Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАРЫМТА ӨТКЕННІҢ ЕМЕС, БҮГІННІҢ ДЕРТІ

БАРЫМТА ӨТКЕННІҢ ЕМЕС, БҮГІННІҢ ДЕРТІ

Қазақ халқы үшін мал – тек күнкөріс көзі ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тіршіліктің өзегі, тұрмыс пен танымның, береке мен ырыстың өлшемі. «Мал баққанға бітеді» деген халық даналығы адал еңбектің қадірін айқындаса, «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз төрт түліктен айырылған жанның ішкі күйзелісін дәл бейнелейді. Сондықтан да мал ұрлығы – жай ғана қылмыс емес, ауыл өміріне төнген ауыр соққы, адал еңбектің тамырына балта шабу.
Соңғы жылдары мал ұрлығы қоғамның ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Мемлекет тарапынан заң күшейтіліп, 2019 жылы Қылмыстық кодекске арнайы 188-1-бап – «Мал ұрлығы» енгізілді. Бұл бап бойынша кінәлілерге 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда қатаң жаза да бұл қылмыстың түбіне балта шауып отыр деу қиын. Неге?
Себебі бүгінгі барымта аштықтан немесе жоқшылықтан туындап отырған жоқ. Бұл – ұйымдасқан, әбден дағдыға сіңіп, табыс көзіне айналған қылмыс. Ұрылар заңды да, жазаны да біледі. Бірақ соған қарамастан, «ұсталмасам болды» деген сеніммен әрекет етеді. Өкініштісі, көп жағдайда бұл сенім ақталып та жатады.
Ресми деректерге сүйенсек, ауданда 2023 жылы мал ұрлығы 27 пайызға төмендеген. Бұл – құқық қорғау органдарының белгілі бір деңгейде жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді. Алайда сан азайғанымен, зардап шеккен әрбір отбасының күйі өзгермейді. Бір үй үшін 1 сиыр немесе 1 жылқы статистика емес, күнкөрістің тірегі. Мәселен, 2023 жылы Шиелі ауданында тіркелген 15 мал ұрлығының 12-сі жайылымда, 3-еуі қорада жасалған. Оның 13-і ашылып, 2 дерек белгісіз күйде қалған. Бұл – ұрлық толық бақылауда деген сөз емес. Ал 2025 жылы мал ұрлығының 5 дерегі тіркеліп, ашылу деңгейі 8,3 пайызға артқаны айтылғанымен, бұл да ауылдағы үрейді сейілтіп отырған жоқ.
Қазақ «Ұры – алыстан келмейді» деп бекер айтпаған. Мал ұрлығының ең күрделі тұсы да – осы. Қылмыс ашыла бергенде жәбірленушінің арызын қайтарып алуы, «келісіп алдық» деген сылтаумен істің жабылуы, құқық қорғау жүйесінің қолын байлайтын факторлардың бірі. Бұл жерде мәселе тек полицияда емес, қоғамдық сананың әлсіздігінде. Ұры жазаланбаса, ол түзелмейді. Керісінше, бұл басқаға да «жол ашу» болады. Адал еңбектің қадірі кетеді.
Мал шаруашылығымен айналысып отырған қарапайым ауыл адамдарының жағдайы – бүгінгі шындықтың ең ащы көрінісі. Ондаған жыл бойы маңдай термен көбейткен малынан айырылған жан үшін бұл тек материалдық шығын емес, еңбектің аяққа тапталуы. Малды қораға қамасаң – ауру. Жайылымға жіберсең – ұры. Сонда адал шаруа қайда баруы керек?
Әкімшілік жауапкершілікпен 216 адамға айыппұл салу – тәртіпке шақырудың бір жолы. Бірақ мәселенің түп-тамыры мұнымен шешілмейді. Мал иесіне тек «қараусыз қалдырма» деп талап қою аз. Оған нақты қорған, тиімді бақылау, заманауи тәсілдер, ортақ жауапкершілік қажет. Ең бастысы, ұрлық жасаған адам жазасыз қалмауы тиіс. Заң бар жерде тәртіп болуы керек. Әйтпесе адал еңбек еткен адам өзін қорғансыз сезіне береді.
Абайдың «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген сөзі бүгін бұрынғыдан да өзекті. Ауылда адал еңбек қорғалмаса, ертең ешкім мал ұстамайды. Ал малсыз ауыл – тіршіліксіз ауыл. Бұл – бір отбасының емес, тұтас қоғамның мәселесі. Адал малдың тағдыры кімнің қолында? Ұрыларға жағдай жасап, мал иесі өз несібесінен құр қалмақ па? Егер бұл сұраққа жауап бермесек, ауылдағы адал еңбек пен шаруашылықтың болашағы бұлыңғыр күйде қалмақ...

Өз тілшімізден
13 қаңтар 2026 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№3 (9370)

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (9369).

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (9368)

06 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031