Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқырман, Демесінді білесің бе?

Оқырман, Демесінді білесің бе?

Бүгінде ауыл мен қала арасында ғана оқылып қоймай, алты құрлықты аралап, өзге тілге аударылып, мұхит асып жүрген туындылар аз емес. Алдымен өзіміздің айналайын қазағымызға ұнап, содан кейін өзге тілдерге саяхат жасап, әдебиеттің әлемін кеңейтіп жүрген жас жазушыларды көргенде көз қуанады.
Алайда жаңа заман жазушыларының көлеңкесінде ұлы даламыздың қайраткер ұлдарының еңбегі көрінбей қалып жатқан сияқты. Жоқ, мұнымен «қазақ жазушылары» деген атақты қарумен де, қаламмен де күресіп жүріп жұрттың жадына сіңірген жазушылардың еңбегін төмен бағалап жатқанымыз емес. «Көлеңкесінде көрінбей қалды» деген датымыз оқырмандарға. Қазіргі таңда әдебиетіміздің тарихына аты, затымен соны, жаңа үн, жаңа гуманистік рух әкелген шығармаларды оқитындар саусақпен санарлық. Жастардың басым көпшілігі психология немесе шет тілінен аударылған мотивациялық кітаптарды, одан қалса аннан-мұннан құрастырып, әңгіме емес өсекке жақын туындыларды таңданып оқиды. Әрине, талғамға талас жоқ. Қандай кітап оқимын десе де, оқырманның өз еркінде. Бірақ халқының қайткенде озық жұрттардың қатарына қосылуын уайымдап, көріп-білгені мен танып-түйгенін томдап туындыға айналдырған жазушылардың еңбегін естен шығармауымыз керек. Тіпті кезінде төрткүл дүниені мойындатқан авторлардың шығармасын өкшемізді басып келе жатқан өскелең ұрпаққа насихаттаған жөн. Әйтпесе, жасөспірімдердің арасында «Абай жолын» неге оқимыз? Ол бізге не береді?» я болмаса «Бұл кітаптар не үшін керек? Одан да мотивациялық кітапты оқығаным жетеді» деген кереғар пікір қалыптасып келеді. Осы тектес түсінікке тосқауыл болу үшін газетімізде әдебиеттен сыр шертуді әдетке айналдырған болатынбыз. Себебі қаламгердің қаруы – қалам. Сұм соғыс жылдарында ел-жұрттың еңсесін тауқымет басып, адам жаны аяз ұрған жапырақтай бүрісіп, қабағын мұң шалғанда осы жазушылардың жазған шығармасы шұғыладай нұр шашып, әр оқырманның санасына сәуле сыйлап, болашағына бағдар берген болатын. Демек олар қаламы арқылы қазақты қайта тірілтті. Ал қазіргідей бейбіт заманда ұрпақты азғаннан, әдебиетімізді тозғаннан сақтау – біздің міндет. Сол үшін басылымның бүгінгі санында мейірім мен шапағатты, достық пен махаббатты әр адамның жүрегіне қасиетті қаламы арқылы қайта егетін қаламгер Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» повесі жайлы жазбақпыз.
Қазақтың маңдайына біткен жазушылар көп емес. Көп болса да, жылдар бойы оқырманның махаббатына бөленіп, шығармасының шым-шытырық оқиғасына елітіп алып кететін, кейіпкерімен бірге күн көргендей әсер қалдыра алатындары аз. Ал Дулат Исабеков – Тәңірі сыйлаған талантты тұншықтырмай, тамшысына дейін тиімді пайдаланып, талай туындыны оқырманның ойына шегелеп тастаған жазушы. Әрине, біз кейінгі ұрпақ ұлтымыздың ұлы жазушыларымен бетпе-бет кездеспедік. Бірге ас ішіп, бірге газет оқымадық, бірге саясатты талқыламадық, тіпті бір заманда өмір сүрмедік. Бірақ олар шығармасы арқылы кейінгі ұрпаққа сұрапыл соғыстың суретін, ашаршылықтың аяусыз зардабын, еліміздің еңсесін басқан ауыртпалығын сездіре білді. Бұл қаламгердің құдыреті емей немене? Олар қарапайым өмірінен өнер жасай алды. Өздері жасаған өнердің құдіретінің арқасында кейіпкерлеріне жан бітірді. Д.Исабековтің қай шығармасын алсаңыз да, оның кейіпкерлері әлі де арамызда жүрген тірі адамдар сияқты. Олардың да жер басып жүрген біз сияқты өзіне бұйырған тағдыр-таланы бар, ішінде жолы болғыш бақыттылары да я болмаса иті үнемі қырын жүретін қырсықтары да кездеседі. Мысалы, «Сүйекші» повесіндегі өмірінің соңына дейін өліктерге қабір қазып, күн көрген шал. Сол сияқты «Дерменедегі» жетім шал, «Тыныштық күзетшісіндегі» есі ауысқан Демесін. Бұлар азғындықтың белең алған уақытында, рахымсыз қатал адамдардың арасында өмір сүрген, қой аузынан шөп алмас момын, мүсәпірлер. Осы кейіпкерлер арқылы Дулат ­Исабеков адам бойындағы жанашырлық пен аяушылық сезімді насихаттайды. Себебі шын мәнінде аяушылық бар жерде адам бар. Адам бар жерде тіршілік бар. Демек, Дулат Исабеков тыныстап жүрген тіршілігіміздің насихаттаушысы. Әсіресе, «Тыныштық күзетшісін» оқығанда сұрапыл соғыс баласының өмірін жалмаған анаға, әкесінің есіктен күлімдеп кіріп келгенін күткен балаға, таң алагеуім атқаннан, қара кешке дейін еңбек еткендіктен күлкіге сараң, мұңға жомарт болып қалған ауыл тұрғындарына, жігіттік жасқа жетсе де ақыл-есі жетілмей қалған Демесінге жанашырлық сезімді оятады. Тіпті «Тыныштық күзетшісінің» әр бетінен жазушының көз жасын сезуге болатындай. Бәлкім бұл кейіпкерлер өмірде болмаған да шығар, болса да қазіргі ұрпағының есінде жоқ шығар, бірақ Дулат ағамыздай талантты жазушының қаламынан дүниеге келген кейіпкерлер әлі тірі. Олар бізбен бірге өмір сүріп келеді. Ешқашан өлмейтін мәңгілік образдар. Әдебиет әлемінде тың тақырыптармен танылған Дулат ағамыздың бір ерекшелігі де – осы. Ол кейіпкерлеріне жан бітіріп қана қоймай, тіршілік атты тулаған теңіздің табанында жатқан кейіпкерлерді тауып алады. Мәселен, «Тыныштық күзетшісінің» бас кейіпкері – Демесін. Ол қарапайым адамдарға есі ауысқан, делебесі қозған, істеп жатқан ісі мен сөзіне жауап бере алмайтын, я болмаса жай ғана жынды болып көрінуі мүмкін. Ал автор оны жай ғана жынды емес, тағдырдан теперіш көріп, ата-анасынан алты жасында айырылып, жай ғана бақытты болғысы келетін адам ретінде бағалайды. Автор Демесінге соғыссыз, адам өлімінсіз өмірді армандайтын, оған да қоғамның бір кетігін жабатын кірпіш ретінде қарайды. Сол үшін де Демесінді «Тыныштық күзетшісі» етіп тағайындайды. Тек тағайындап қана қоймай, өзгелер құнсыздандырған қызметке өлшеусіз баға береді. Демесін арқылы. Яғни, өзгелердің ойынша құнсыз болған қызмет Демесінге тиесілі болғанда тіріліп, құны арта түседі. Дулат Исабеков осы туынды және Демесін арқылы біз қалыпты құбылыс санайтын тыныш әрі бейбіт өміріміздің құнын арттырады.
Аталған туындыда тек Демесіннің образы ғана емес, әңгіменің әлқиссасында айтылатын ауылдың ажары да, сол ауылда тырбанып тірлік еткен тұрғындары да, сұрапыл соғыс уақытында орын алған оқиға да, кедейлік пен сараңдық та, ұрлық пен қатігездік те, бақыт пен қуаныш та оқырманды ой түбіне жетелейді. Көлемі шағын болғанымен, мән-мағынасы, сюжеті эмоцияға толы шығарма көңіл түбінде тығылып жатқан сезімдерді оятады. Мысал үшін, «Қыр басынан қарағанда біздің ауыл әлдекімнің дорбасынан түсіп, шашылып қалған асықтай бытырап жатады. Мұндағы үйлердің жалпы ұсқыны бір-біріне ұқсас болғанмен, барлық жердегідей әр шаңырақтың тағдыры әртүрлі, әр басқа. Мұнда небары отызға жуық қана түтін бар. Сол отыз үйден таңертең, кешке отыз түтін дудақтағанда ауыл үстін кәдімгідей бозғылт тұман басып, жапырайған жатаған үйлерді көгілдір пердеге орап көзден тасалайды. Міне, анау мұнартып жатқан – мен туған ауыл» деген үзіндіде балалық шақтың қызығы мен қиындығын, кешкілік ыстық пештің қасында отырып, отбасыңмен арқа-жарқа болған ауқаттың уақытын, жау жағадан, бөрі етектен тартып жатса да ауыл адамдарының ақ жарқын пейілін еріксіз еске аласың әрі сағынасың. Демек, «Тыныштық күзетшісінің» кіріспесі оқырманның жүрегіндегі жылы естелікке жан бітіреді. Ал қыр басындағы қорымды бейнелей келіп «Хан да өткен, қара да өткен, қайыршы мен бай да өткен, данышпан мен ақымақ та өткен, сөйтіп барып бәрі-бәрі ана дүниеден әділет тауып, бәрі бірдей кәдімгі қаңқа сүйекке айналған адамдар енді ғана теңелгендей топырақ көрпелерін қымтап жауып қыр басындағы «енді бәрібір» жалғанның құшағында үн-түнсіз жатыр. Сол қу сүйектерді суырып алып, олардың бойын, салмағын, бет-әлпетін, тіпті ұлтын да ажыратуға болар, бірақ кім ақылды, кім данышпан екенін ешкім де біле алмақ емес. Өйткені, оның енді қажеті жоқ, ал ана дүние олардың кім екеніне пысқырып та қарамайды» деген үзіндіні оқи отырып өмірдің қамшының сабындай өте шығатынын және сол өмірде дәрежең де, атағың мен ақшаң да, тіпті ақылың да маңызды болмай қалатынын түсінесің. Фәниде аузыңды айға білеген атақты болсаң да, байлығың әлемді алты орауға жетсе де соңында жамылатының бір ғана көрпе, ол топырақ екенін «соқыр көретіндей, саңырау еститіндей» түсіндіреді. Демек, бұл бес күндік өмірде біз не істеуіміз керек? Егер ақыл да маңызсыз болса. Осы сұрақтар ойлы оқырманды мазалауы бек мүмкін. Әрине, ақылымен, данышпандығымен із қалдырып, ғасырдан ғасырға аты өшпей келе жатқан ғалымдар бар. Бірақ бұл туындыда автор ақымақ болсаң да із қалдыра аласың деген ойды меңзейді. Себебі Демесін жұрт аузында «жынды» атанып кетсе де, ол өмірден өткен соң ауыл тұрғындарының аузынан түспеді. Тіпті дорбадан шашылып қалған арпадай болған ауылдың аты да арагідік «Демесіннің ауылы» деп аталып тұрды. Осылайша Демесін дәулетті, данышпан болмаса да ел есінде адамға қиянат жасамайтын адалдығымен, момындығымен сақталды. Автордың қарапайым заттың құнын арттырып жіберетін қасиетін осы жерде байқауға болады. Иә, біз өмірде атымызды қалдыру үшін ұлы істер керек деп ойлаймыз. Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, стандартқа сай емес әрекеттерімізді немесе өзгенің көңілінен шықпаған мінезімізді жасыруға тырысамыз. Ал Дулат ­Исабеков осылайша «Тыныштық күзетшісі» арқылы өзгелер бағасын түсірген мінездің, күнделікті күйбең тіршіліктің көркін келтіреді.
Автор шағын ауылдың тіршілігін сипаттай отырып, соғыс жылдарында еркектермен бірдей шегі де, шеті де жоқ қара жұмыспен жан аямай айналысқан қыз-келіншектердің де бейнесін ұмытпайды. Олардың қара қағаз алса да, жылауға тіпті жаназасын шығаруға мүмкіндігі болмайтын. Себебі қара жұмыстың қамы, соғысқа керек-жарақты құралдар, колхоздың малы күтіп отырмайтын. Тіпті олар да уақыт жайлы екі-ақ түсінік болатын дейді автор. Оның бірі – ұйықтағанға дейінгі, екіншісі – ұйықтап тұрғаннан кейін. Ауыл тұрғындары осы екі аралықтың өзін «тіршілік» деп атап, сол тіршілікте тырнақтай болсын қуаныш іздейтін. Алайда сол тырнақтай қуанышпен тек түсінде кездесетін. Олардың ең бір ғажайып армандары мен балдай тәтті үміттері тек түсінде орындалатын. Қиындықтың ауыр жүгін арқаласа да, мақта басында жүрген әйелдер әр істен қуаныш табуға тырысып, бір-бірімен әзілдесіп, тіпті Демесінді де күлкіге айналдырып бір жасап қалатын еді. Міне, осылайша әйелдердің әзілі мен әңгімесін, күлкінің астарында жасырынған зарын автор асқан шеберлікпен суреттеген. «Тыныштық күзетшісінде» тек кейіпкерлерді ғана емес, бұлтарысы мен бұралаңы көп, «соқтықпалы, соқпақты» өмір тақырыбында қозғайды. Осылардың барлығын бір арнаға тоғыстырып, біте қайнатып оқырманға ұсынған Д.Исабеков жай күндері жанынан өте шығатын заттардың өзі құнды екенін ұғындырады.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
26 қаңтар 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№6 (9373)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (9371)

17 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031