Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОҚЫРМАН, ҚАНДАЙ КІТАП ОҚЫП ЖҮРСІЗ?

ОҚЫРМАН, ҚАНДАЙ КІТАП ОҚЫП ЖҮРСІЗ?

Кітап – рухани кемелденудің көзі. Ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына болып табылатын кітаптың кез келген жанға берері мол. Қазіргі жаһандану кезеңінің тиімді тұстары көп болғанымен де, жаңа технология мен түрлі ағымдар себебінен рухани байлықтың шетке ысырылып жатқандығы – қоғам дерті.
Жастар арасындағы кітап оқуға деген қызығушылықтың кемшін тартуынан ой мен сананың дамуы қалыс қалып кетеді. Күніге ішетін ауқатымыз денеге нәр беріп, толтырса, кітап та миды дәл солай толтыратыны сөзсіз. Кітап дегенде санада сан түрлі түсінік пайда болады. Бірі кітапты аса қызығушылықпен оқыса, келесі бірі білім мен ғылым жолында пайдасы орасан екендігін ескереді. Ұлы Абайдың «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге» деп тілге тиек етуінің өзі кітаптың жұтамас байлық екеніне тағы бір дәлел.
Адам баласының ойын байытып, ­сауатын кеңейтіп, білім нәрімен сусындататын дүние – кітап. Ал осы кітап десе, көз алдымызға сөрелерде том-том болып шаң басып жатқан әдеби туындылардың елестеуі заңды құбылысқа айналғандай. Неге десеңіз, ана тілімізде жазылған кітаптардың бір емес, бірнеше томнан тұруының өзі қазіргі жас буын үшін оқып аяқтай алмайтын дүние болып көрінеді. Оны оқуға деген қызығушылықтың бірден сөніп қалуына да себеп солар болар. Бұл әсіресе классикалық әдеби туындыларға тән. Сөз емес, ой жарыстыратын уақытта жастар ұдайы классикалық әдебиетке әуес. Қазіргі уақытта жастардың басым көпшілігі өзге тілдегі туындыларды оқуға құмар. Себебі шетелдік кітаптардың тілі – оқуға жеңіл. Осы тұсымен-ақ, оқырманды, соның ішінде жастарды өзіне тез елітеді. Лев Толстойша айтар болсақ, «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей».
Болашақ ұрпақтың талабын қанағаттандырып, ой-санасы мен рухани өрісін дамытып, қалыптастыруда үлкен тәрбие құралы – кітап. Ендеше, кітап ішінен әріпті емес, ойды іздейтін болсаңыз, сізге бірнеше қазақ тіліндегі әдеби туындыларды ұсынуды жөн көрдік. Бұл кітаптар сізді көлемі жағынан еш қорқытпасы анық. Сіз бен бізге ой салатын туынды ретінде ең алдымен Мұхтар Мағауиннің «Шақан-Шері» романын оқуды кеңес берер едік. Неге десеңіз, «Табиғат. Қоғам. Адам» атты үштіктің арасындағы үйлесімділіктің бұзылуын тілге тиек еткен бұл шығарма оқырманды толғандырмай қоймады. Неліктен? Адамды адамдығынан, табиғи жаратылысынан айырып, оларға еркіндікті беріп қойған кім? Қатыгездік, адамнан басталған жамандықтың кек алуымен астасып, жеке бір адам тағдырынан сыр шертетін туындының негізгі айтпақ ойы – жамандық атаулының негізі адамнан басталатындығын жеткізу. Адамшылық құндылықтың өшіп, азғындық пен зұлым әреттердің белең алып, адамның ар мен ұяттың емес, ақша мен дүниенің, атақ пен абыройдың құлы болып бара жатқандығы бүкпесіз айтылады.
Келесі бір туынды Мұхтар Мағауиннің – «Қыпшақ аруы». Егерде ата-бабалардың ақыл-парасатын, мәдениетке деген ұмтылысты, мінсіз мінез бен сұлулықты көрсететіп, ой мен санаға ерік беретін, қиял-ғажайыпқа оқырманын алаңсыз сендіретін шығарманы іздеген болсаңыз, «Қыпшақ аруы» дәл сол сіз іздеген шығарманың бірі болмақ. Өткен мен келешекті ұштастырған жазушының айтпақ ойы – ежелгі мүсіндердің талқандануымен қатар, қазақы ұлттық рух пен мәдениетті, тіл мен діннің тапталуын көрсету болып отыр. Бір ғана өнер адамының өмірін суреттеу арқылы қаншама өзекті тақырыптарды қаузаған бұл туынды – тарих еншісіндегі біраз оқиғалар мен ел өміріндегі елеулі белестерді де қамтиды. Осы тұста Иван Тургеневтің «Қолға түскенін емес, әбден таңдап, сараптап оқыңыз. Діл мен жаныңызды байытып, оны тәрбиелеңіз» деген орамды ойы оралады. Ендеше қолға түскенді емес, біз ұсынған бір шығарманы оқып шықсаңыз, жақсы кітап – ұлттың антологиясы екенін ұғынарыңыз анық.
Қазіргі таңда қоғамда өзекті мәселеге айналған тақырыптың бірі – құмар ойын. Осындай маңызды проблеманы өз шығармасына арқау еткен шығарманың бірі – Асқар Алтайдың «Казино»-сы. Аталған туындыны оқыған әрбір оқырман пайдасы тиер дүниені қорытып шығаратыны хақ. Себебі құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат деп басталатын шығарма желісі, құмар ойынның зардабын тартқан адам тағдырын, бармақ тістеп, өкінген сәтін оқырманға тым әсерлі етіп суреттейді. Бір оқулық мың адамды оқытса, осы шығарма сіздің өмірлік сабақ алуыңызға зор әсер етпек. «Айтылған сөз – бір күн, жазылған сөз – бір ғасыр өмір сүреді» деген бар. Өмірдің сан қилы жолдарынан адасып жүрген пенделерге жазылған сөздің де әсері қалмай бара жатқан сыңайлы. Десек те, біз ұсынған осы бір шығармалар сіздің ойыңыздың өзгеруіне тамшыдай болса да, үлесін қосса, қуаныштымыз.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш аға айтпақшы, кітап жан сарайыңды байытар жалғыз қазына. Иә, ауданда Астана мен Алматыдағыдай «Меломан» арнайы кітап дүкені жоқ. Яғни, кітап алғысы келген оқырман аудандық кітапхана орталығымен ғана шектеліп қалады. Біз кітапқа қатысты зерттеу жүргізіп көрдік. Нәтижесінде көпшілік 3 саланы қызыға оқиды екен. Бірі – классикалық әдебиет, екіншісі – қаржы, үшіншісі – психология. Классика ешқашан өшпейтіні анық. Оны барлық жастағылар жарыса оқиды. Ал қаржылық сауатты ашуға құмар жандардың көбеюі бүгінгі ахуалға байланысты. Психологияны көбіне жасөспірімдерден бастап орта жасқа дейінгі адамдар оқуға құмар.
Қазіргі таңда «Меломан» дүкендерінде ең көп сатылатын кітап — «Шантарам». Григори Дэвидтің автобиографиялық романына деген сұраныс әлі де болсын жоғары.
Шыны керек, қазақ тіліндегі кітаптардың саны көп емес. Барлық дүкендерде асып кетсе 3-4 сөреде ғана тұрады. Барлық салаға, талғамға сай кітаптар табылғанымен төл әдебиетіміздің туындыларын табу қиынға соғады. Сыйлық ретінде алар болсаңыз, он томдық «Жыр маржанын» алуға болады. Бағасы — 88 590 теңге. Ал егер қалтаңызға қатты салмақ салмайтынын іздесеңіз, ондайлар да табылады.Қазақша кітаптардың ішінде «Абай жолы», «Көшпенділер» үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ Мұқағали Мақатаев ақынның әсем жырларына шөлдеп, арнайы іздеп келетіндер де табылады.
P.S.: Білім мен ғылым жарыстыратын заманда телефонға тәуелді ұрпақтың келешегі бұлыңғыр келеді. Адамды ойшылдыққа жетелейтін жалғыз дүние – ол кітап. Еңсесін енді тіктей бастаған Сауд Арабиясында да, кәрісі түгіл жиырмадағы жас баласына дейін қаріп танымайтын Мавританиядағы жаппай сауатсыздық қоғамды бірнеше уақытқа құлдыратып тұрғаны ақиқат емес пе? Егерде біз виртуалды әлемде санамызды улап, асыл қазынамыздан алыстасақ, Жаңа Қазақстанның халі не болмақ?

Сымбат СҰЛТАН
30 қаңтар 2023 ж. 483 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930