Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толды. Осыған орай аудан әкімі ­Нариман Мақұлбеков шиелілік желтоқсаншыларды қабылдады. Аудан әкімі тәуелсіз қазақ елінің отыз жыл ішіндегі бағындырған биік белестері мен қазақ жастарының толқуына қатысқан жандардың ерлігі бүгінгі мен кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтып өтті.
– Біз қазір ешкімнің алдында есеп бермейтін, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетпіз. Желтоқсан оқиғасы үш күнмен шектелмейді. Бұл оқиғаға бүкіл халықтың рухани өміріне әсер етті. Ұлттық сананы қалыптастырып, ұлттық рухты өсірді. Қаншама жастарымыз қапияда көз жұмды. Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды өрімдей қыз-жігіттеріміз Отансүйгіштіктің, шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетті. Аты-жөні белгісіз қаншама бауырларымыз Желтоқсан оқиғасына қатысты деп айыпталып, темір торға қамалды. Оқудан қуылып, жұмыстан шығарылып, «халық жауы» атанған жастарымыздың болашағына балта шабылды. Дегенмен, Тәуелсіздігіміздің арқасында ­саяси репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылып, Желтоқсан оқиғасына қатысып, жазықсыз жапа шеккен азаматтарды ақтау жөнінде шешім қабылдануда. Бұл да тарих сахнасында орын алған оқиғаның зерттеліп, терең талданып, шынайы бағасы беріледі деген сөз, – деді аудан әкімі Н.Әскербекұлы.
Шара барысында аудан басшысы желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен және «Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы» естелік медалімен марапаттады.
Тарих сахнасында Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасы жайында сөз қозғамау мүмкін емес. Бұл оқиға еркіндік пен теңдікті талап еткен қазақ жастарының азаттық үшін арпалысының жарқын көрінісі еді. Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтыны – оның халық тағдырымен байланыстылығында. Бұл күн – ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қасіретті күн. 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы Азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз.

Г.ЯХИЯ
21 желтоқсан 2021 ж. 390 0