Оқиғаларды ойдан құрастыру мүмкін емес
Шиелі ауданында 40-тан аса желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлестеріміз бар. Олардың сегізі прокуратура шешімен қуғын-сүргінге ұшыраған деп табылып, толық ақталды.Басқалары қазір құқық органдарына арыз-өтініш түсіріп, сол кезде жала жабылып, қысым көргенін дәлелдеу үстінде. Әрине 40 жыл өткен соң, бұны анықтау әсте оңай емес екендігі бесенеден белгілі. Дегенмен бұл кісілер өзінің ары алдында таза деп ойлаймыз. Өйткені олар айтып берген оқиғаларды ойдан құрастыру мүмкін емес..
Өкінішке қарай, бұл оқиғаның қатысушылары мен куәгерлерінің біразы өмірден өтіп кетті. 16 желтоқсан күні Шиелі кентінде желтоқсан құрбандарына және одан кейінгі уақытта дүниеден озған аға-апалардың әруағына арнап ас берді.
Бұл шараны ұйымдастырушылардың бірі – Патыма Асан. Жақында заң орындарының шешімен толық ақталып шықты. Ол кісі бізге берген сұхбатында: «Шиелілік Әлмахан Каменов, Оразкүл Алтынбекова мен Иманбек Құлымбетов сынды желтоқсан оқиғасына қатысқандардың әруағына және батырлық танытып құрбан болған жандардың барлығына арнап, жылда ас беріп, Құран оқытып жүрміз. Бұл шараға аудан кәсіпкерлері арасында «Төрлет» дәмханасының иесі Тоқтар Жүзімов қолдау көрсетіп, атсалысып жүр. Бұл жолы да ол желтоқсаншыларға гүл шоқтарын ұсынып көңілін көтеріп қойды» деді.
Желтоқсан көтерілісі – кеңестік Қазақстан тарихында ерекше орын алатын бетбұрысты кезең. Бұл – ұлттық рухтың жаңғыру, қайта түлеу үдерісінің басы, ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілгені. Бұл халықтың дүниетанымына, өміріне әсер етіп, ұлттық сананы өсірді, азаттыққа ұмтылысты жандандырды. Тәуелсіздіктің көк туын көтерді.
М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
сурет автордікі








