Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқы жылы жақсылыққа жалғассын

Жылқы жылы жақсылыққа жалғассын

Зымыраған уақыт сынаптай сырғып, көзді ашып-жұмғанша бір жыл да өте шығыпты. Жыл сайын біз жаңа жылды үкілі үмітпен, игі тілекпен қарсы алып, толайым табыстармен шығарып саламыз. Шын мәнінде, жылан жылы еліміз үшін бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын жеңістердің жылы болды.
Халқымызда «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген ұлағатты сөз бар. Шыны керек, өткен жылға өкпеміз жоқ. Экономикада, әлеуметтік салада болсын дамудың даңғыл жолына түскен көшіміз көлікті болып, ілгерілей түстік. Шиелі ауданында жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар экономикалық дамуға серпін беруде.
Шиелі – бүгінде іргелі жобалар мен жаңарған инфрақұрылымның мекені. Өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамалармен тынысы ашылған өңірде құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Әсіресе соңғы жылдары ауданның инженерлік, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту ісі ерекше қарқын алды. Бұл бір күндік немесе бір маусымдық жұмыс емес, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлардың нәтижесі.
Биыл аудан үшін табысты, берекелі жыл болды десек қателеспейміз. Әр саланың өзіндік жеткен жетістігі мен нәтижесі бар. Құрылыс қарқын алып, жаңа әлеуметтік нысандар ел игілігіне уақытында табыс етілді. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы бойынша оң өзгерістер орын алып, халық сұранысы іс жүзінде жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, Шиелі кентінен мемлекеттің қайтарылған активтер аясында жалпы құны 2 млрд 323 млн теңгені құрайтын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі бой көтеріп, қолданысқа берілді. Сондай-ақ ауданаралық ауруханасы жанынан МРТ құрылғысына арналған қосымша ғимарат салынды.
Үкіметтің резервтік қорынан бөлінген 733,2 млн теңгеге құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Ендігі кезекте құны 650 млн теңгені құрайтын жаңа МРТ аппараты орнатылады деп күтілуде. Осылайша, аудан тұрғындары алыс қалаларға бармай-ақ өз ауданында жоғары технологиялық диагностикадан өтуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу жұмысына 255 млн теңге қаржы бөлініп, құрылысы заман талабына сай жүргізіліп, халық игілігіне қайта берілді.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласы да кең өріс алған. Биылғы 10 айлық көрсеткіш бойынша 51 млрд 647 млн теңгенің өнімі өндірілген. Бұл нәтиже өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 104,1 пайызды құрайды. Биыл аудан бойынша 30 192 гектар жерге егін егіліп, негізгі дақыл күріштің үлесі 12 301 гектарды құраған. Сондай-ақ биыл әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда бидай 405 гектарға, жүгері 227 гектарға, майлы дақылдар 212 гектарға және көкөніс, бақша дақылдары 509,4 гектарға ұлғайған.

ЖЫЛҚЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Ата-бабамыз жылқы жылын шаруашылыққа қолайлы, тұрмысқа жайлы, молшылыққа толы жыл деп есептеген. Қазақ үшін Қамбар ата тұқымынан асқан қасиетті мал жоқ. Сондықтан жылқы жылын айрықша қастерлейді. Бұл жылы не болса да оған қанағатпен, сабырмен қараған. Ықылым заманнан өмір салты, ішкен асы, мәдениеті жылқымен байланысты. Тіпті өзін жылқы мінезді халық деп санайды. Себебі жылқы адал, әрі кек сақтамайтын жануар.
Қазақ халқының халықтық наным-сенімі бойынша жылқы жылы көбіне жұтсыз, мал өсіп-өнетін, береке әкелетін жайлы жыл болып саналады. Бұл ұғым ежелгі түркі-моңғол мүшел есебінен шыққан, онда жылқы жылы қозғалыс, жаңару және молшылықпен байланыстырылады. Аңыздарда «жылан жылы – жылыс, жылқы жылы – ұрыс, қоян жылы – тоғыс» делінгенімен, шаруашылық тұрғысынан жылқы жылы малға қолайлы, жұт аз болады деп есептелген.
Қазақ өзін жылқы мінезді халық деп санайды, себебі жылқы бауырмал, иесіне де, үйіріне де адал. Сосын жылқы кекшіл мал емес. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген сөз жайдан-жай айтылмаса керек. Жалпы аламан десе делебесі қозатын қазақ үшін жылқы қасиетті жануар. Төрт түлікте жаманы жоқ, бірақ жылқы туралы жыр бөлек. Өйткені қазақ ықылым заманғы өз мәдениетін тікелей жылқымен байланыстырған. «Ереуіл атқа ер салмай» деп жырланған эпос-дастандарда да талай шапқыншылықта ерлік көрсеткен батырлардың серігі тұлпары болғаны айтылып жүр, айтыла да бермек.
Ержеткен баласын ат жалын тартып мінді дейтін қазақ, құнды сыйлыққа да ат мінгізген. Ат үстіндегі қонағын қолтығынан демеп түсірсе, айтар тілегінде де аламаннан атың озсын деп тілеген. Тәуелсіз мемлекеттің Елтаңбасында да басты әрі маңызды деталь пырақ бейнеленген. Сондықтан, биыл да жылқы жылынан мол жақсылық күтеміз.
Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы. Әрбіріміздің болашаққа бағдар құратын және үлкен міндеттерді орындауға иек артатын кезең. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жылқы жылы толағай табысы мен ырзық-несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін. Бірлігіміз бекем, ісіміз мығым болсын!

Мейіржан ИБРАГИМОВ
31 желтоқсан 2025 ж. 25 0

Қоғам

ҚАЛАМЫНЫҢ ҰШЫНДА ЕЛ ҮНІ БАР
31 желтоқсан 2025 ж. 31

ЗАУЫТТАҒЫ 20 ЖЫЛ

31 желтоқсан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (9366)

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031