МУЗЕЙДЕГІ МҰРА МА, ӘЛДЕ НАРЫҚТАҒЫ БРЕНД ПЕ?
Қолмен жасалған көне құмыра – тек музей сөресінде сақталып тұрған жәдігер ме, әлде болашақта туристер мен заманауи дизайн нарығында танылатын ұлттық брендке айнала алатын өнім бе? Қыш ыдыс бізге өткеннің тынысын жеткізеді, ал оның әрбір пішіні, әрбір өрнегі – бабалардың өмірінен сыр шертеді. Қазіргі кезде бұл өнер көбіне назардан тыс қалып, тек көрме залында ғана көрінеді, ал оның тарихи және мәдени мәні тереңде жатыр. Бұл жәдігер тек өткеннің белгісі емес, ұлттық мәдениетіміздің айнасы. Бірақ оны нарыққа шығарып, брендке айналдыру ісі әлі қолға алынбаған. Осы мақалада біз Шиелі өңіріндегі құмыраларды зерттеп, олардың тарихи, мәдени және экономикалық әлеуетін талдаймыз, сонымен қатар болашақ брендке айналдыру мүмкіндігін қарастырамыз.Құмыра – адамзат өркениетінің ең көне тұрмыстық бұйымдарының бірі. Ол тек ыдыс емес, халықтың өмір салтын, шаруашылығын, дүниетанымын танытатын мәдени белгі. Қазақ халқы үшін құмыра күнделікті тұрмыстың маңызды бөлігі болды: су, сүт, май, дән, тағам сақтау үшін қажет, кейде одан да арнайы мақсатта, мысалы, дәрілік заттар немесе бағалы сұйықтықтар сақтау үшін пайдаланылған. Қыштан жасалған құмыралардың әрбірі өз технологиясы, пішіні, өрнегі мен түсімен ерекшеленеді. Қышты арнайы пеште жоғары температурада күйдіру арқылы оның беріктігі қамтамасыз етілген, ал бояулар мен өрнектер – эстетикалық және символдық мәнге ие.Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі коллекция бізге көптеген сұраққа жауап берді. Музей қорындағы құмыралар әртүрлі өлшем мен пішінде: ең үлкені – Хум құмырасы, диаметрі 29 см, ені 52 см. Бұндай көлемдегі құмыралар көбінесе астық, май, су сақтау үшін қолданылған. Қалың қабырғасы мен кең аузы оның ұзақ уақытқа төзімді болуына мүмкіндік берген. Одан кейінгі қарапайым құмыралар диаметрі 14 см, ені 18 см, күнделікті тұрмыста кеңінен пайдаланылған. Ал ерекше пішінді құмыралар – сфераконус немесе сынапкөзе, ені 10 см, ұзындығы 12 см, көбінесе бағалы сұйықтықтар немесе дәрілік заттарды сақтау үшін арналған. Бұл әртүрлі пішіндер өткен дәуірдегі технологиялық ойлау мен өмір салтының әртүрлілігін көрсетеді.
Құмыра жасауда пештің рөлі ерекше болды. Күйдірілген қыш бұйымдар ұзақ уақытқа төзімді болып, күнделікті тұрмыста қолдануға мүмкіндік берді. Пештер көбіне жерден қазылып, балшықпен сыланған, отын ретінде сексеуіл немесе жыңғыл пайдаланылған. Дұрыс күйдірілген құмыра жүздеген жыл бойы мызғымай сақталуы мүмкін. Қыш бетіне салынған өрнек тек сәндік қана емес, ыдыстың қолданылу саласын, иесін немесе белгілі бір оқиғаны бейнелеу үшін қолданылған. Мысалы, су символын білдіретін толқын өрнегі немесе бақыт пен молшылықты бейнелейтін дән мен масақ бейнелері жиі кездескен.Музей қызметкері Бекболат Әбуовтің айтуынша, құмыра – қазақ халқының көне тұрмыстық бұйымы, ол тамақ, су, май сақтау үшін қолданылған, кейбірі өрнектеліп, боялған. Әрбір құмыра – өз дәуірінің мәдени, тұрмыстық және эстетикалық көрінісі.
Қазіргі кезде Шиелі құмырасын нарықта брендке айналдыруға мүмкіндіктер бар. Суретшілермен пікірлескенде, олар жаңа брендтік құмыраның бетінде күріш өрнегін қолдану тиімді болатынын айтты. Шиелі – күріш шаруашылығымен танымал өңір, күріш – берекенің, еңбектің және тоқшылықтың символы. Күріш масағы немесе дән бейнесі нәзік ою түрінде құмыра бетінде бейнеленсе, бірден өңірді еске салатын белгіге айналар еді. Суретшілер күріш өрнегін дәстүрлі ою-өрнектермен үйлестіруге болады дейді. Мысалы, «су жолы», «толқын», «ырыс» элементтерімен бірге қолданылса, өнім тек эстетикалық тартымдылық қана емес, Сыр өңірінің мәдени сипатын жеткізетін көркемдік туындыға айналады.
Шетелдік тәжірибеге көз жүгіртсек, ұлттық құндылықты нарыққа шығару жолы барынша анық көрінеді. Қытай мемлекетінде фарфор мен керамика ғасырлар бойы дамып, ұлттық брендке айналған. Қытай фарфоры әлемдік нарықта жоғары бағаланады, олардың өндірісі мемлекеттік қолдау, арнайы шеберханалар мен ғылыми зерттеу орталықтары арқылы жүргізіледі. Қышты күйдіру технологиясы, бояулар мен өрнектердің бірегейлігі, дизайны – бәрі біртұтас мәдени брендке қызмет етеді. Ал Жапонияда құмыра жасау – «чаван» және «мисэ» сияқты дәстүрлі ыдыстар арқылы белгілі. Жапон шеберлері қолөнерді индустриялық дизайнмен үйлестіріп, кәдесый, интерьер бұйымдары мен гастрономиялық саланың қажеттіліктеріне бейімдейді. Жапонияда ұлттық стиль мен заманауи тұтынушыны байланыстыру арқылы нарықтық бренд қалыптасқан, ал жас дизайнерлер дәстүрлі формаларды жаңаша стильде шығарады.
Еуропада, мысалы, Чехия мен Германияда керамика мен фарфор өндірісі туристер үшін негізгі мәдени өнімге айналған. Чех фарфоры «Bohemian» брендімен әйгілі, ал Германияда «Meissen» фарфоры әлемге танымал. Бұл елдерде құмыра өндірісі тарихи дәстүрге сүйеніп, қазіргі нарықтық талапқа бейімделген. Көбіне олар музейлермен тығыз байланыста жұмыс істейді: тарихи үлгілерді зерттеп, заманауи дизайнда қайта шығарады. Сонымен қатар өнімдер тек сәндік бұйым ғана емес, әрбіреуінде сол дәуірдің мәдени мәні, ұлттық нақышы сақталған.
Түркия мен Иран сияқты Шығыс елдерінде құмыра жасау тарихи қолөнердің айқын белгісі болып саналады. Түркі және персиялық керамика жүздеген жыл бойы өрнектер мен бояу стильдері арқылы ерекшеленген. Бұл елдерде керамика ұлттық мәдениетті көрсету ғана емес, туристік брендке айналдыру арқылы экономикалық пайда әкелетін негізгі құралға айналған.
Қазақстанда, керісінше, құмыра өнері көбіне музей деңгейінде сақталып келеді. Шиелі ауданының тарихи-өлкетану музейінде сақталған құмыралар тарихи құндылыққа ие болса да, олар нарыққа шықпай, кең танымалдыққа ие бола алмай отыр. Егер Қытай, Жапония, Чехия немесе Түркия сияқты елдер тәжірибесін қолдансақ, біз де ұлттық құмыраларымызды брендке айналдыра аламыз. Мысалы, Шиелі құмырасының ерекше пішіндері мен өрнектерін пайдаланып, күріш өрнегімен заманауи дизайн қосса, оны кәдесый, интерьер, гастрономиялық өнімдерге бейімдеп, туристік нарыққа шығару мүмкін.

Бекболат Әбуов осы мәселені былай түсіндіреді: «Бізде ұлттық құмыралар музей қорында тұр, бірақ олардың экономикалық және мәдени әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Шетелдердегі тәжірибені зерттеп, өзіміздің дәстүрлі пішіндерімізді брендке айналдыру керек». Сондай-ақ Арман мәдениет үйіндегі «Сырлы бояу – шебер» үйірме жетекшісі, «Сыр сазы» қыш өнерінің шебері Зухра Болсынбекқызы: «Жастардың бұл өнерге қызығушылығы зор. Тек өнімдерді нарыққа шығару жолын ұйымдастыру керек. Егер әлемдік тәжірибе сияқты біз де ұлттық құмырамызды брендке айналдырсақ, туристер үшін тартымды, мәдени символы бар өнімдер шығара аламыз», – деді ол бір сөзінде.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, ұлттық құмыраны тек музейде сақтау жеткіліксіз. Оны брендке айналдыру үшін тарихи зерттеуді заманауи дизайнмен үйлестіріп, нарыққа бейімдеп, мемлекеттік және жеке қолдауды қосу қажет. Шиелі құмырасы осы қағидаларды қолданса, тек мәдени мұра ғана емес, халықаралық нарықта танымал ұлттық брендке айнала алады. Өңірлік ерекшелік – мысалы, күріш өрнегі – өнімді бірегей етіп, туристер мен коллекционерлердің назарын аударады. Қорыта айтқанда, музейдегі мұра мен нарықтағы бренд арасындағы байланыс тек теория емес, нақты іс-қимылды талап ететін, ұлттық мәдениет пен экономикалық даму үшін шешуші мүмкіндік.
Айнұр ИБРАШЕВА








