АҚШ-та бизнестің 39%-ы әйелдерге тиесілі
Қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлікке бұрынғыдан да белсенді араласып келеді. Кәсіпкер әйелдердің бизнес-идеяларын жүзеге асыруына мемлекеттік бағдарламалар да қолдау көрсетіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.АҚШ-та бизнестің 39%-ы әйелдерге тиесілі. 24.kz жазуынша, елде шамамен 14 миллион кәсіпорын әйелдерге қарайды. Мұндай деректер Wells Fargo компаниясының 2024 жылғы «Әйелдердің бизнеске ықпалы» атты есебінде келтірілген.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл көрсеткіш алты жыл бұрынғы деңгейден 13%-ға жоғары. Өсім ерлер мен әйелдердің еңбек нарығына қатысу деңгейі арасындағы алшақтықтың біртіндеп азаюымен байланысты. АҚШ Еңбек статистикасы бюросының мәліметіне сәйкес, бүгінде әйелдер елдің экономикалық белсенді халқының жартысына жуығын құрайды.
Өз ісін ашқан кәсіпкер әйелдер қосымша қаржылық ресурстарға, соның ішінде мемлекеттік кепілдікпен берілетін несиелерге қол жеткізе алады. Мұндай несиелердің шамамен 36%-ы әйелдерге тиесілі компанияларға беріледі. Forbes дерегінше, несиенің ең жоғары сомасы 5,5 миллион АҚШ долларына дейін жетіп, мерзімі 5 жылдан 25 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Сонымен қатар елде Women’s Business Centers және National Association of Women Business Owners секілді ұйымдар жұмыс істейді. Мемлекеттің қатысуымен құрылған бұл құрылымдар кеңес беріп, оқыту жүргізіп, әйелдерге кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдарын жасауға көмектеседі.






