижесінде, ұлдан ұят, қыздан қылық кетті. Осыдан барып бұрымдыларымыз елдің ертеңі, ұлттың анасы болудан қалып бара жатқандай көрінеді.
Бүгінгі қыздар арасында ерсі трендтер кең таралып кетті. Бейәдеп билер, ашық-шашық киімдермен көпшілікке өз видеосын жариялай салу сән бе дерсіз. Тіпті жап-жас өрімдей қыздар әкесіндей азаматтардың қолынан ұстап, бас қосса «махаббат жасқа қарамайды» десті. Ендігі жерде «женатый жігіт» деген махаббат термині пайда болған-ды. Ұйып отырған отбасын ойрандап, балалардың бақытты шағын ұрлап, махаббатқа кенелемін деу де ессіздік емей не? Қазақ халқының ХХІ ғасырға дейін аман-есен жетуі – байырғы берік отбасылық тәрбиенің әсерінен болатын. Түрік педагогы Мұстафа Ергаш өзінің бір еңбегінде: «Ерлі-зайыпты адамдар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтің қосындысынан су пайда болады. Су – өмірдің нәрі, ол лайланса, тіршілік те лайланады. Оттегі мен сутегі ажыраса, одан пайда болған газ жанып кетеді. Күлі де қалмайды. Сол сияқты, отбасы ажыраса түк те қалмайды» депті. Осыдан артық не айтуға болады?! Ел алдында абыройлы болып жүрген қаншама ер азамат қалтасына қызыққан қыздың жетегінде кетті. Түбі абыройсыз, отбасынсыз, далада қаңғып қалмады ма?
Инстаграм желісін қолданушылардың арасында «хайп» деп аталатын қайырсыз түсінік жоқ емес. Яғни, халықтың қарсы пікірі мен агрессивті көзқарасын өршіту арқылы атақ жинауды көздегендердің көргенсіз әдісі. Бұл күндері сол «хайп» арқылы өз туындысын өткізуді көздеген жұлдыздардың әрекеті де отбасы құндылықтарын құнсыздандырып барады. Тіпті ажырасқаннан кейінгі өмірді әдемі етіп көрсететін әйелдердің іс-әрекеті де қоғамға кері әсерін тигізбей қоймайды. Осындайда бассыздықты тыйып, заң жүзінде жауапқа тартар тәртіптің болмай тұрғандығы қынжылтады. Заң алдында тектеу көрмей тайраңдағандар «хайптың» да құдай алдындағы айыпқа әкелерін білсе екен дейсің…
Әйел затын, табиғатын, қадірі мен қасиетін Шал ақыннан асырып айта алған кім бар? «Кез болса ер жігітке жақсы қатын, Жақсы қатын шығарар ердің атын. Жаман болса өз қылған істерімен, Еріне қалдырады жаман атын» дейді. Тәрбиесіздік атаулысы қыздың өз әулетін қаралап қана қойса мейлі ғой. Бір күйінтерлігі, ұлттың азаматының бағасын, қадірін бес тиын ететін де осылар емес пе? Осындайда, жазушы Ақселеу Сейдімбектің: «Алты-жеті жастамын, келе жатсам ауылдағы көшенің анау басында бір әйел жолымды тосып тұр; не жүрмейді, не басқа жаққа кетпейді, жақындай бергенімде «Қарғам, жолыңды кеспейін деп тосып тұрмын, сен өтіп кет – сен еркексің ғой» деді. Жеті жасар баланың жолын жетпістегі кейуана кеспеді, сөйтіп…» дегені еске түседі. Ал бүгін 7 жасар балаға жол бермек түгілі, 70-тегі қарияға орын беруге қиналатындарды көріп ішің қанжылайды.
Қаз қадірін қазақтан артық кім білген? Әрдайым төрінен түсірмеген, тым биік қадір-қасиетімізді жоғалтып алмайықшы, қазақ қыздары!
Г.Әбдіхани







